Өткен аптада Иманжүсіп Құтпанұлының 160 жылдығына орай Павлодар облысының өнер азаматтары арасында «Өнер барысы» жобасы аясында қазақша күрестен жарыс өтті. Турнирге облыс өңіріндегі 20-40 жас аралығындағы әнші, күйші, жыршы, мәдениет қызметкерлері және асаба болып жүрген 30-дан астам өнерпаз жігіт қатысты.
Рухани өміріміздің мәйегіне айналған мәуелі өнердің майталмандары бақтары мен баптарын сынаған сайыстың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дәуір Ерғабұлов арнайы қатысып, ақжарма лебіздерін білдірді. Мемлекеттік әнұранымыз шырқалып, ортаға өнер мен спортты бірдей меңгерген жалынды талант иелері, сал-серілеріміз шақырылып, көпшілікке таныстырылды. Сайдың тасындай іріктелген жігіттер ұлттық спорт түрінен де мақұрым емес екендіктерін дәлелдеп бақты.
Ұлттық спортты, оның ішінде қазақ күресін дамыту мақсатында облыс өнерпаздары арасында ұйымдастырылған «Өнер барысы» ашық турнирінде бозкілемге шыққан әуесқой балуандар 2 салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты. Ұйымдастыруышылардың айтуынша, өнер азаматтары арасында мұндай іс-шараны дәстүрге айналдыру ойда бар. Осы жолғы сайысқа қатысып, бозкілемге шыққан ең жас балуанның жасы 18-де.
— Жарыс негізінен жоғарғы деңгейде өтті. Ел арасындағы өнерпаз жігіттердің халық алдында сөз сөйлеп жүргенімен қоса, қазақ күресіне деген бүйрегіміздің бұрып тұратынын, қазақ күресіне ерекше көзқараспен қарайтынымызды айта отырып ұйымдастырдық. Қазақ спортын жас ұрпаққа насихаттау бағытындағы аталмыш шараға барлық өнер азаматтары белсенді қатысты. Олардың арасында айтыскер ақын, белгілі әзілкештер, әншілер мен өзге де танымал тұлғалар бар. Биылғы ережеге сәйкес, қатысушылар 2 салмақ, яғни орта, ауыр салмақ бойынша бақ сынап, федерацияның кәсіби төрешілері төрелік етті, — дейді ұйымдастырушылардың бірі Қуандық Башой.
Ұлттық шапан киіп, иықтарына қасқыр терісін жапқан біздің елдің батыл да батыр жігіттері ұлылар елінің намыс туын қашанда биікке көтеруге дайын екендерін дәлелдеді. Жарыс қорытындысы бойынша, 82 келіде бірінші орынды Екібастұз қаласының өнерпазы Қайрат Олжас иеленсе, екінші орын павлодарлық Әділет Мұхаметқайыровқа бұйырды. Жүлделі үшінші орын Атамекен кентінің өнерпазы Алдияр Бергенов табысталды. Ал түйе балуан салмақ дәрежесі бойынша Майқайың кентінің өнерпазы Әзімхан Абылайев үздік атанды. Екінші орынды шарбақтылық Алтынбек Жұмадіров еншілесе, үшінші орынды екібастұздық Нұрғазы Кеулімжанов жеңіп алды. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар атынан ақшалай жүлде мен арнайы белбеулер, естелік сыйлықтармен марапатталды.
А.МҰҚЫШЕВ.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.