Ғ.Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасының анестезиология-реанимация бөлімшесінің базасында Ресейден келген мамандар анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінің дәрігерлеріне арналған «Анестезиология мен реаниматологиядағы ультрадыбыстық навигация» тақырыбында халықаралық  шеберлік сабағы өтті.

С.П.Боткин атындағы ҚБДМ ҚКА ультрадыбыстық диагностика дәрігері, анестезиолог-реаниматолог Всеволод Лыхин жаңа әдістемені аурухананың жиырма дәрігеріне бүге-шігесіне дейін айтып берді. Бес күндік семинарда ақ желеңділер дертті анықтаудағы заманауи әдіс-тәсілдерді үйренді.

– Осында сапармен келуіміздің бірден-бір себебі – анестезиолог-реаниматологтардың ультрадыбыспен жұмыс жасау мүмкіндіктерін кеңейту. Дәрігер қабылдау бөліміне түскен науқастың өміріне қауіп төндіре алатын жағдайды ультрадыбыстық диагностика арқылы анықтай алады, – деді Всеволод Лыхин.

Ультрадыбыстық навигация мобильді түрде науқастың үйіне шығып, өткізуге мүмкіндік береді. Дәрігерлер монитор арқылы иненің қай жерге еніп тұрғанын көре алады. Бұл дұрыс диагнозды табудағы уақытты едәуір қысқартады. Яғни, анотомиялық белгілерді қолданған кезде қандайда бір қауіптер мен асқынуларды азайтуға мүмкіндік беретін қауіпсіз әдіске жатады.

– Бөлімшеде түрлі жастағы дәрігерлер жұмыс істейді. Кейбірі ультрадыбыстық аппаратпен жұмыс істеп көрмеген. Оларға жабдықтың бүкіл механизмін айтып, түсіндірдік. Одан кейін жаңа тәсілдерді манекен арқылы көрсетіп, манипуляцияларды жүргіздік, – деді анестезиолог-реаниматолог.

Семинардың алғашқы күндерінде павлодарлық дәрігерлер ультрадыбыстық бақылаумен науқастарға катетрлерді енгізді.

– Тәжірибелік шеберлік сабақтар арқылы дәрігерлер күнделікті қалыпты жұмысқа басқаша көзқараспен қарай алады. Бес күндік курс нәтижесінде дәрігерлер қажетті дағдыларды үйренді. Осылайша, біз көмек көрсету сапасын арттырып, диагностикаға кететін уақытты қысқартамыз, – деді Всеволод Лыхин. Оның айтуынша, ультрадыбыстық навигация арқылы түрлі күрделі патологияны анықтауға болады.

– Әріптестеріміздің осы жаңа бағыттағы дағдылары бар. Семинар олардың мүмкіндіктерінің аспектілерін кеңейту арқылы дәрігерлер одан әрі дамиды деген ойдамын, – деді Всеволод Лыхин. Ресейлік дәрігер осындай семинарды келесі жылы жалғастыруды жоспарлап отыр.

Торғын ОРАЗАЛЫ.