Ақтоғай ауданына қарасты Мүткенов ауылындағы емдеу мекемесінің негізі осыдан жарты ғасыр бұрын қаланған еді. Сол уақыттан бері мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген емес. Тек биыл оңтайлы істің сәті түсіп, тұрғындарға ем-дом көрсетілетін ғимарат толығымен жаңартылды.
Ауылдық округ тұрғындары жергілікті билікпен өтетін тұрақты кездесулер барысында дәрігерлік амбулатория ғимараты ескіріп тұрғаны туралы мәселе көтеретін. 1973 жылы салынған мекеме әбден тозып, мұндағы қызметкерлерге де, дертіне дауа іздеп келген науқас жандарға да қолайсыздық пен қиындық тудыра бастады. Соңғы 50 жыл аралығында күрделі жөндеу көрмегендіктен іші салқын тартып, есік-терезелері, жылыту құралдары да ескірді. Енді осы іспетті ыңғайсыздықтар болмайды. Себебі дәрігерлік амбулатория алғаш рет кең ауқымды күрделі жөндеуден өтті. Ауылдық округке қарасты елді мекендердегі 1100-ден астам тұрғынға қызмет көрсететін емдеу мекемесі толығымен жаңартылды. Атап айтқанда, қасбет, шатыры, электр желілері, сумен жабдықтау жүйесі ауыстырылып, амбулаторияның ішкі бөлмелері жөнделді. Жаңа медициналық жабдықтар мен жиһаз сатып алынды. Тұрғындардың сөзінше, медициналық ғимарат айтарлықтай өзгеріп шыға келді. Енді дәрігерлер оларға заманауи талаптарға сай жабдықталған, жарық әрі жайлы бөлмелерде ем жасайтын болады. Жаңартылған мекеменің ашылу салтанатына қатысқан Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов дәрігерлік амбулаторияның соңғы үлгіге сай құралдармен қамтылуы сырқаттардың алдын алуға оң әсерін беруі керек дегенді алға тартты.
— Мекемені жөндеп, құралдармен жабдықтау бағытында атқарылған жұмыс — округтің денсаулық сақтау саласын дамытудағы тағы бір қадамы. Біздің тұрғындар дәрігерлік амбулаторияға тек аурулардың алдын алу мақсатында келсе екен деп тілейміз. Сырқатқа шалдыққандар саны аз, халықтың денсаулығы мықты болсын, — деді аудан басшысы. Бұл ретте дәрігерлік амбулаторияға түрлі сый-сыяпат жасалғанын да атап өткен жөн. Мәселен, облыстық мәслихат депутаты, «Стальмонтаж» ЖШС директоры Александр Тереньтев әлеуметтік әріптестік аясында амбулаторияға медициналық құрал-жабдықтарды сыйға тартты. Ал ауыл әкімдігі емдеу мекемесіне кілемдер жеткізді. Ауыл азаматтары да құр алақан келген жоқ. Жергілікті денсаулық сақтау саласының ардагерлері мен тұрғындар да түрлі тарту жасады.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.