«Ертіс орманы» резерватының өкілдері аймақ ормандарын қалпына келтіру үшін 76 тоннадан астам бүршік жинауды жоспарлап отыр. Осы бағыттағы жұмыстар қызу жалғасуда.
Шарбақты ауданына қарасты Шалдай және Бесқарағай ауылдарында орманшылар мен өзге де жұмысшылар қарағай бүршіктерін жинауда. Сол арқылы одан сапалы тұқым алу жоспарлануда, дейді мамандар. Жақында бұл бүршіктер кептіріліп, тазартылып, өңдеуден өтеді. Орманшылар тұқым жинау науқаны көп уақытты қажет ететінін және бірнеше кезеңді қамтитынын айтады. Себебі, мамандар алдымен бүршік жиналатын егістік алқаптарын зерттеп, зиянкестер мен аурулардың бар-жоғын анықтау үшін тексеру жүргізеді екен. Содан кейін ғана сол орындардан бүршіктер жиналып, сапасын тексеру үшін зертханалық талдауға жіберіледі. Биыл алынған бүршіктер 2 жылдан кейін ғана толық отырғызуға жарамды болмақ. Тұқымнан өсірілген бұл көшеттер өрттен зардап шеккен орман учаскелеріне және кесілген ағаштардың орындарына отырғызылады.
Н.АҚЫТЕГІ.