Ертіс-Баян өңірі өнерлі де өнегелі азаматтарымен ерекшеленеді. Солардың бірі — белгілі композитор, ұлағатты ұстаз, ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері, ҚР мәдениет қайраткері, профессор Назымбек Сәбитұлы Дүкенбай. Есімі еліне танымал талантты жерлесіміз биыл мерейлі 75 жасқа толып отыр.

 

Мерейтой иесі өмірінің көбін өнер-білімге арнады. Ұзақ жылдар бойы жас ұрпаққа музыкадан сабақ беріп қана қоймай, оны жеткіншектердің жетесіне жеткізу үшін бірқатар әдістемелік оқу-құралдарын жазды, ән жинақ-тарын жарыққа шығарды. Бүгінде ол жазған 500-ден астам әсем ән түрлі мерекелік іс-шараларда, мейрамдарда, радио-телеарналарда жиі шырқалып жүр. Тіпті, Назымбек Сәбитұлының әндерімен балабақша балғындары да сусындауда. Сол арқылы қазақстандық бүлдіршіндердің Отанына, туған жеріне, ана тіліне деген патриоттық сезімдерін оятып, сүйіспеншілігін арттыруды мақсат еткен сазгердің еліне сіңірген еңбегі өлшеусіз десек, артық айтқандық болмас. Осындай талантты жерлесімі-
здің өмірі мен өнер жолына тоқталар болсақ, ол 1948 жылы қазіргі Аққулы (Лебяжі) ауданының Черное ауылында дүниеге келген. Орта мектепті ойдағыдай тәмамдап, 1969 жылы Павлодар музыкалық колледжінің үрлемелі аспаптар бөлімшесін бітірді. Алғашқы еңбек жолын 1965–1970 жылдары облыс орталығындағы қазақ мектеп-интернатында үрлемелі аспаптар оркестрінің жетекшісі болып бастады. Сол жылдары қазақ балаларынан осы аспаптарда ойнайтын оркестр құрып, мерекелік шерулерге де белсенді қатысып жүрді. Кейін, яғни 1974 жылы Целиноград педагогикалық институтын «Жалпы орта білім беру мектебінің музыка мұғалімі» мамандығы бойынша аяқтады. Бұдан соң Павлодар қаласының педагогикалық училищесінде 29 жыл бойы оқытушы, бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Сондай-ақ, осы оқу орнында 20 жыл бойы ұлттық аспаптар оркестрін басқарды. Айрықша атап өтерлігі, сазгер 1984-1994 жылдар аралығында, яғни 10 жылдай уақыт бойы қазақ мектептерінде музыка сабағына арналған оқу құралдары мен оқулықтар дайындауда көп іс тындырды. Жалпы, үздіксіз ізденуден, еңбектенуден еш жалықпаған жан облыстың, қаланың мәдениет саласын дамытуға да белсене атсалысты. Соның бір дәлелі ретінде Қазақстан халқының кіші ассамблеясы жанындағы Мұсылман әйелдер лигасының «Ару ана» атты хорын ұйымдастырып, 4 жылдай жетекшілік еткенін ерекше атап өтуге болады. Сонымен қатар, оның көптеген жинағы жарыққа шығып, ел арасында жоғары бағасын алған. Солардың біразын атап айтар болсақ, 1996 жылы
2 бөлімнен тұратын «Арқаның сырлы саздары» атты жинағы баспадан шықты. Оған 118 ән мен 8 күй кірді. Бұдан бөлек, 48 әннен тұратын «Балаларға арналған әндер» атты қосымша CD дискісі, балабақша тәрбие-ленушілеріне арналған «Балаларға базарлық» атты павлодарлық ақын Сүлеймен Баязитовтің сөздеріне жазылған шағын өлең-әндер жинағы мен CD дискісі шықты. Ал 2014 жылы балабақша балғындары мен бастауыш сынып оқушыларына арналған «Ортеке» сериясы, «Музыка» атты жинақ кітапша мен CD дискісі жарық көріп, аймағымыздағы барлық мектепке дейінгі мекеме мен білім ордаларына берілді. Бүгінде аталмыш оқу–әдістемелік құралдарын облыс балалары сабақ барысында пайдалануда. Сондай-ақ, қазақ, орыс, ағылшын тілінде «Қазақ халқының әншілік дәстүрі» оқу анықтамалық құралы (қосалқы авторы Г.Дүкембай) және «Музыкальный казахский» атты оқулық, CD диск (қосалқы авторлары Г.Дүкембай, А.Е.Кудерина) баспадан шықты. Ең үлкен жинағы «Жүректен шыққан әуендер» деген атпен 350 ән, 4 бөлімнен тұратын еңбегі жарық көрді. Өнегелі өнерімен, тас жарған талантымен жастарды, жеткіншектерді ұлтжандылыққа, ұлт мәдениетін құрметтеуге баулыған Назымбек Сәбитұлы өзі жазған 500-ден астам әннің жартысына жуығы балаларға арналғанын айтады.

— Мен өз шығармашылығымда балаларға арналған әндер жазуға басымдық бердім. Тіпті, оларға арнап кітап шығарсақ та әр әнді нотасымен бірге жариялаймыз. Себебі, бұл оқулық балабақшалар мен мектептерге арналған дайын құрал болуы тиіс. Сол арқылы ұл-қыздарымызды ұлттық өнермен сусындатып, әсіресе, ана тіліміздегі әндерді көбірек үйренуіне көңіл бөлгенді жөн көрдім. Музыка бар жерде әдебиет те, мәдениет те, тарих та, сүйіспеншілік те бар. Сол үшін балаларымыздың жүрегінен орын алып, саналарында мәңгілік сіңіп қалатын патриоттық әндерді көбірек жарыққа шығару жолында біраз еңбек еткенім бар. Өз шәкірттеріме де осыны түсіндірдім. Студенттерге сабақ беру барысында әр әннің мән-маңызын, мазмұнын, музыканың құдіретін ұғындырып, оны ертеңгі жас буынға жеткізе білуді үйреттім. Оқытушылық қызметпен қатар, «Бастауыш сыныптардың музыка сабағына арналған» баламалы авторлық бағдарлама жасап, 2-3-сыныптарға арналған оқу құралдарын, қосымша пайдалануға арналған балалар әндер жинақтарын жаздым. Бүгінде менің шәкірттерім бұл ақылым мен еңбегімді өз сабақтарына пайдаланып жүр деп сенемін, — дейді сазгер. Сондай-ақ, ол жергілікті бірқатар ақындардың да өлеңдеріне ән жазған. Айталық, ақын-журналист Қажымұрат Смағұлдың өлеңдеріне жазылған «Жырлайды жүрек», Астананың 10 жылдығына орай Павлодар облысының шашуы ретінде Ғалымбек Жұматовтың сөзіне жазылған «Астанам — әсем асқақ ән» атты әндер жинағын баспадан шығарып, Серік Елікбайдың «Қазақ хандығы тарихынан» атты сөзіне оратория жазған. Мұндай іс екінің бірінің қолынан келмейтінін айта кеткен жөн. Кейін өңірдегі жоғары оқу орындарында қызметін жалғастырған Назымбек Сәбитұлы аға оқытушы, кафедра меңгерушісі болып елеулі еңбек етті. Сол кезде қазақша оқулықтардың жоқтығына байланысты «Музыкалық білім» мамандығына арнап бірқатар оқу құралдарын құрастырды. Атап айтқанда, «Музыкалық білім беру теориясы» (қосалқы авторы Ә.Әміренов), «Музыкалық психология, музыкалық білім беру психологиясы» (қосалқы авторы Г.Дүкембай), «Педагог-музыканттың әдіснамалық мәдениеті» (қосалқы авторы Г.Дүкембай) сынды оқулықтарды жарыққа шығарды. Ол облыстағы оқу орындарында ұстаздық етумен қатар, 10 жылдай Қыздар педагогикалық университетінің республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің мүшесі болды. Қазіргі таңда талантты сазгердің 20-дан астам оқулығы мен көптеген ғылыми мақаласы, әдістемелік құралдары, ән жинақтары бар. Оның елі үшін атқарған осынау еңбегі еленіп, облыстық, республикалық деңгейдегі марапаттар берілді. Солардың бірқатарын атап айтар болсақ, 2001 жылы «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», 2011 жылы Ы.Алтынсарин атындағы, университетке сіңірген еңбегі үшін С.Торайғыров атындағы медальдармен марапатталды. Сондай-ақ, 2014 жылы «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін алып, «ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері» атағы берілді. Бұдан басқа, ҚР Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы», «Үздік музыка мұғалімі» атты байқаулардың жеңімпазы атанды. Жарты ғасыр бойы жас ұрпаққа сапалы музыкалық білім беру жолында аянбай тер төккен Назымбек Сәбитұлының ерен еңбегі, шығармашылығы, ұстаздық шеберлігі мен ұлтына деген шексіз сүйіспеншілігі жайлы жақсы естеліктер өте көп, дейді әріптестері мен шәкірттері. Осындай өмірі өнегеге толы ардақты ағамызды мерейтойымен құттықтай отырып, әлі де халқыңызға берер сыйыңыз таусылмасын, күш-жігеріңіз сарқыл-масын дейміз!

Асан ӘБДІКӘРІМОВ,  ҚР Мәдениет қайраткері, сазгер:

— Назымбек Сәбитұлының қазақ өнеріне қосқан үлесі өлшеусіз. Оны белгілі сазгер, талантты азамат ретінде халық жақсы таниды. Өз басым өнер иесімен көптен бері таныспын. Шығармашылығына, еңбегіне жоғары баға беремін. Себебі, ол — ән, әдістемелік оқу-құралдарын жазумен қатар, облысымызда бірінші болып оратория жазған адам. Бұл өте күрделі жанр болып саналады. Осындай ерекше қабілеті бар дарын иесінің еңбегіне елі риза екеніне еш күмәнім жоқ.  Жалпы, Назымбек Сәбитұлы жүздеген тамаша ән жазумен қатар,  домбыра үйірмесін де басқарды, педагогика саласының дамуына да үлес қосты. Сегіз қырлы, бір сырлы азаматқа зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін.

Алмагүл БҰЗАУБАЕВА,  ҚР Мәдениет саласының үздігі, ақын:

— Композитор ағамызды қатты құрметтеймін. Ол — 500-ден астам тамаша әннің авторы, ұлағатты ұстаз. Назымбек Сәбитұлы — қаламының ұшынан әсем әнді өрнектеп шығара беретін ерекше дарын иесі. Ағамыз осыдан 25 жылдай уақыт бұрын бақилық болған менің інім Русланбектің өлеңіне ән жазып, «Кереку вальсі» деп ат қойды. Өте сәтті шыққан туынды еді. Бүгінде бұл ән біздің өңіріміздің гимніне айналды.  Негізі, бұл кісі туралы көп әңгіме айтуға болады. Ең бастысы, ағамыз — тұла бойы талантқа тұнып тұрса да өте қарапайым жан. Сол қасиетімен халқымыздың қалаулы азаматы бола білді. Оның өнерлі балаларды жанындай жақсы көріп, қолдау көрсетуге әрдайым әзір тұратын қасиеті бар. Бұл – оның өнерге деген кіршіксіз махаббаты деп білемін. Осындай көңілі таза, өнерлі ағамызға абыройыңыз арта берсін деймін.

 

Нұржайна ШОДЫР.