«Қар түспеді, қысқы дөңгелектің қажеті жоқ» деп әлі де жазғымен жүйткіп жүрсеңіз, қатты қателескеніңіз. Табиғаттың мінезі тосыннан келетінін ұмытпаңыз. Бір күнде қар да, жаңбыр да жауып, көктайғаққа айналуы, ал мұның соңы қайғылы жағдайларға душар етуі әбден мүмкін екенін естен шығармаңыз. Сондықтан, әрбір жүргізуші көлігін қысқа дайындап, төрт дөңгелегін ауыстыруы тиіс. 1 желтоқсаннан бастап, қысқы дөңгелек салмағандарға қандай шара қолданылады? Бұл жөнінде облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыровтан сұрап-білген едік.
— Жасқайрат Иманбекұлы, елімізде 1 желтоқсаннан 1 наурыз аралығында көліктер жазғы дөңгелекпен жүрмеуі тиіс. Тексерісті бастап та кеткен боларсыздар?
— Ең алдымен мұндай талап тұрғындардың өздерінің қауіпсіздігі үшін қолға алынғанын ұмыт-пағанымыз жөн. Көліктің жүруіне тыйым салынатын ақаулар мен жағдайлар тізілімінің 5.5-тармағының талаптарына және Кедендік одақтың «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне сәйкес қыс кезіндегі талаптарды қанағаттандыратын қысқы дөңгелектерді орнатпағандарға жүруге рұқсат етілмейді. Ал бұл талапты орындамағандарға, яғни, құқық бұзғандарға 1 желтоқсаннан бастап әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылады.
— Жазғы дөңгелектерді ауыстырмағандарға салынатын айыппұл құны қандай?
— Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 590-бабының 5-бөліміне сәйкес 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Яғни, техникалық регламенттердің талаптарына сай келмейтін көлікті басқарғаны үшін жүргізуші жауап-
қа тартылады.
— Осы ретте, қысқы дөңгелекке ауыспау жол-көлік оқиғасының орын алуына қаншалықты себепші болады?
— Қуантарлығы, былтыр да, биыл да жазғы дөңгелектерді ауыстырмаудан жол-көлік оқиғасы тіркелген жоқ. Алайда, сақтық қашанда қажет. Уақытылы ауыстырып алу өзіңізге де, өзгелерге де қауіп төндірмеудің қадамы екенін ескерткім келеді.
— Жүргізушілерге қойылатын тағы бір талапқа тоқталып кетсек. Алдағы жылы елімізде газбен жүретін көліктерге арнайы белгі орнатылуы тиіс. Тұрғындарға мұндай белгі қандай мақсатта талап етіліп отырғанын түсіндіріп өтсеңіз…
— 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті төра-ғасының бұйрығына сәйкес тиісті ұлттық стандартқа толықтырулар енгізілді. Енді газ баллон жабдығы бар автокөлік иелері арнайы белгі орнатады. Комитет төрағасының айтуынша, көлікті газбен жүруге жабдықтағанда қауіпсіздік талаптары әрдайым толық сақтала бермейді. Өкінішке қарай, кейде мұндай көліктер азаматтар үшін аса қауіпті. Сондықтан, газға қайта жабдықталған көліктерге 2019 жылдың соңынан бері жабық тұрақтарға кіруге тыйым салынған. Міне, осындай автомобильдерді талапқа сәйкестендіру және тыйымдарды әкімшілендіру үшін сары түсті тең қабырғалы үшбұрыш түріндегі, қара түсті леп белгісі және «GAS» деген жазуы бар арнайы белгі орнатылмақ. Яғни, бұл белгі жабық паркингке кірер кезде газбен жүретін автомобильді бірден тану үшін талап етілуде.
— Облысымызда қазіргі таңда қанша көлікте газ баллоны орнатылған? Жалпы, газ тұтынатын қанша көлік тіркелген?
— Қазіргі таңда облыс аумағында 11 мың 898 автокөлікте газ баллоны орнатылған. Мұндай көлік иелері қауіпсіздік үшін талапты орындауға немқұрайлық танытпайды деген ойдамын.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.