Биыл Баянауыл ауданына қарасты Мәшһүр Жүсіп, Құндыкөл ауылдарында айшықты істер атқарылған.
Бұл жөнінде аудан әкімі аталған елді мекен тұрғындарымен болған кездесуінде мәлім етті.
— Осы жыл баянауылдықтар үшін жемісті болды деп айтуға толық негіз бар. Ел үшін бірқатар игі жобалар жүзеге асты. Мәселен, Мәшһүр Жүсіп ауылында абаттандыру жұмыстары жоспарлы түрде орындалды. Ауылда балалар алаңы салынып, пайдалануға берілді, — деді Ардақ Кісентаев. Кездесу барысында аталған ауыл халқы судың сапасы төмендеп бара жатқанын айтып, алаңдаушылық білдірді. Өңір басшысы «Баянауыл су арнасы» коммуналдық мекемесінің мамандары арнайы тексеріс жүргізетінін алға тартты. Егер ақау сүзгіден болса, қазынадан қажетті қаражат бөлініп, мәселе оң шешімін табатынын да мәлімдеді. Айта кетерлігі, биыл Егіндібұлақ елді мекеніне 154 шам орнатылып, жарықтандыру жұмыстары толығымен аяқталған. Сонымен қатар, ауыл клубының құрылыс жұмыстарына да облыстық бюджеттен қаржы қарастырылған. Ендігі кезекте келесі жылғы абаттандыру, құрылыс жұмыстарына арналған кешенді жоспар жасалуда.
Н.АҚЫТЕГІ.