Күнтізбеде — 2024 жыл. Қазақтың жыл санауы бойынша Ұлу жылы кірді. Ежелден бабаларымыз әр жылдың өзіне ғана тән мінезі мен ерекшелігі барын біледі. Ұлу жылынан ұлтымыз әрдайым жақсылықты күткен. Қоян жылы көбінде қуаңшылық орын алғанын аңғарған халқымыз кезінде құрлық жануарынан кейін сулы мекенде өмір сүретін ұлуға келесі кезекті берген делінген кейбір аңыздарда. Сондықтан, Ұлу жылынан үміт көп. Ендеше, ұлудың ерекшеліктерін тізбелеп көрсек.
Неліктен ұлу жылы атанды?
Ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы он бесінші ғасырда жазған «Шипагерлік баян» кітабында жыл атауларына өз сипаттамасын берген екен. «Сумақы — тышқан. Маңғаз — сиыр. Айбар — барыс. Секем — қоян. Сумаң — жылан. Тұлпар — жылқы. Иіртек — ұлу. Шопан — қой. Мешін — мешін. Айтақ — ит. Шақырауық — тауық. Қорысқы – доңыз» деп жазыпты. Зерттеушілердің айтуынша, ежелгі көшпенділер хайуандық күнтізбені қытайлардан қабылдап алған көрінеді. Алайда бұл күнтізбе толығымен көшірілмеген, оның өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, Қытайда Маймыл жылы, көшпенділерде Мешін жылы деп аталады. Ал Айдаһар жылының Ұлуға айналуы туралы екі болжам бар екен. Қай уақытта да ауа райына тәуелді көшпенділер көбіне жазы қуаңшылықпен, қысы жұтпен есте қалған Қоян жылынан кейінгі жылға жауын-шашын мол болсын деген ырыммен сулы жерде өмір сүретін ұлудың атын берсе керек. Екінші болжам бойынша айдаһар қытай тілінде «лұн» деп аталады екен. Ұлу сөзі осы «лұн» сөзінен шығуы ықтимал.
Үлгілі жыл
Ұлу суда жүретін болғандықтан, бұл жылы құрғақшылық болмайды. Жыл тыныштықпен, береке-молшылықпен өткен. Түркі жұрты, оның ішінде қазағымыз да ұлу жылы астық, шөп мол болады деп жорамалдаған. Соған қарағанда бұл халық үшін жайлы, жұмсақ жылдар қатарынан орын алса керек. Кей жылдары ұлу да жайсыз келіп отырған. Мәселен, 1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліс, Қазақстандағы байлардың мүлкін тәркілеп, өздерін Сібірге жер аударған 1928 жылғы голощекиндік кәмпеске де Ұлу жылында болған. Дегенмен, ұлу жылы өте жайлы, жұмсақ жыл болып есептеледі. Стихиялық белгісі – ағаш. Бейбіт өмірді сүйетін, жайлы, тыныштықты жаны қалайтын, ақылды да зерек адамдар осы жылы туады деседі. Тек олар тез ренжігіш, қырсықтау келетін көрінеді. Кемеңгер дана да дара халқымыз әрбір жылға тек жақсылық пен құт-береке әкеледі деп сеніммен қарап, үкілі үмітпен болжам жасап отырғаны белгілі. Мысалы, Тышқан жылы – тыныштық, Сиыр жылы – сыйлық, Барыс жылы – байлық (бірлік), Қоян жылы – қамбалы (құт-береке), Жылан жылы – жайлы, Жылқы жылы – жұтсыз, Қой жылы – құтты, Мешін жылы – мерейлі, Тауық жылы – татулық (табысты), Ит жылы – игілік, Доңыз жылы – дүниелі, деп әр жылға жақсы ниетпен сипаттама беруінің өзінде үлкен әрі ғылыми тәрбиелік дүниетанымдық ұғым жатқандығын бірден-ақ аңғаруға болады. Осы орайда, қазақ халқы Ұлу жылын ежелден-ақ «Ұлы жыл» немесе «Үлгілі жыл» деп ерекше қастерлеп, құтты жылдың бірі деп санаған.
Ұлу жылғылар
Ұлу жылы туғандар өзге-лерден өмірлік күш-қуатымен, денсаулығының мықтылығымен ерекшеленеді екен. Бірақ бірбеткей, кез келген нәрсені бірден көңіліне алып қалады, қызба мінезді. Қоғамдағы ықпалы күшті болғандықтан да оны көбі сыйлайды. Әдетте Ұлу жылғылар карьералық табалдырықтың биігіне ұмтылғыш және көздегеніне жетпей қоймайды. Екіжүзділік оларға тән емес. Бетің бар, жүзің бар демей, ойындағыны айта салатын көрінеді. Ұлу жылы туылғандар еңбекқор, қиыншылыққа төзімді келеді, істеген ісінің көзін таба біліп, діттеген мұратына жетеді. Ұлу жылы өмірге келген ұл балалар өршіл, алға ұмтылғыш, әрі талантты болса, қыз балалар сүйкімді, алғыр ойлы болады деп жорамал жасаған.
Кімдерге табыс әкеледі?
The Chinese Zodiac астрологиялық басылымының хабарлауынша, Тышқан, Тауық және Мешін жылы туылғандар үшін жыл табысты болады деп күтілуде. Сонымен бірге Ұлу жылы туғандардың да айы оңынан туатын көрінеді. Олар өздерінің бойында серіктестік, адал болу, тез тіл табысу және жомарт болу сынды қасиеттерді шыңдайтын болады.
Кібісе жылымен сәйкес келеді
Биыл ақпан айы 29-ымен аяқталады. Яғни, кібісе жылы. Бір қызығы, ұлу жылы ылғи дәл осы кібісе жылымен жиі сәйкес келетін көрінеді. Кібісе жылы төрт жыл сайын бір айналып келеді. Басқа жылдарда 365 күн болса, кібісе жылында 366 күн бар. Осылайша, артық бір күн қыс пен көктемнің түйіскен тұсында қосылады. Бірқатар деректерге сүйенсек, кібісе жылы ежелгі Мысырда пайда болған деседі. Мысырдың есепші-ғалымдары (жұлдызшылары) әр жылдарды зерттей отырып, әр жылдың 365 күннен тұратынын санаған екен. Қазіргі қолданыстағы күнтізбе де — сондай санақтың нәтижесі. Сол санақ бойынша ғалымдар күн мен түннің теңелу уақытының арасын жыл деп атаған. Жылды төрт мезгілге жіктеп, әр үш жылдың 365 күнге аяқталатынын, осы үш жылдан соң бір күннің артық шығатынын есептеп, төртінші жылды 366 күнге толатынын шығарған. «Кібісе жыл» (високос) осыдан шығып отыр. Ежелгі жұлдыз-шылардың бұндай есептеулері ғылыми тұжырымдармен де сәйкескен, яғни төрт жылда бір рет тәулік санының артық болатынын ғалымдар да мойын-даған. Халық арасында кібісе жылына қатысты алуан пікір, түрлі наным-сенім мен ырымдар бар. Тіпті кейбіреулер осы жылдың қиын-қыстауға толы болатынын сәуегейлейді. Алайда өткен кезеңдер кібісе жылының Қазақ еліне жайсыз емес екенін, керісінше ерекше орын алып жататынын байқауға болады.
Ұлулар туралы қызықты деректер
Ұлу – Жер бетіндегі ең ежелгі жаратылыстардың бірі. Олар 500 миллион жыл бұрын пайда болған деседі. Бұл жануарларға көп тамақ қажет емес және олар кез келген ортаға бейімделе алады. Ең баяу тіршілік иелерінің қатарына жатқызылады. Бір минуттың ішінде 7 сантиметр қашықтықты жүріп өтеді. Ұлулар соқыр және саңырау. Олар тек жарық пен қараңғылықты ғана ажыратады. Ал бір-бірімен жанасу арқылы байланысады. Ұлулар орташа есеппен 15 жыл өмір сүреді. Қолайсыз жағдай кезінде 6 айлық ұйқыға кете алады екен. Ұрпақ қалдыру үшін серіктес қажет емес. Олар жұмыртқалау арқылы көбейеді. 3-4 аптаның ішінде бір ұлу 85 ұрпақ әкелуі мүмкін. Туған кезде ұлудың қабығының түсі мөлдір болады. Қабықтың мықтылығы, ағзадағы кальцийдің мөлшеріне байланысты. Өз салмағынан 10 есе ауыр затты тасымалдай алатын да қауқары бар. Ұлудың етіндегі ақуыз мөлшері тауықтың жұмыртқасынан да көп көрінеді. Африка және Еуропа елдерінде оны пайдалы азық ретінде көреді. Тістерінің саны кез келген акуланікінен көп болады. Ең үлкен түрі – австралиялық ұлу, салмағы – 40 кг, ал ұзындығы 30 см-ге дейін жетеді. Эволюция теориясының негізін қалаушы Чарльз Дарвин ұлулар кез келген жағдайға бейімделе алатын тіршілік иесі екендігін мәлімдеген. Олар құрт-құмырсқалармен қоректенеді. Тұз бен қант бұл жануарлар үшін улы саналады. Қауіп төнген жағдайда ұлу өз қабығына толығымен тығыла алады.
Түйін:
Ұлудың денесі жұмсақ болғандықтан бұл жыл жерге де, елге де құт-берекені, ырыс-несібені мол әкеледі деп есептеген халқымыз. Ұлу жылын ұлы немесе үлгілі деп айдарлауының өзінде де көп мағына жатқаны сөзсіз. Сондықтан, биылғы Ұлу жылы ұлтымызға жайлы, молшылық жылы болсын деп тілейік.
Әзірлеген – Г.МАҒЖАН.