Әр жаңа жылдан жақсылық күтеміз. Жаңа белестер бағындыруды жоспарлаймыз. Бір жыл бойы өмірімізге өзгеріс әкелер әрекеттер жасауға ұмтыламыз. Осы орайда, табалдырығымыздан аттаған 2024 жыл жұлдызнама бойынша қай белгінің иелеріне табысты болмақ? Кімдерге өзгеріс әкеледі? Қаржылық жағдайына қалай әсер етеді? Астрологтардың болжамына құлақ түрсек…
ТОҚТЫ (21 наурыз-20 сәуір)
Тоқты белгісінде туғандар жаңа жылда көптеген жағымды жаңалықтарға кенеледі. Жаңа идеяларымен жаңа табысқа жетеді. Барлығын жаңадан бастап, алғашқы орыннан әрдайым көрінуге құмар Тоқтылар биыл да көшбасшылық орыннан көрінеді. Осы орайда, өзін дамытуға назар аудару қажет. Ол үшін күш-қуаты, уақыты болады. Нәтижесі көп ұзамай байқалады. Сенімі арта түседі. Барлық бастамаларына сәттілік серік болады. Әсіресе, жылдың басы белсенді, қауырт жұмыстарға толы. Жүрегіңіз қалағанда салада өзіңізді жан-жақты көрсетудің сәті туып тұр. Көктемге қарай сәл бәсең- дейсіз. Бірақ бұл — уақытша тыныштық. Тоқтыларға дау-дамайдан аулақ жүрген абзал. Қарым-қатынаста да даулы сәттерді ушықтырмай, тігісін жатқыза білсе, қолдаушылары да көбейеді. Кез келген жағдайда мәселемен жалғыз өзі бетпе-бет қалмайды. Сыңарын таппаған Тоқтылардың жаз және күздің басында өмірлік серіктерін жолықтыру ықтималдығы басым.
ТОРПАҚ (21 сәуір-21 мамыр)
Торпақтарға көңілге қонымды әрі тосын сыйлар көп болады. Жұмыс бұрынғыша өміріңізде ең басты орынды алады. Биыл біліміңізді тереңдетуге, жаңа кәсіп меңгеруге объективті себептер болады. Жылдың алғашқы алты айы өзгеріс жасауға қолайлы. Жайсыз заттардан, адамдардан, жағдайлардан бойыңызды аулақ ұстаудан қорықпаңыз. Мансаптық тұрғыдан жоғарылау болғанымен, толығымен жұмысқа беріліп кетуге болмайтынын ескеріңіз. Сіздің көңіл бөлуіңізді күтетін отбасы мүшелері мен достарыңыз барын ұмытпаңыз. Кейбір жағдайлар сізді қатты таң қалдыруы мүмкін, бірақ үрейге берілмеңіз. Кез келген оқиғаға салқынқандылық танытып, кемші-ліктерге төзіммен қараңыз. Басы бос әрі отау құруға ниетті Торпақтар махаббатын жолықтырады. Торпақтардың бір кемшілігі — олар өмірден рахаттануды білмейді. Әрине, жақсырақ жағдайға ұмтылуға ешкім шектеу қоймайды, бірақ, қолда барды бағалай білуге тырысыңыз. Айналаңыздағылардың ақылына құлақ асыңыз.
ЕГІЗДЕР (22 мамыр-21 маусым)
Егіздер үшін сәттілікке толы жыл болады. Барлық бастамалары жемісін береді. Кішігірім кедергілерге көңіл аударып, уақыт жоғалтпаған жөн. Жеке өміріңізде жолыңыз болмаса, оған да қамығудың қажеті жоқ. Өмір өзге сыйын тарту етуі мүмкін. Түрлі жағдайлар орын алу ықтимал. Одан өмірлік тәжірибе аласыз. Өзіңізге сыни көзқараспен қарауды азайтасыз. Өзіңіздің кемшіліктеріңізді қабылдай білуді, оларды түзетуді үйренесіз. Жалпы, мансаптық, қызметтік мәселелер Ұлу жылы айтарлықтай тез шешіледі. Бұрын белсенді әріптестеріңіздің көлеңкесінде жүруді қалайтын болсаңыз, енді өзіңізді қолға алып, алға ұмтылатын сәт келді. Сүйікті ісіңізге деген қызығушылығыңызды арттыруға шындап кірісіңіз. Ол сізге табысын молынан әкеледі. Позитивті көңіл күйіңізді сақтаңыз, бұл — ең дұрыс ұстаным.
ШАЯН (22 маусым-23 шілде)
Тұрақтылық жылы болады. Жағдайыңызды жақсартуға қадам жасай бастайсыз. Әсіресе, қаржылық тұрғыдан табысты кезең. Кірісіңіз тұрақты болады. Ал өмірлік жағдайларыңыз көңіліңізден шықпаса, әрекетіңізді одан әрі белсен-дендіре түсу қажет. Жалғыздық сізге тән емес. Таңғажайып сәтті күтпеңіз. Негізі, Шаяндар ғажап дүние күтумен күнін өткізіп алады. Мұндай сәттер тек ертегіде екенін ұмытпаңыз. Ұлу жылы нық қимылдап, сенімді алға басса ғана нәтижесін көреді. Табысты жыл болғанымен, ақшаны оңды-солды шашудың соңы жақсылыққа апармайды. Ірі сауда-саттық жасардан бұрын мұқият ойланыңыз. Астрологтар Ұлу жылы кейбір Шаяндарға болашағын айқындайтын жыл болатынын айтады. Бейтаныс адамдарға аса сақтықпен қараңыз. Құпияларыңызды оларға айтпауға тырысыңыз. Алаяқтардан сақ болыңыз. Олар сізді келеңсіздікке тап қылуы мүмкін. Саяхатқа шығыңыз, басқа елде өзіңіздің күшіңіз бен мүмкіндіктеріңізді сезінесіз.
АРЫСТАН (24 шілде-23 тамыз)
Арыстандарға 2024 жыл — жайлы. Сондықтан үлкен өзгерістер күтіңіз. Қалыпты қиындықтардың алыстағанына секеммен қарамаңыз. Бәрі өз арнасымен ағады. Сонда ғана қалауыңызға қол жеткізесіз әрі оған соншалықты күш-қуат жұмсамайсыз. Көктемде кейбір ойларыңызды түбегейлі өзгертуіңіз мүмкін. Шығармашылықтағы Арыстандар
қабілетін жетілдіру кезеңін бастан өткереді. Шығармашылықтан алыс жандар да кенеттен сурет салуға, кесте тігуге аңсары ауып, жаңа іспен айналысуға кіріседі. Өзгенің пікіріне көбірек сүйенетіндер үшін жыл оңай болмайды. Жұлдыздар сізге қоғам пікіріне емес, кез келген сұраққа жауапты өзіңізден іздеуді ұсынады. Ғылым-білімнің тереңіне бойлауды доғармаңыз. Мансаптық жоғарылауда тек өзіңіздің күшіңізге сеніңіз. Жаңа жылда Арыстандардың кез келген бастамада жолы болады.
БИКЕШ (24 тамыз-23 қыркүйек)
Мансабыңызда оң өзгеріс күтіп тұр. Көп уақытыңызды жұмыс орнында өткізесіз. Түнгі ұйқы мен ауқаттануға ғана уақыт қалып отырады. Бірақ, өмір ағысының мұндай қатты қарқынына қарамастан кездесулер, көңілді кештер және достармен басқосулардан тартынбаңыз. Себебі, бар энергияны осындай жүздесулерден аласыз. Жыл басында міндеттеріңіз еселенгенін аңғарасыз. Алайда, жұмысбастылыққа толық беріліп, жақындарыңызды елеусіз қалдырмаңыз. Әсіресе, балаңыз болса, сіздің мейріміңіз бен олармен бірге өткізген уақыттың маңызды екенін ескеріңіз. Кейде сәл бір сәтсіздікке бола өзіңіздің қабілеттеріңізге күмәнмен қарайтын жансыз. Есіңізде болсын, сізден артық қабілетті әрі еңбекқор адам жоқ. Сондықтан өзіңіздің минустарыңызды ғана емес, плюстарыңызды аңғара біліңіз. Қызмет түрін ауыстырыңыз. Негізі, Бикештер табиғатынан бір тақырыпқа терең бойлап, содан нәтиже шығармайынша, одан қол үзбейді. Ал мұндай қасиет адам шаршататынын да ұмытпаған жөн. Өмірлік серігін іздеп жүргендерге махаббатын жолықтыруға барлық мүмкіндіктер бар. Бәрін жүрегіңізге жақын алудан аулақ болыңыз.
ТАРАЗЫ (24 қыркүйек-23 қазан)
Таразылар Ұлу жылы жақындары мен қызметтегі басшылығына көп уәде беруден аулақ болғаны абзал. Сіздің сөздеріңіз басқаша бағаланып, соңы көңіліңізге кірбің ұялатуы ықтимал. Жағдайға жылдам әрекет етуді үйреніңіз. Бұл жыл сіздің төзімділігіңізді, табандылығыңызды сынайды. Егер шапшаң қимылдап, жинақы болсаңыз, әр әрекетіңіз тиімді болса, жыл қаржылық және кәсіби тұрғыдан өте жемісті болады. Өзгелердің қателіктерінен сабақ алуды үйренесіз. Қаржыңызды босқа шығындауға жол бермейсіз. Жеке өміріңізде өзгерістер орын алады. Әсіресе, көктемнің басында байқалады. Таразыларда тәртіп пен табыс қатар жүреді. Таразылар – тосын шешімдер қабылдаудың шебері. Биыл сіздерге ескі мәселелеріңізді шешуге қолайлы жыл. Жақын адамдармен тұрақты қарым-қатынас сізге қажетті тәжірибе алуға көмектеседі. Маңызды мәселелерді кейінге қалдырмауға тырысыңыз. Жылдың соңына қарай сіз шаршағаныңызды сезесіз. Дегенмен жыл соңы демалуға ең қолайлы уақыт болады.
САРЫШАЯН (24 қазан-22 қараша)
Сарышаяндар үшін жаңа жыл – жаңа талант ашып, өзін-өзі дамытуға қолайлы уақыт. 2024 жылы бұл белгінің иелері өзін жаңа қырынан көрсете алады. Өз шығармашылығыңызбен айналысыңыз. Бұл салада сіз міндетті түрде жетістікке жетесіз. Бәс тігуге немесе құмар ойын ойнауға тәуекел етпеңіз. Бір сәтте үлкен дүниеңізді жоғалтып алуыңыз мүмкін. Жақын адамдарыңыздың игілігі үшін бәрін жасаңыз. Жақсы жаңалықтар өміріңізде жиі болады. Жыл бойы табысыңыз тек өсумен болады. Бұрын қаржылық қиындықтар болса, енді, олардың бәрі артта қалады. Бірақ, мол қаражаттан ертеңгі күнге қор жинауды ұмытпау керек. Өзгенің еркіне көне бермейді бұл белгінің иелері. Бұл қасиет те өмір сүруге көмектеседі, бірақ, оны көпке көрсете беру де жақсылыққа апармайды. Оқудан жалықпаңыз. Білім алуға қолайлы жыл болмақ. Сарышаяндардың қызбалығы кейде шектен шығып кетеді. Қасындағыларға таяқ боп тиіп жатады. Жеке өмірінде жақсы жаңалықтар күтіп тұр.
МЕРГЕН (23 қараша-21 желтоқсан)
Алдағы жылы жұлдыздар Мергендердің мансабына емес, жеке бақытына көңіл бөлуге кеңес береді. Егер сіз қаржы жағынан қиналып жүрсеңіз де, сіз оларға назар аудармауыңыз керек. Махаббат пен отбасылық өмірдегі тағдыр сыйын бағалауға тырысыңыз. Жалпы, биылғы жыл әртүрлі оқиғаларға толы болады. Тіпті, тынығуға уақыт тапшы болуы ықтимал. Егер бұрын әріптестеріңізден кеңес сұрап, көп сұраққа жауап алатын болсаңыз, енді өзіңізге көмекке жүгінетіндер көбейеді. Өзгелер ұсақ-түйекпен әлек болып жүргенде Мергендер мақсатына жетуге жанталасады. Бұл табандылығына қарай сыйын да алады. Уақытша ғашықтық болуы мүмкін. Ол достық қатынаспен шектеліп қалады. Қызметін ауыстыруға талпынғандарға ол ойы оңайлыққа соқпайды. Дегенмен, жыл бойы орын алған оқиғалар жылдың соңында үлкен өзгерістің бастауы болғанын ұғынасыз.
ТАУЕШКІ (22 желтоқсан-20 қаңтар)
Өміріңізде жаныңызға жайсыз өзгерістер болғанымен, оның орнын кәсіби тұрғыдан өсуіңіз басады. Тауешкі өзін дамытуды қолға алса, жаңа белеске көтеріледі. Басыңызға іс түссе, оны сізге берілген жаза ретінде емес, өзіңізді жаңа мақсаттарға жетелейтін тәсіл деп қабылдаңыз. Дау-дамайға түспеуге тырысыңыз. Әрине, бұл әрнәрсемен бас шұлғып келісу дегенді білдірмейді. Бірақ, адамдардың әр сөзінің түпкі ойын түсінуге тырысыңыз. Таңертең жаттығу жасауды әдетке айналдырсаңыз, сырт келбетіңіздің, еңбекке қабілетіңіздің айтарлықтай өзгергенін көп ұзамай байқайсыз. Ұлу жылы әрбір сәтті ұтымды пайдалануға көңіл бөліңіз. Тауешкі қаржы және мансап тұрғысынан табысқа ие болады. Әмияныңызда қомақты қаржы болады, оны өз қалауыңызша жарата аласыз. Егер сіз ақшаңызды бизнеске немесе кіріс әкелетін активтерге салуды шешсеңіз, 2024 жылы көптеген жағымды жаңалық болуы мүмкін. Болашақ туралы ұмытпаңыз. Инвестиция немесе жинақ үшін қаражат бөліңіз.
СУҚҰЙҒЫШ (21 қаңтар-19 ақпан)
Суқұйғыштарға бойындағы қабілетін дамытуға таптырмайтын кезек. Жұмыста да, отбасында да белгілі бір өмір сүру салтын қалыптастыруға назар аудару қажет. Суқұйғыштар — әр жағдайға қарай бейімделе алатын белгі иелері. Жарты жыл бойы осы қасиетін қолдануға тура келеді. Ары қарай жемісін көруге жол ашық. Еңбек етуге ынтаңыз болса, соған сай табысыңыз да мол болады. Қызбалығыңызды басып, ақыл-парасатыңызға құлақ асыңыз. Әр ісіңізді алдын ала жоспарлаңыз. Жалпы, Суқұйғыштың өмірінде жағымды жаңалық молынан болады. Олар 2024 жылы нағыз бақытқа кенеледі. Өйткені суқұйғыштар көп шығын шығармай-ақ, бәрін ретке келтіре алады. Жеке өміріңіздегі мәселелер шешімін табады. Туыстарыңыз және достарыңыз қаржы жағынан мәселелеріңізді шешуге көмектеседі.
БАЛЫҚТАР (20 ақпан-20 наурыз)
Балықтар бұл жылы тәртіпке бағынып, парасаттылық танытып, жылды жақсы өткере алады. Әрбір шешімді әбден талдап қабылдаған дұрыс. Жылдың соңында атқарылған жұмыстар туралы есеп беруіңіз мүмкін. Сондықтан бұл шараға алдын ала дайындалыңыз. Қуанышыңызды бөлісе алатын достарыңыздан айырылмаңыз. Денсаулығыңызға, рухани әлеміңізге көңіл бөліңіз. Жыл соңына қарай кездесетін қиындықтарға барынша байыппен қарауды үйренесіз. Ойланбай шешім қабылдаудан аулақ болыңыз. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» қағидасын ұстаныңыз. Аумалы-төкпелі мінезіңізбен қателік жіберіп алуыңыз мүмкін. Сақ болыңыз. Ішкі түйсігіңізге құлақ түріңіз. Кейбір адамдарға олжа оңай келіп жатыр деп ойламаңыз. Себебі, ондай сыйдың артында басқа «сый» тұруы ықтимал. Өмірде ешбір дүние оңайлықпен келмейтінін біліңіз. Жылдың екінші жартыжылдығы өте қолайлы, сәтті уақыт болмақ. Жаныңызға жақын іспен айналысудың сәті туады, одан рахаттанасыз әрі қаржылық тұрғыдан да пайда көресіз.
Әзірлеген – Г.МАҒЖАН.