Соңғы жылдары елімізде «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, осы бағыттағы түрлі әрекетті әшкере етіп, мемлекеттік қазынаның қомақты қаражасын қайтаруға септігін тигізді. Ендігі ретте ел азаматтарының құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Заң үстемдігі» деп аталатын жаңа жобаны қолға алды.
Бүгіннен бастап «Әділдік жолы» РҚБ еліміздің барлық өңірінде заң бұзушылықтардың алдын алып, қазақстандықтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Заң үстемдігі» жобасын іске қосты. Жобаның негізгі мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністеріне төзбеушілік ортасын қалыптастыру және осы процесске ел азаматтарын жаппай тарту.
Бұл жоба Мемлекет басшысы атап өткен «Адал азамат» тұжырымдамасын жүзеге асыру мен қоғамдағы Заң және құқықтық тәртіп үстемдігін қалыптастырудағы нақты қадамдардың бірі болмақ.
— Біз құқық бұзушылық жасау, пара беру немесе әлсізге қолын көтеру туралы ойдың өзін айыптайтын қоғамға айналуымыз керек. Бұл — қиын жұмыс, бірақ бұл жолды еңсеруіміз қажет. «Әділдік жолы» командасы 2 жыл бойы белсенді жұмыс істеп, қоғамда құқықтық сауаттылық бойынша олқылықтар бар екеніне көз жеткізді. Осы уақыт аралығында adildik.kz сайты мен 1463 байланыс орталығына түскен 8 мыңға жуық азаматтың өтінішін қарастыра келе, халықтың Заң мен ереже туралы білімін арттыру арқылы көп мәселені қылмысқа апармай шешуге болатынына сенімдіміз, — деп атап өтті «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов.
Атап айтқанда, «Әділдік жолы» бірлестігінің жұмысы арқылы 1206 тұлға түрлі заң бұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеп, 800 млн теңгеден астам қаражат бюджетке қайтарылып, 76 қылмыстық іс қозғалған.
«Заң үстемдігі» жобасына ҚР кез келген азаматы қатыса алады. Әрбір тұрғынның сыбайлас жемқорлық фактілері (кез келген саладағы) мен басқа да мәселелерін 1463 Call-орталығы немесе Adildik.kz сайты арқылы хабарлап, өз сауалдары бойынша құқықтық кеңестер мен көмек ала алуына мүмкіндік бар.
— Еліміздің болашағына бейжай қарамайтын барлық азаматты сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске белсенді атсалысуға шақырамыз. Әділетті Қазақстанды бізге ешкім дайын күйде алақанымызға салып бермейді: оны өзіміз құрамыз! – деді Дидар Смағұлов.
Өз тілшіміз.