Жыл басталғалы кейбір дүкендер мен қызмет көрсету орындарында кәсіпкерлер төлемді тек қолма-қол ақшамен қабылдауға көшті. Бұған дейін көзге көрінетін жерлерде тайға таңба басқандай боп тұратын, аударым жасауға арналған телефон нөмірлері сап тыйылды. QR-код сканерлейтін пос-терминалдарды да сирек көретін болдық. Бұған не себеп? Сатушылардың мұндай әрекеті қаншалықты қисынды? Цифрландыру дәуірінде әмиянын сандықтың түбіне тастап, мобильді төлемдерге әлдеқашан көшіп үлгерген тұтынушыларға қайтпек керек?

Қайсысы тиімді?

Биылдан бастап жеке кәсіпкерлердің шотына түсетін мобильді аударымдар жіті қадағалана бастайды. Дәлірек айтқанда, екінші деңгейлі банктер салық органдарына жеке шотына қатарынан үш айдың әрқайсысында 100-ден артық адамнан аударым қабылдаған бизнес өкілдерінің шоттарына қатысты ақпаратты ұсынады. Сол тұста кей пысықайлардың көлеңкелі бизнес арқылы табыс тауып отырғаны әшкере болса, жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалауы мүмкін. Мұндай жазадан құтылып әрі салық төлемес үшін табысын барынша жасыруға бейілді кейбір кәсіпкерлер тек қолма-қол ақшамен есеп айырысуды талап ететін болды. Бірақ барлығын телефон арқылы төлеп әбден үйреніп қалған тұтынушылардың басым бөлігінің қалтасында қағаз ақша бола бермейді. Сондықтан банкомат іздеп, шарқ ұруға тура келеді.

— Қазіргі уақытта төлемдердің барлығын банктердің мобильді қосымшасы арқылы жасаймын. Коммуналдық төлемдерді өтеуге де ыңғайлы. Бірақ жаңа жылдан кейін күнделікті сүт, нан алып жүрген шағын дүкендердің көбі бұрынғыдай аударым арқылы төлем қабылдаудан бас тартып, pos-терминалдарды да ұсынбай, тек қолма-қол ақшамен есеп айырысуды сұрайтын болды. Амал жоқ, банкомат жағалауға тура келеді. Сөйтіп, біраз әуре-сарсаңға салып жатқан жайы бар, — дейді Павлодар қаласының тұрғыны Нұргүл Исабекова.

Ал саудагерлердің өздері мұндай әрекетке шарасыздықтан барып отырғанын алға тартады. Әйтпегенде, pos-терминалдардың жұмысы үшін қомақты сома төлеуге тура келетін көрінеді. Оның салдары азық-түлік бағасының қымбаттауына әкеледі.

— Бұған дейін азық-түлік ақысын телефон нөмірі арқылы жеке шотымызға аударғанымыз рас. Оны жоққа шығармаймыз. Бірақ бұл – салықтан жалтарудың жолы емес. Егер төлемнің барлығын бірдей терминалдар арқылы қабылдайтын болсақ, қаржы ұйымдарына қосымша ақы төлеуімізге тура келеді. Дәлірек айтқанда, олар тұтынушылар сауда жасаған сайын оның сомасының белгілі бір пайызын ұстап қалып отырады. Сондықтан көп жағдайда төлемді аударым арқылы қабылдауға басымдық беретін едік. Себебі ол кезде қандай да бір комиссиялық төлемдер алынбайды. Бұдан былай жеке кәсіпкерлердің шотына түсетін сомалардың барлығы електен өтетіндіктен, аударымнан бас тартып, қолма-қол ақшамен есеп айырысуға ден қоюға тура келеді. Әйтпесе, банк комиссиясын, салықты есепке ала отырып, тауарлардың бағасын 20-30 пайызға өсіруден басқа амал қалмайды, — дейді өзін Әсем деп таныстырған сатушы.

Осы орайда тұтынушылардың қолма-қол ақшаға бірден қайтып келуі неғайбыл екенін мына бір статистикалық сандар айғақтайды. Былтыр біздің елде қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 86 пайызға дейін жеткен екен. Тіпті, бүгінде балалардың өзі банк карталары арқылы төлем жасауға көшкен. Ресми мәліметке сүйенсек, ата-аналардың 41,4 пайызы балаларына карта рәсімдеген.

Уәж қисынды ма?

Сатушылардың уәжі қаншалықты негізді екенін білмек болып, сауда орындарында pos-терминалдары жиі кездесетін банктерге хабарластық. Шынымен, мұндай терминалдар тегін берілмейді. Тұтынушылар жасаған әр саудадан белгілі бір көлемде комиссия алынып отырады. Оған қоса, ай сайын төленуі тиіс абоненттік төлем бар.

Сонымен, көпшілік жиі қолданатын kaspi қосымшасын алайық. Бүгінде сауда, қызмет көрсету орындарында мобильді қосымша арқылы осы банктің QR-кодын сканерлеп, төлем жасау әдетке айналды. Ал сол үшін банк кәсіпкерлердің табысының бір бөлігін ұстап отырады. Нақтысын айтсақ, әр саудадан 0,95 пайыз банктың қалтасында қалады. Одан бөлек, терминалды орнатқан екінші айдан бастап әр ай сайын 1950 теңге көлемінде абоненттік төлем қарастырылған. Бұл ретте атап өтерлігі, егер клиент тауарды KaspiRed немесе KaspiKredit көмегімен алар болса, банктың да кәсіпкерден алашағы көбірек болады. Яғни, саудадан ұстап қалатын пайызы бірден арта түседі. Сол себепті тауарды банктің осындай бағдарламалары арқылы алған кезде саудагерлер көп жағдайда оның бағасын қосады.

Сауда орындарында Halyk Bank терминалдарын да жиі көзіміз шалып жатады. Бұл банктің кәсіпкерлерге қойылатын талабы қандай? Сонымен, егер сатып алушы алған тауарының сомасын аталған банктің мобильді қосымшасындағы QR-кодты сканерлеу арқылы төлесе, банк кәсіпкерден сол соманың 0,5 пайызын ұстап қалады. Егер қаржы ұйымының банк карталары арқылы есеп айырысса, банкке берешек 1,9 пайызға дейін жетеді.

Сол сияқты Jusan bank pos-терминалдары жиі кездеседі. Аталмыш банктің QR-кодын сканерлеп, төлем жасаған кезде сауда сомасының 0,8 пайызы банкке тиесілі болады. Кәсіпкер бір айда сол терминал арқылы 300 мың теңгеден астам сома қабылдаса, абоненттік төлем болмайды. Ал айлық табыс одан аз болса, 3 мың теңге көлемінде абоненттік төлем жасауға міндеттеледі.

Кейбір кәсіпкерлер банктердің осындай талаптарын алға тартып, бағаны өсіруге бейілді болып отыр. Оған қоса, табыстың 3 пайызын мемлекет қазынасына салық түрінде төлеуі тиіс. Соны есепке алғанның өзінде тауарлардың бағасын 30 пайызға дейін қымбаттату қисынға келмейтін сыңайлы. Бұл ретте үстемеақыны көбейтудің емес, ашық әрі әділ түрде кәсіп жүргізудің жолдарын ойластырған жөн.

Құқықты қорғай білу керек

Осылайша, жыл басынан бері кей кәсіпкерлер қолма-қол ақша төлеуді талап етіп, банк картасы, QR төлемі мен мобильді аударымдарды қабылдаудан бас тартып жатыр. Бірақ олардың тұтынушыларға мұндай талап қоюға құқысы жоқ. Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабыл-даудан бас тарту да — заңсыз. Өйткені «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларында әртүрлі төлем әдістері – банк картасы, QR төлемі немесе қолма-қол ақша қарастырылған. Кәсіпкерлер банк карталары арқылы төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Жағдай қайталанса, 147 680 теңге (40 АЕК) көлемінде айыппұл арқалауы мүмкін.

Негізі, бұл – енді ғана қойылған талап емес. Бұған дейін де мобильді аударымдар арқылы төлемді қабылдау дұрыс емес екені жиі айтылатын еді.

— Біз арнайы карта, есепшот ашу қажет екенін айтып жүрміз. Осыны орындағаннан кейін қанша аударым жасайтыныңызды өзіңіз білесіз. Кәсіпкерліктің белгілі бір түрі бойынша тіркеліп, салық төлесеңіз болды. Көлеңкелі
экономикада жүрген бизнесті осыған тартып жатырмыз. Ал кәсіпкерлік қызметтің сипаты бар мобильді аударымдарға салық салынуы тиіс. Туыстар мен әріптестер арасындағы ақша аударымының кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ. Сондықтан мұндай аударымдарға салық салынбайды, — деген еді Үкімет басшысының орынбасары —
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Егер кәсіпкер банк карталары, QR-кодты сканерлеу арқылы төлем қабылдаудан бас тартып, тек қолма-қол ақшаны талап етсе, сатып алушы мұндай жағдай туралы мемлекеттік кірістер департаментіне шағым түсіре алады. Сонымен қатар, eOtinish, Wipon Cashback мобильді қосымшалары арқылы арыз қалдыруға мүмкіндік бар.

Осы орайда қазіргі таңда таксимен қатынау да қиынға соғып кеткенін айтпасқа болмас. Себебі кейбір көлік жүргізушілері де телефон нөміріне аударым қабылдауды доғарды. Олар да жолаушыдан қолма-қол ақшаны талап ететін болды. Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті мұндай жағдайда да жүргізушінің бас тарқан сәтін видеоға түсіріп, шағым түсіру керектігін алға тартады. Кейін салық органдарының өкілдері такси қызметін ұсынушылардың мұндай әрекетін «май шаммен» қарайтын болады.

Түйін:

 

Түйіндей келе айтпағымыз, сатушы да, такси жүргізуші де тұтынушыдан тек қолма-қол ақшаны талап ете алмайды. Бұл — заңсыз әрекет. Олар да еліміздің әр азаматы сияқты тұрақты табысының бір бөлігін мемлекетпен «бөлісуі» керек. Бұған дейін мобильді аударымдар арқылы «көлеңкелі» кәсібін дамытып келсе, енді кірісінің барлығын ашық түрде көрсетуі тиіс. Ал тұрғын сауда сомасын, қызмет ақысын көңілі қалаған жолмен өтей алады. Кәсіпкерлер соған жағдай жасауға міндетті.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.