Мемлекет басшысының Қазақстан Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингентін Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) миссияларына қатысу үшін жіберу туралы ұсынысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында қаралып, бірауыздан мақұлданды. Сонымен, бұдан былай қазақстандық әскерилер әлемдік деңгейдегі бітімгерлік операцияларына қатысып, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлес қоспақ.

 

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бұл қадам егемен еліміздің әлем алдындағы беделін көтеруге ықпал ететінін айтады.

— БҰҰ-ның бітімгерлік қызметіне атсалысу — Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бөлігі. Бұл біздің соғыс пен қақтығыстардың алдын алуға қатысты бірлескен іс-әрекетке қосқан үлесіміз. Сондай-ақ, БҰҰ мен халықаралық әріптестер тарапынан зор сенімге ие болдық. Әскери қызметші-лердің БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына қатысуы Қарулы Күштердің әлеуеті мен тәжірибесін арттыруға, халықаралық ынтымақтастық пен сыртқы ресурстардың артықшылықтарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, — дейді Ерлан Қарин.

ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың мәлімдеуінше, Қазақ-станның тұңғыш дербес бітімгершілік контингентіне
430 адамнан аспайтын құрам жіберу туралы ұсыныс енгізілмек. БҰҰ-ның шақыруы бойынша өзінің әскери техникасымен, қару-жарағымен және мүлкімен резерв ротасы ретінде 139 әскери қызметші санындағы алғашқы дербес ұлттық бітім-гершілік контингентін орналастыру 2024 жылдың наурыз айына жоспарланып отыр. Осы уақытқа дейін тараптардың міндеттемелерін, сондай-ақ контингенттің миссияға қатысуын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін айқындайтын БҰҰ-мен халықаралық шарт жасалады, дейді мамандар.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, көктемде жібері-летін контингент құрамында 7 әйел болады. Олардың арасында дәрігерлер, аудармашылар, техникалық қызмет-керлер бар. Сондай-ақ, бұл құрамдағы бітімгерлер арасында мерзімді қызмет әскері жоқ екенін атап өткен жөн.

— Бұл құрамда тек кәсіби әскерилер ғана бар. Олар — келісімшарт бойынша қызмет етіп жүрген әскерилер мен офицерлер. Бұл әскери мамандар — шамамен 25, 27, 30 жастағы азаматтар, — дейді Руслан Жақсылықов. Оның айтуынша, аталған контингент сақтандыру шараларымен де қамсыздандырылған. Яғни, келісімшарт жасаған әрбір әскери қызметшіні мемлекет сақтандыратын болады.

Алайда ел тұрғындарының кейбірі қазақстандық әскери-лердің шетелдерге баруына алаңдаушылық білдіруде. Бұл ретте, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Андрей Лукин сол аумаққа Қарулы Күштердің дайындықтан өткен қызмет-шілері ғана бағытталатынын жеткізді.

— Біріншіден, Қазақстан БҰҰ-ның мүшесі болғандықтан, осындай іс-қимылдар мүше мемлекеттің жауапкершілігіне жатады. Екіншіден, осы қадам Қазақстанның бітімгер сая-сатын қолдайтынын байқатып отыр. Сондықтан халықаралық аренада осы саясатымызды ұстанатын ел ретінде бітімгерлік миссияларға қатысып жатырмыз. Біздің әскерилер патрульге шығады, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау миссиясын орындайды. Ерекше жағдайларда жауынгерлік күш пен құралдарды қолдануы мүмкін, яғни біз мұны жоққа шығара алмаймыз, — деді ол. Ал ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айгүл Құспанның айтуынша, көп кешікпей Голан жотасына (UNDOF, Сирия-Израиль) аттанатын қазақстандық бітімгерлерге БҰҰ айлық төлейтін болады. Сонымен қатар, бұл бағыттағы жұмыстарға Қазақстан тарапынан да қомақты қаржы жұмсалмақ.

— БҰҰ-ның талабы – әр контингент өзінің қару-жарағымен, техникасымен бару керек. Сондықтан біз қандай техника жіберілетінін айқындадық. Енді сол техниканы жеткізу керек. Бұл да — біздің миссиямыз. Бұған шамамен 8 млн доллардай қаржы жұмсалады. Өйткені, 15 дана беренді «Арлан», КамАЗ сияқты үлкен көліктер керек. Осындай техниканы алып ұшатын ұшақ Қазақстанның өзінде жоқ. Голан жотасына «Ил-27» сияқты ұшақтармен алып ұшатын шығар. Оның өзінде біз ең үнемді жолды таңдап отырмыз. Қазақстанға кері қайту БҰҰ есебінен болады, — дейді депутат. Оның сөзіне қарағанда, БҰҰ біздің әскери қызметшілерге айлық төлейді және жыл сайын ел қазынасына шамамен 1 млн доллар көлемінде белгілі бір сома аударып отырады.

Айта кетерлігі, біздің миссияның мандаты бір жылға деп белгіленген. Бірақ болашақта ұзартылуы мүмкін, дейді депутаттар.

Әзірлеген – Нұржайна ШОДЫР.