Өткен жылы ғұмырын театр саласына арнаған өнер қайраткері Амангелді Жукиннің туғанына 80 жыл толды.
Актер 1943 жылы Павлодар облысы Май ауданында дүниеге келген. Мектепте 10-сыныпты тәмамдағаннан кейін Ақшиман ауылында «Ысқақ қора» деп аталатын төртінші бөлімшедегі бастауыш мектепте мұғалімдік қызмет атқарады. Кейін мәдениет саласында біраз уақыт автоклуб меңгерушісі болады. Осы қызметте істей жүріп ол көркемөнерпаздар үйірмесіне де белсене атсалысады. Домбырамен ән айтып, спектакльдерде ойнайды. Бұл оның актер болуына үлкен әсер еткен.
Өнерге жан-тәнімен берілген Амангелді Жүкеұлы 1970 жылы Алматы қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театры жанындағы актерлер дайындайтын екі жылдық театр студиясына оқуға түсіп, 1972 жылы драма актері мамандығын алып шығады. Сол жылы Мәдениет министрлігінің шешімімен Қарағанды қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық мемлекеттік қазақ драма театрына актер болып қабылданады. Жас актер аз уақыт ішінде театр сахнасында ондаған кейіпкерлер тұлғасын жасап, өнер сүйген жұртшылықтың ризашылығына бөленеді. Алғашқы сомдаған кейіпкері Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» атты пьесасындағы Бекен ақсақалдың бейнесі еді. Сонымен қатар, «Қозы Көрпеш-Баян сұлуда» Жантық, «Еңлік-Кебек» пьесасында Еспембет, «Жаралы гүлдерде» Қасым, «Ай тұтылған түнде» Ырысқұл би, «Әпке» спектаклінде Омар, «Темірқазық» пьесасында Жамбай, «Бажалар мен балдыздар» комедиясында Сабыр, т.б. да кейіпкерлердің бейнелерін шеберлікпен ойнаған.
1990 жылы Павлодар қаласында Жүсіпбек Аймауытов атындағы музыкалы драма театр ашылғанда Амангелді Жүкеұлы жаңа театрдың шымылдығын ашуға атсалысып, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» спектаклінде Маман бай бейнесін сомдаған болатын. Содан бері өткен уақыт ішінде қазақ театр өнерінде елеулі еңбек еткен актердің қазақ ұлтының мәдениеті мен өнерін өркендету жолындағы еңбегі орасан.
Риза ШАРАПИТОВА, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің әдіскері.