Биыл Павлодар қаласындағы №43 жалпы орта білім беру мектебінің құрыл-ғанына 50 жыл толып отыр. Жарты ғасыр бойы тарыдай болып кірген сандаған шәкіртті таудай қылып өсіріп, қанаттарын қатайтып, түлетіп ұшырған алтын ұяның тарихы тереңде.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, бұл мектептің ашылуына және дамуына алғашқы директоры Владимир Моисеевич Лифшиц, содан кейін осы мектепке 35 жыл бойы басшылық еткен Николай Захарович Семиганың қосқан үлесі зор, дейді білім беру мекемесінің ұжымы. Сонымен қатар, ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ұлағатты ұстаздардың да еңбегі ерен екенін атап өткен жөн. Олардың қатарында Тамара Андреевна Попова, Бахыт Елеуқызы Тұнғат, Татьяна Рахматулловна Самекина, Людмила Георгиевна Козлова, Зинаида Васильевна Хотянович, Бибігүл Мырзабайқызы Шәкенова сынды педагогика саласының майталмандары бар. Аты-жөні аталмай қалған білікті мамандар да аз емес, әрине. Бүгінде бұл мұғалімдердің есімдері аймақ ұстаздарының алтын қорына еніп қана қоймай, мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, білімді әрі салиқалы ұрпақтың қалыптасуына зор үлес қосқан жандар ретінде көпшілік жадында сақталуда. Оған мектептің мерейтойына арналған салтанатты шараға алыс-жақыннан, тіпті, шет мемлекеттен келген түлектердің құрмет-қошеметі дәлел. Білім ордасының ұжымы осындай ұл-қыздармен әрдайым мақтанатынын айтады. Олардың арасында мектептің 1999 жылғы түлегі, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева, 2004 жылғы түлек, «Ақ жол» партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының орынбасары, Павлодар аудандық мәслихат депутаты Дмитрий Корепанов, 2005 жылғы түлек, Мәскеу қаржы университетінің аудит және корпоративтік есептілік кафедрасының доценті Марина Гордова, 2007 жылғы түлек, «Ақ жол» партиясы Павлодар филиалы төрағасының орынбасары, «Алтын белгі» иегері, биатлон бойынша Қазақстанның бес дүркін чемпионы әрі халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дарья Усанова, 2008 жылғы түлек, «Ирбис» телеарнасының тілшісі Артем Буланов және басқа да үлгілі шәкірттер бар.
— Мектебімізде ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға, бұрын бітіріп кеткен ұл-қыздармен байланысты үзбеуге баса мән беріледі. Сондықтан да болар, түлектеріміз мектепті ұмытпай, келіп-кетіп жүреді. Оларға әрдайым есігіміз ашық. Тіпті, мұғалім болып, қатарымызға қосылып жатқан жандар да баршылық. Оларды құшақ жая қарсы аламыз. Ал кейбірі ата-ана ретінде балаларын, немерелерін осында оқуға алып келеді. Біз үшін бұл да — бір бақыт! — дейді директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Бибігүл Шәкенова.
Осындай киелі білім ордасының мерейтойы қарсаңында «Жас ұлан» балалар-жасөспірімдер ұйымы өз тартуларын жасап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Айтулы мерекеге орай жасұландықтар сүйікті мектебі туралы мерекелік газеттер шығарып, балалар журналдарында мақалалар, өлеңдер мен суреттерін жариялады. Сондай-ақ, «Мектеп тарихы» фотоплакаттар байқауын, «Мерейтойыңмен, сүйікті мектебім!» бейнеқұттықтау, «Менің сүйікті мектебім — балалардың көзімен!» және «Мектепке сыйлық» тақырыбында қолөнер көрмелерін ұйымдастырып, «Біздің мектепте оқу — отбасылық дәстүр» атты бейнероликтерін тарту етті. Ал мектептің «Реванш», «Royallkids» вокалдық және би топтарымен, мұғалімдер педагогикалық еңбек ардагерлерімен бірлесіп дайындалған концерттік бағдарлама да көрермен көңілінен шықты.
Салтанатты кеш соңында білім беру мекемесіндегі 22 педагогикалық еңбек ардагері мен мектеп қызметкерлері көп жылдық елеулі еңбегі үшін облыстық білім беру басқармасының, Павлодар қалалық білім беру бөлімінің грамоталарымен, облыстық және қалалық кәсіподақ ұйымдарының білім қызметкерлерінің грамоталарымен, сыйлықтарымен мара- патталды.
Бүгінгі таңда бұл мектеп 1190 оқушыға сапалы білім беруде. Мұндағы шәкірттердің облыстық және қалалық «Зерде» ғылыми–зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар конкурстарында, республикалық байқауларда жеткен жетістіктері аз емес. Мәселен, соңғы екі жылда 7 түлек мектепті «Алтын белгі» және ерекше үлгідегі аттестатпен бітірген. Сондай-ақ, 10-сынып оқушысы Анастасия Тимофеева мен 5-сынып оқушысы Полина Реснянская облыс әкімінің «Тәуелсіздік ұланы» сыйлығымен марапатталған. Тізбектеп айта берсек, бұдан басқа да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер толағай.
— Ең бастысы, мектеп мұғалімдері шәкірттерге сапалы білім беріп қана қоймай, шығармашылық қабілеттерін де шыңдап, бұрынғы ұлағатты ұстаздар салып кеткен сара жолды жалғастыру үшін тынымсыз еңбек етуде, — дейді мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Мария Копнышева.
Біз де байырғы білім орда-сының мерейтойына ортақтаса отырып, ұжымға әлі де асар асуларыңыз биік болсын дейміз.
Нұржайна ШОДЫР.