Былтыр 19 наурызда еліміз бойынша барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Сол сәттен бері бір жыл уақыт болыпты. Әр депутат өзінше өзекті істерге араласуға әрекет етіп жатқаны анық. Бірін көрсек, тағы бірін байқамауымыз әбден мүмкін. Сондықтан, нақты қандай жұмыс атқарып, нендей үлес қоса алғанын білмек мақсатында түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарының бір парасынан шағын сауалнама жүргізген едік.
Сұрақтар:
- Қай округтен сайландыңыз?
- Сайлаушыларыңызбен қаншалықты жиі байланысқа шығасыз?
- Сайланғаннан бері 1 жыл ішінде қандай мәселелердің шешілуіне үлес қостыңыз?
- Сайлауалды бағдарламаңызда айтылған жобалардың қайсысы жүзеге асты?
Илья МУХОРТОВ, облыстық мәслихат депутаты:
- Қазақстан Халық партиясы атынан партиялық тізім бойынша сайландым.
- Сайлаушыларыммен күн сайын байланыстамын десем болады. Олай дейтінім, партияның филиалында және облыстық мәслихаттың қоғамдық қабылдауында азаматтарды қабылдаймын. Одан бөлек, өндірістік және әлеуметтік-мәдени нысандарды жүйелі түрде аралап, мәселелерімен танысамын. Еңбек ұжымдарымен және қоғам өкілдерімен тілдесемін. Жүздесулер барысында қажеттіліктерді анықтап, өмір сүру жағдайын жақсартуға қатысты ұсыныстар алып қайтамыз. 3. Кенжекөл ауылындағы отбасылық үлгідегі балалар үйінің қамқоршыларының бірімін. Бұл үйге материалдық көмек қана көрсетіп қоймаймын. Сондай-ақ, балалармен тікелей жұмыс істеп, олардың талантын айқындауға тырысамын. Мәселен, бұл үйде жекпе-жек спорт секциясын ұйымдастырып, жақсы жаттықтырушы тауып, оның еңбекақысын төлеп келемін. Аз уақыттың ішінде балалар облыстық және республикалық жарыстарда жеңімпаз атануда. Осы үйден түлеп, Жас ұрпаққа ауысқан тәрбиеленушілердің бірі әлі де осы спорт түрімен айналысып жүр, тіпті, спорттың арқасында болашақ мамандығын таңдап қойды.
Азаматтардың өтініштеріне мән беріп, оның әрі қарай орындалуын қадағалаймын. Мәселен, былтыр мамыр айында көпбалалы ана көмек сұрай келді. Оның төрт баласының бірінің мүмкіндігі шектеулі. Материалдық жәрдемімді жүйелі түрде осы отбасына көрсетемін. Баламен отыратын кәсіби күтуші тауып бердім. Оның еңбегіне өзім ақысын төлеп келемін. Ауылдан ауыр диагнозы бар бір жас азаматты қамқор-
лығыма алғам, ылғи қол ұшын беріп тұрамын. Мұндай мысалдар жетерлік. Кейбірін өзім шамам келгенше шешуге тырыссам, кейбірін жергілікті атқарушы биліктің немесе Мәжілістегі фракция депутаттарының көмегімен шешеміз.
- Сайлауалды бағдарламамда негізінен әлеуметтік мәселелер көтерілді. Бәрі іске асты десек, ол жаңсақтық болар. Оған уақыт қажет, бірақ, әрдайым бақылауда ұстаймын. Аз қамтылған азаматтар және мүгедек жандармен жұмыс бірреттік көмекпен бітпейді, олардың мәселелерін жүйелі түрде шешу қажет. Егде жастағы тұрғындардың жиі интернет-алаяқтардың құрбаны болып жүргенін көріп, әріптестерімізбен оның алдын алу жұмыстарына жұмылдық. Әрбір екі аптада партияластарыммен полиция қызметкерлерімен бірлесіп, «Ардагерлер үйінде» демалушылардың әрбір легіне алаяқтықтың алдын алуға қатысты әңгіме жүргіземіз.
Мен үшін ең маңызды жобалардың бірі – барлық ниет білдірген адамдарға қазақ тілін тегін үйрететін курстың ашылуы. Павлодар қаласында бұл курсты партиямыздың белсенділерімен бірлесіп аштық. Сабақтар былтыр қараша айында басталды. Әлі де жалғаса береді. Жерлестеріміздің мемлекеттік тілге деген қызығушылығы жоғары екеніне көзіміз жетті. Үйренгісі келетіндер өте көп, сондықтан алдағы уақытта қаланың шағын аудандарында ашу мәселесі талқылануда. Кеме жөндеу кәсіпорнының орнына мектеп салу мәселесін Мәжіліс деңгейінде көтеріп, оң шешілуіне ықпал етуіміз жұмысымыздың бір айқын мысалдарының бірі дер едім.
Лейла ҚАСЫМАНОВА, Екібастұз қалалық мәслихатының депутаты:
- Екібастұз қаласының №11 округінен «Ауыл» партиясы атынан сайландым.
- Сайлаушылармен кездесулер айына бір рет тиісті кестеге сәйкес өтеді. Кестені 34-03-73 телефоны арқылы нақтылап алуға болады. Одан бөлек, тұрғындардың өтініші бойынша жеке жүздесеміз.
- Мәслихатта қаланың күнделікті өміріне қатысты түрлі мәселе қозғалады. Әдетте, әлеуметтік сала бойынша маңызды түйткілдер талқыға түседі. Нақтырақ айтсақ, мұқтаж жандарға көрсетілетін түрлі жеңілдіктер мен көмек түрлері, қалалық бюджеттің бекітілуі біздің араласуымызбен іске асады. Мәселен, ағымдағы айда кеншілер қаласының аз қамтылған тұрғындарына тұрғын үй көмегін беру тәртібі мен мөлшерін бекіттік. Сонымен қатар, Ауғанстаннан кеңес әскерлерінің шығарылуына 35 жыл толуына орай бірреттік әлеуметтік төлем де бекітілді. Отырыстарда мәселе талқылаумен қатар, көшпелі жиындар жиі ұйымдастырылады. Мысалы, жыл бойы әріптестеріммен бірге жылу магистральдарының жөндеу жұмыстарына күн сайынғы мониторинг жүргіздік. Орамішілік аумақтың санитарлық тазалығының сапасына, мектеп асханаларындағы тамақтану сапасын қағадаладық. Жоспарлы отырыстардан бөлек, жыл бойы әріптестерімізбен Екібастұз қаласының ісін енді бастаған кәсіпкерлеріне арналған гранттар үлестірудің екі конкурсын өткіздік. «Агро Хакатон» атты жаңа технологиялар көмегімен фермерлік мәселелерді шешудің үздік тәсілі сарапқа салынған байқау ұйымдастырдық.
- Менің сайлауалды бағдарламам «Екібастұз – әлеуметтік тұрғыдан қорғалған қала!» деген ұранмен өтті. Негізгі үш тармағы болды. Біріншісі өмірлік қиын жағдайларға тап болған балаларды әлеуметтік қорғау болса, екіншісі ерекше қажеттіліктерге ие адамдарды бейімдеу орталығын ұйымдастыруға қатысты еді. Ал үшінші тармақта тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арналған кризистік орталық ұйымдастыруды мақсат еттім.
Үшеуі бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Өмірлік қиын жағдайға душар болған балаларды қолдау аясында бірқатар іс-шара өткіздік. Мәселен, аутизмге шалдыққан балалардың ата-аналарына арналған «Аутизмді жеңеміз!» атты семинар ұйымдастырылды. Атығай ауылында шахматтан турнир өткізілді. Жеңімпаздарға қазақстандық атақты шахматшы, әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасованың «Шахмат ойнауды үйренейік» атты кітабы табысталды. Мұндай құнды кітап Тай ауылының шахмат үйірмесінің тәрбиеленушілеріне де сыйға берілді.
Ал бейімдеу орталығы мен кризистік орталық ашу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Әлбетте, бірден шешілетін мәселе емес. Мұндай орталықтарға қажеттіліктің барын көріп отырмыз. Жуырда қарастырылған заң жобасындағы тармақтардың бірі отбасыларға, балаларға көмек көрсету инфрақұрылымдарын дамыту және отбасыны қолдаудың жаңа орталықтарын, балаларға психологиялық қолдау орталықтарын ашу қажеттігі көрсетілген.
Қобыланбек ҚОЖИН, Павлодар қалалық мәсли-хатының төрағасы:
- «Amanat» партиясы атынан Павлодар қалалық №20 округтен сайландым, яғни, Усолка шағын ауданының депутатымын.
- Маған тек округ депутаты ретінде ғана емес, сонымен қатар Павлодар қалалық мәслихатының төрағасы ретінде күн сайын азаматтар өз мәселелерімен жүгінеді. Азаматтар белгілі бір себептермен қабылдауға келе алмаса, онлайн байланысқа шығып, қабылдаймыз. Түрлі мәселелер бойынша өзім сайланған округтің ардагерлер кеңесінде тоқсанына бір рет сайлаушыларыммен кездесемін.
Айта кетерлігі, әр депутат бұдан былай өз сайлаушыларына жақынырақ болады. Біздің қаламыздың әрбір тұрғыны енді өз депутатын, оның телефон нөмірін, үйінің қай сайлау округіне жататынын, депутаттың азаматтарды қабылдайтын мекенжайын 2ГИС мобильді қосымшасы арқылы «Қызметтер» тармағынан оңай біле алады.
- 2023 жылы қаланы абаттандыру аясында 133 балалар ойын алаңы, 50 көше күштік тренажеры, 106 стритворкаут және 20 стритбол алаңы орнатылды. Сондай-ақ 18 шағын футбол алаңы орнатылып, 23 шағын футбол алаңының қоршау торлары ауыстырылды. 8 магистральдық көше жолына орташа жөндеу жүргізілді. Балалар ойын алаңдарында және 18 шағын футбол алаңында және 10 шағын алаңда қосымша жарық орнату жұмыстары орындалды. Өзім сайланған округ аумағында сайлаушыларымның сұранысына сай бірқатар аулада спорттық алаңдар ашылды. «Жастар» шағын ауданында ағаш отырғызу жоспарына сәйкес 10 мыңға жуық ағаш отырғызылды. Былтыр зообақылаушылар бірнеше рет өтініш жасап, нәтижесінде Павлодар қаласының Шығыс өнеркәсіптік аймағында қаңғыбас иттерді уақытша ұстау пункті салынды. Бұл жұмыстар қала тұрғындарының сұраныстарына негізделген.
- Сайлауалды бағдарламамда тұрғындардың талап-тілегіне құлақ асуды мақсат еткен едім. Көпшілік аулада балалардың алаңсыз асыр салуына жағдай жасауды сұрайды. Сол талаптары ескеріліп, мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстың нәтижесінде Ткачев 12/2, Майра 43, Ткачев 9,11,13, Майра 47 мекенжайларына алаңдар орнатылды. Майра 21, Ткачев 17/1 мекенжайларында алаңдардың қоршаулары, ал Майра 21, Ткачев 17/1 мекенжайларында шағын футбол алаңының жабындысы ауыстырылды. Майра көшесі 3-ші үйдің тұрғындарының тілегі бойынша көше тренажеры орнатылды.
Биыл да бұл жұмыстар жалғасады. Сайлаушыларым қала әкімінің, біздің атымызға бірнеше рет хат жазып, жылы аялдама орнатуды сұраған болатын. Соған қаржы қарастырылды. Яғни, трамвай тоқтайтын соңғы «Усолка» аялдамасына жылы павильон орнатылады. Одан бөлек, тұрғындардың тілегі бойынша түрлі абаттандыру жұмыстары жүргізілмек. Кейбір аулаларда коммуналдық желілердің болуына байланысты тұрғындардың балалар мен спорт алаңдарына қатысты бірқатар сұраныстарын қанағаттандыру мүмкін болмай отыр. Жалпы алғанда, сайлауалды уәделерім біртіндеп орындалып жатыр.
Түйін:
Әр депутат өзі қосқан үлесін барынша оқырманға жеткізуге тырысты. Теңіз тамшыдан құралатынын ескерсе, жан-жақтан әркім шама-шарқынша қолдау білдіріп, атсалысса, қоғамда талай түйткілдің түйіні тарқайтыны сөзсіз. Мұндай сауалнама алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Сауалнаманы жүргізген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.