«Қайырымдылық» күні аудан әкімі Айтуған Шайхимов бірқатар мектеп директорларына жазғы лагерьлерде балалардың демалысына арналған сертификаттарды салтанатты түрде табыстады.

Мұндай сертификаттар аудан орталығындағы №1, №2 жалпы білім беру мектептері мен М.Дулатұлы атындағы №3 мектепке, Т.П.Праслов атындағы Прииртышск мектебіне Башмашын мектебіне, Аққайың ауылының негізгі мектебіне, Береговой, Пятерыжск, Моисеев негізгі мектептеріне табыс етілді.

Бұл күн ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған Наурыз мейрамын мерекелеу тұжырымдамасына сәйкес таңдалыпты. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының ұсынысы бойынша бұл күні жалпы білім беретін мектептерге жазғы лагерьлерде балалардың демалуына сертификаттар табыстай отырып, әлеуметтік мейірімділік марафоны іске қосылды.

Айта кетерлігі, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры былтыр жазда «QН Жаздық жолдама» қайырымдылық жобасын жүзеге асырған. Жоба аясында еліміздің ауылдарында оқитын 19 754 оқушы балалар лагерьлерінде тыныққан. Жобаға аудандық, қалалық, облыстық және республикалық олимпиадалардың, ғылыми жобалар конкурстарының, шығармашылық конкурстар мен спорттық жарыстардың жүлдегерлері, жеңімпаздары қатарынан оқушылар қатысты. Биыл да жоба жалғасады. Ағымдағы жылы елімізде 20 мың бала қамтылмақ. Ауданға аталмыш қордан Қазақстанның жазғы лагерлеріне 63 жолдама квотасы бөлінген. Оларды 19 мектепке бөліп берілген.

 

Г. ТҮГЕЛБАЙ.