Волейболдан ерлер арасындағы ел чемпионаты мәресіне жетті. Бұл жолы плей-офф кезеңінің ойындары жергілікті «Баянтау» спорт кешенінде өтті. Тартысқа толы турнирде біздің «Павлодар» финалға дейін әдемі ойын өрнегін көрсете білді. Шешуші шайқаста үш күн қатарынан «Тараз» командасымен шеберлік байқасты. Алайда былтырғы чемпиондықты сақтай алмады.
Волейболдан ерлер ұлттық лига командалары арасындағы плей-офф ойындары 23-31 наурыз аралығында Павлодар қаласында ұйымдастырылды. Алғашқы күндерден-ақ командалар арасындағы кездесулер тартысқа толы болды. Әсіресе, жергілікті жанкүйерлер «Павлодар» командасына қолдау білдіріп, спорт кешеніне жиналған адамдардың қарасы қалың болды. Бірінші ойында біздің волейболшылар «Жетісу жастары» командасын айқын басымдықпен ұтты. Петропавлдан келген «Есіл СК» командасынан да басым түсіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп, финалдық бәсекеде байырғы қарсыласы – «Тараз» волейболшыларымен кездесті. Бұл ақтық сынға бапкер Игорь Никольченконың шәкірттері тыңғылықты дайындалды. Ол алғашқы кездесуден-ақ байқалды. Бірінші финалдық матчта алаң иелері үш партияда да жеңіске жетіп, тараздықтарды 3:0 есебімен тізе бүктірді.
Алайда екінші күнгі финалдық тартыста павлодарлық волейболшылар есе жіберді. Алғашқы екі партия «Тараз» командасының есебіне жазылғанымен, үшінші партияда біздің жігіттер еңсені тіктеді. Бұл сет 25:22 есебімен павлодарлық волейболшылардың еншісіне жазылды. Дегенмен, төртінші партияда тараздықтар қайтадан басымдықты қолға алып, 23:25 есебін тіркеді. Осылайша, финалдық кезеңнің жалпы нәтижесі 1:1 есебімен тең түсті.
Барлығы жексенбі күні өткен шешуші кездесуде анықталды. Айта кету керек, алаң иелері бірінші партияда ала допты шиыршықтай айналдырып, басымдықты бірден қолға алды. Дей тұрғанмен, партия ортасына қарай «Тараз» командасы «қуып» жетті. Ал соңында тіпті таразы басы қос команда арасында теңселіп тұрды. Дегенмен, былтырғы чемпион – «Павлодар» командасы жеңісті «жұлып» алды. Алғашқы партия 30:28 есебімен павлодарлықтардың пайдасына шешілді.
Өкінішке қарай, бұдан кейінгі үш партияда жергілікті волейболшылардың ойыны жүрмеді. Допты ойынға қосу, қарсылас добын қабылдап алуда көп қателесті. Қарсылас команданың шабуылы да үдей түсті. Сондықтан қолда тұрған жеңіс сусып кетті. Соңғы үш партияда «Тараз» камбэк жасап, 25:21, 25:14, 25:15 есебін тіркеді. Осылайша, Андрей Патраков шәкірттері ел чемпионы атанды. Ал «Павлодар» күміс медальді еншіледі. Петропавлдық «Есіл СК» командасы қола жүлдені місе тұтты. Сондай-ақ, жарыс қорытындысы бойынша павлодарлық волейболшылар – Никита Козлов пен Илья Морозов «Үздік шабуылшы» аталымымен марапатталды.
— Біздің жігіттер былтыр чемпион атанып, жанкүйерлерді бір қуантса, биыл күміс жүлде еншілеп отыр. Сонымен қатар, Кубок және Супер Кубокты иеленді. Бұл да – жоғары жетістік. Ендігі ретте кезекті маусымға, халықаралық жарыстарға дайындаламыз, — дейді клуб басшысы Виктор Мамашев.
Айта кетейік, «Павлодар» командасы былтырғы чемпион, Кубок және Супер Кубок иегері ретінде осы жылдың қыркүйек айында Иран елінде өтетін Азия-2024 клубтық чемпионатында бақ сынайды.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек, Константин Музалевский.