«WhatsApp» әлеуметтік желісінде Ертіс өзеніндегі су деңгейі күрт көтерілді деген ақпарат тарады. Хабарламада Усолка шағын ауданы жағалауындағы үйлерді су басуы мүмкін деп жазылған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мұндай мәліметтің жалған екенін айтып, тұрғындардан тексерілген дереккөздерге сенуді сұрайды.

 

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті биыл Ертіс каскадының су қоймаларынан су жіберу көлемі былтырғыдан 50 пайызға артық жоспарланғанын хабарлайды. Бірақ бұл рекордтық көлем емес. 2016 жылы су жіберу көлемі әлдеқайда жоғары болған.

Департамент өкілдері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қауіптің алдын алу дайындық іс-шараларын жүргізуде. Мамандар бөгеттер тұрғызып, қап дайындап, су деңгейіне мониторинг жасауда.

Ертіс өзенінің арнасы күн сайын кеңейіп келеді. Өзен деңгейі көтерілуде. Осыған байланысты Ертіс өзені жиегінде орналасқан Кенжекөл ауылы мен Атамекен кентінде су деңгейі көтеріледі деген қауіп бар. Бұл ретте аталған елді мекендерде дамбалардың ұзарту, биіктігін арттыру, берік ету жұмыстары жүргізілуде.

Кенжекөл ауылы әкімі Медет Сансызбаевтың айтуынша, ауыл шетінде 2100 метр су бөгеті бар. Оның 1500 шақырымы қайта жөнделген. Жұмыстар  әлі де жалғасуда. 12 жүк тасығыш және 4 жүк тиегіш жұмылдырылған.

— Биыл су жылдағыдан қарағанда көбірек келеді деген болжам бар. Тиісті шаралар қолға алынған. Сондықтан елді мекенге қауіп төнеді деп ойламаймыз. Жағдай бақылауда, — дейді М.Сансызбаев.

Ал Атамекен кентінде жер үйіндісінің ұзындығы — 800 метр, биіктігі 2,5-3 метрді құрайды. Қазіргі уақытта 500 тоннадан астам топырақ әкелінді. Үйіндіні нығайту жұмыстарына 2 жүк көлігі мен 6 жүк тиегіш жұмылдырылған. Бұдан бөлек, аталған елді мекендерде топырақ жинау орындары да қарастырылған. Инертті материалы бар 4 мың қап қоры
да әзірленген. Ақсу қаласында да дайындық жұмыстары қолға алынған. Төтенше жағдайлар басқармасының мәліме-тінше, шаһар тұрғындарын су басу қаупінен аман алып қалу үшін Ақсу қаласында ұзындығы 2200 метр және Ақсу шағын ауданында ұзындығы 1020 метр болатын дамбалар бар. Қауіп төніп тұрған үйлердің саны – 47. Тұрғын үйлерді қатерден қорғау мақсатында Ақсу қаласының оңтүстік-шығыс бөлігінде Ертіс өзені қоймасына жақын орналасқан алқапқа ұзындығы — 2200 метр, орташа биіктігі 5 метр, ені 6 метр болатын топырақ үйіндісі жасалды.

Сонымен қатар, 22 мың тоннадан астам топырақ әзірленді. Бұл жұмыстарға жалпы саны 30 техника жұмылдырылған. Бұдан бөлек, Ақсу шағын ауданында ұзындығы 750 метр болатын жер үйіндісін төсеу жұмыстары жүргізілуде. Оның орташа биіктігі 4,5 метрді құрамақ. Бұл жұмыстарды 8 техника атқаруда. Жергілікті билік «Ақсу су арнасы» мамандарымен бірлесіп, Ақсу қаласына қарасты Лодочная станциясы маңында (Белая өзені) су деңгейін тәулік бойы өлшеуде.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.