Бүгінгі таңда облыс аумағында балық шаруашылығына негізделген 200-ге жуық су қоймасы бар. Десек те 5 сәуір мен 31 мамыр аралығында өңірдегі барлық су айдындарында балық аулауға тыйым салынады. Себебі, бұл уақытта балықтар уылдырық шашады. Ертіс өзенінде «Қызыл кітапқа» енген балық түрлерінің бар екенін ескерсек, заңды бұзғандарға жауапкершілік те қатаң болмақ.

 

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Нұржан Қазтай өткен жылы балықтардың уылдырық шашу кезеңінде бақылаудағы аумақта табиғат қорғау заңнамасын бұзған 27 факті тіркеліп, 640 мың теңге сомасына айыппұл салынғанын мәлім етті. Айтуынша, рұқсат етілмеген синтетикалық моножіптен жасалған 13 бірлік балық аулау құралдары, 3 жүзу құралдары (қайықтар) тәркіленді.

– Павлодар облысының дала, тұщы су айдындарында, Шығыс Қазақстан облысының әкімшілік шекарасынан Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасына дейінгі аралықтағы Ертіс өзенінде және оның жайылмалы су айдындарында, Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың барлық ұзындығы бойынша балық су тораптарын (су қоймаларын) қоса алғанда 15 сәуірден 30 мамырды қоса алғандағы аралықта балық ресурстарын және басқа да су жануарларын сақтау және молықтыру мақса-тында шектеулер енгізіледі. Осы кезеңде облыстың барлық балық шаруашылығы су айдындарында, К.Сәтбаев атындағы каналдың 1-ден 8-ге дейінгі су тораптарында (су қоймаларында) торта, табан, алабұға, мөңке және шортан аулауға әуесқойлық (спорттық) балық аулауды қоспағанда, балық аулауға тыйым салынады. Ағымдағы жылдың басынан бастап 50-ден аса хаттама толтырылып, жалпы сомасы 900 мың теңгеге айыппұл салынды, – деді ол.

Бұдан басқа, Павлодар облысы бойынша балық инспек-циясының бөлім басшысы Самал Темірболатованың айтуынша, 2024 жылғы 1 сәуіріндегі жағдайға сәйкес жергілікті маңызы бар 67 балық шаруашылығы су айдыны (39 тұщы су айдыны, 28 тұзды су айдыны) 40  жануарлар дүниесінің пайдаланушысына бекітілген.

– Павлодар облыстық балық шаруашылығы қорын  халықаралық маңызы бар Ертіс өзені, республикалық маңызы бар 9 су айдыны (Қ.Сәтбаев атындағы каналдың Екібастұз су қоймасы және №1-ден №8-ге дейінгі су торабтары) және жергілікті маңызы бар 217 су айдындары (оның 54-і тұзды және 163-і тұщы) құрайды. Балықтардың уылдырық шашатын уақытында оларды аулауға тыйым салынады. Аталған шара сәуір айының ортасынан басталады. Қазір облыстық аумақтық балық шаруашылығы инспекциясының өкілдері осы мақсатта жұмыс жүргізуде.

Жеке меншігінде жүзу көлік құралдары бар заңды және жеке тұлғалар су айдындарында кемелердің кез келген жүзу маршруттарын міндетті түрде инспекциямен келісуі қажет екендігін ескертеміз. Сондай-ақ, балықтың уылдырық шашу кезеңінде табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын хабарлаймыз, – деді бөлім басшысы.

А.МҰҚЫШЕВ.