Жуырда Әуелбек ауылында «Астау» дәмханасы ашылды. Бұған дейін ауыл тұрғындары арнайы дәмхананың қажет екенін жиі айтатын. Жақында жұрттың тілегін ауыл тұрғыны, жеке кәсіпкер Әлия Нұрпейісова орындады.

Дәмхананың ашылуына аудан әкімі Қаршыға Арынов қатысып, шағын кәсіп жұмысына сәттілік тіледі.

– Өткен жыл Әуелбек ауылы үшін айтулы жыл болды. Облыс әкімінің қолдауымен былтыр ауылішілік жолдар жөнделді, медициналық пункт күрделі жөндеуден өтіп, көп жыл бойы бос тұрған ғимарат мәдениет үйіне айналды. Өз кәсібін жүргізіп, жұртшылыққа жағдай жасап отырған «Нұрпейісова» жеке кәсіпкерлігінің иесі Әлия Ерболатқызының еңбегін атап өткен жөн. Осындай ел азаматтарының туған жерде кәсіп ашып, жақсылыққа бастаған істері үшін біз де қуаныштымыз, – деді аудан әкімі.

Айта кетейік, мәдениет қызметкерлері жаңа ғимаратқа көшкеннен кейін бос қалған нысан дәмханаға айналып отыр. Іші кең дәмхана бір уақытта 200-ден астам адамды қабылдай алады.

 

Өз тілшіміз.