Ғұлама ғалым, қазақ ғылымының атасы Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар академиктің туған жері Баянауыл ауданында үздіксіз жалғасуда.
Жақында ғалымның туып-өскен ауылы Мұса Шорман ауылындағы Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша оқу-тәрбие кешенінде «ҚР жастарының көзқарасымен жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндердің тиімділігі» деген тақырыпта 9-11- сынып оқушылары арасында аудандық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған 40-қа жуық оқушы қатысып, 5 тақырыптық секция бойынша өз жобаларын қорғады.
Ғалымның мерейтойы қарсаңында сондай-ақ, волейболдан ерлер және әйелдер арасында XXVII аудандық жарыс өтті. Оның қорытындысы бойынша ерлер арасындағы 11 команданың ішінен Жаңажол ауылдық округі 1-орын, Баянауыл ауылдық округі 2-орын, Бірлік ауылдық округі 3-орын алды. Ал әйелдер арасында 7 команда бақ сынасты. Нәтижесінде 1-орынды Баянауыл командасы, 2-орынды Сәтбаев ауылының командасы, 3-орын Майқайың кентіне бұйырды.
Жалпы жарысқа 168 команда қатысты. Жеңімпаздар кубок, мадақтама және медальдармен марапатталды.
Н.АҚЫТЕГІ.