Адамзатқа орасан қасірет келтірген сұм соғыстың аяқталуына әрбір майдангердің қосқан үлесі зор. Баланы анадан, әкені баладан айырған сұрапыл соғыста жауға қарсы аттанғандардың ішінде Май ауданының ардагерлері де бар.
Қайролла Сембин 1904 жылы Май ауданында туды. Жұмысқа ерте араласты. 1935 жылы Жетекші ауылында хатшы, аудандық тұтынушылар одағының (райпотребсоюз) бастығы болады. КСРО-да Сталин үстемдігі кезеңінде жала жабылып, Колымаға, Уссуриск Тайгасына жіберіледі. 1942 жылы өзі соғысқа сұранып, майданға аттанады. 1944 жылы Германияның Кенигсберг қаласын азат етуде қатты жараланып, әскери комиссия шешімімен елге оралады.
Елге оралған соң, шаруашы-лықты көтеруде аянбай еңбек етеді. Елге қамқор басшы бола біледі. Майдандағы ерлігі үшін көптеген марапатқа ие болған. «Ерен ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «1941-1945 жылдары соғыстағы еңбегі үшін» «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 40 жыл», «Кеңес саудасының үздігі» медальдарымен марапатталған. 1953-1961-жылдары талай лауазымдарда қызмет етті. Жанатілек ауылы кеңесінің хатшысы, 1959 жылы Қызыл Құрама ауылында басшылық қызметте болды. 1966 жылы зейнетке шықты.
Жолдасы Зүбайра екеуі 6 бала тәрбиелеп өсірді. Қайролла атамыз — Абылай хан дәуірінің батыры Тілеуқабылдың ұрпағы. Батыр Тілеуқабыл бабасындай Ұлы Отан соғысында ерлік қөрсетіп, елін жаудан қорғады.
Жиын-тойды басқарып, туыс–жақындарға ақыл-өнеге бере білген қадірлі ақсақалымыз еді. 1976 жылы Балтабай атам қайтыс болғанда бізге сабыр айтып жабдықты Қайролла аға өзі басқарған еді.
Қайролладай майдангер аталарымыздың есімін ұмытпай, ерлігін ұрпаққа айту – парызымыз.
Қанат ШАЙҒАЗИН, ҚР Журналистер одағының мүшесі.