Жақында Екібастұз қаласындағы Естай атындағы балалар музыкалық мектебінде ІV респуб-ликалық Мәшһүр Жүсіп оқулары өтті. Игі шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 63 үміткер қатысты.
Философ ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының рухани мұрасын кеңінен насихаттауды мақсат еткен байқауды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» респуб-ликалық ғылыми-тәжірибелік орталығы мен «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұйым-дастырды. Сайыс жоғары деңгейде өтті. Қазылар алқасының шешімі бойынша 33 оқушы жеңімпаз және жүлдегер атанды. Оның ішінде 4 бас жүлде, 4 І орын, 10 ІІ орын және 15 балаға ІІІ орын берілді. Жеңімпаздарды атап айтар болсақ, «Алдыма өлең жаз деп қағаз келген, сөзімді сөйлеп бақтым мен де білген» атты ақындар мүшәйрасында бас жүлдені Павлодар облысы Ақсу қаласына қарасты Ю.Гагарин атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Тіленіш Еркебұлан иеленді. «Бас болып өнер білсең, тіпті жақсы» атты ғылыми жоба қорғау сайысында бас жүлдені Жетісу облысы Алакөл ауданындағы О.Молдағожин атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Секен Аружан қанжығасына байлады. Сондай-ақ, «Білімді зерек адам болам десең, қара өзіңді басқаның айнасымен» атты эссе жазу сынында бас жүлдені Абай облысы Ақсуат ауданындағы Тана мырза орта мектебінің 9-сынып оқушысы Қарлыбек Ернұр, ал «Мәшһүр Жүсіп шығармалары және «Ұлы даланың ұлы есімдері» сипаттау бағыты бойынша бас жүлде Астана қаласындағы №51 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Садық Мәдиге бұйырды. Сонымен қатар, аталмыш бағыттар бойынша Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Ұлытау, Түркістан, Жетісу, Атырау, Ақмола, Қарағанды облыстары мен Көкшетау, Шымкент, Алматы, Ақтөбе қаласынан келген шәкірттер жүлделі орындарға ие болды.
Байқау соңында қатысушылар мен жетекшілеріне Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесіне бару шарасы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, республикалық байқау аясында қатысушыларды дайындаған мұғалімдерге павлодарлық ғалымдар дәріс оқыды.
Нұржайна ШОДЫР.