Дихан Әбілев атындағы көпшілік кітапханада жыл сайын Павлодар қалалық мектеп оқушыларының арасында Дихан Әбілев оқулары ұйымдас-тырылады. Жуырда аталмыш байқау үшінші мәрте өткізілді. Оған жергі-лікті мектептердің 5-8-сынып аралығындағы 36 оқушы қатысты.

 

Аталмыш кітапхананың меңгерушісі Роза Займолдақызының сөзінше, байқаудың талаптарына биыл бірнеше өзгеріс енгізілген.

— Бұған дейінгі кезеңде оқушылар Дихан Әбілевтің шығар-маларын жатқа оқыса, осы жолы балалардың бойында сөйлеу мәдениетін қалыптастыру мақса-тында шығарманы қаншалықты бойына сіңдіре алғандығын тек-сердік. Бұл сайыс – көркем проза бойынша сынға түсер байқау болды. Мектеп оқушыларына Д.Әбілевтің шығармашылығымен таныстыру мақсатында «Үш дос», «Соп, борозда!», «Үлкен жүрек», «Сұлтанмахмұт» атты шығармалары берілді. Байқау мақсаты – мектеп оқушыларының бойында сөйлеу мәдениетін қалыптастыру. Әңгіме жанрын оқып-мазмұндау — оқушының сөйлеу дағдысының, мәнерлеп оқып, мазмұндай алуының, рухани дүниесінің қалып-тасуының негізгі кілті, — деді Р.Займолдақызы.

Байқаудың нәтижесі бойынша Дихан Әбілев атындағы кубок пен бас жүлдені №7 орта мектептің 6-сынып оқушысы Әлихан Шолпанқұл, 1-орынды Жетекші орта мектебінің 8-сынып оқушысы Әлима Байболатова, 2-орынды №21 орта мектептің 8-сынып оқушысы Әзиза Бауыржанова иеленсе, жүлделі үшінші орынға М.Әуезов атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Аяла Бекболат ие болды. Сондай-ақ, №24 мектептің 7-сынып оқушысы Ұлжан Алшерова, №17 орта мектептің  6-ншы және 8-сынып оқушылары Аида Секенова мен Тілеген Тоқтар «Үздік жас ғалым», «Терең ізденіс», «Еркін сөз» аталымдарымен марапатталды. Барлық қатысушыларға Алғыс хаттар табыс етілді.

Айдана БОРАНБАЕВА