Республика бойынша жылу желілерінің тозу деңгейі 53 пайызды құрайды. Алайда соның ішінде Павлодар өңірінің көрсеткіші — алаңдатарлық. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде атап өткендей, Екібастұз қаласында тозу деңгейі 91%, Павлодар қаласы 83%-ды құрайды. Министрлік республикада жөндеу 2030 жылға дейін жылу желілерінің тозуын 43%-ға төмендету қажет дейді.
Тозу деңгейі жоғары аймақтардың қатарында Ақмола облысына қарасты Степногорск (82%), Атбасар (76,5%), Солтүстік Қазақстан облысына жататын Петропавл – 74%), Қостанай облысы (Арқалық – 68%, Рудный – 68%), Маңғыстау (Ақтау – 71%) және Қарағанды (Теміртау – 67%) облыстары кіреді. Биыл барлық қаржыландыру көздері есебінен 221 шақырым жылу желілерін жөндеу жоспарлануда. Бұл мақсатқа шамамен 128 млрд теңге қарастырылған. Қосымша 233 км жылу желілерін жөндеуге 162 млрд теңге сомасына қажеттілік бар: 43 млрд теңге басталған 14 жобаны аяқтауға; 119 млрд теңге 70 жаңа жобаны іске асыруға қажет.
«Қаржы министрлігімен бірлесіп Ұлытау облысы, сондай-ақ Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстары бойынша Үкімет резервінен қаражат бөлу мәселесі пысықталуда. Сондай-ақ, Министрлік жылу желілерінің тозу деңгейі өте жоғары «қызыл аймаққа» жатқызылатын 12 қаланы анықтағанын атап өткім келеді. 2023 жылдың қорытындысына сәйкес, аталған қалалардағы жылу желілерінің орташа тозу деңгейі 73%-ды құрады», — деді министр Қанат Шарлапаев.
Жалпы, республика бойынша жылыту маусымының қорытындысы және алдағы жылыту кезеңіне дайындық туралы Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баяндады.
Министрлік алдағы жылыту маусымына дайындалу мақсатында бюджеттік ұйымдар мен халықты көмірмен қамтамасыз ету жөніндегі жергілікті атқарушы органдар, көмір өндіруші кәсіпорындар мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, арнайы іс-шаралар жоспарын әзірледі.
«Жыл сайын жылыту маусымында жоғары тозу деңгейіне байланысты жылумен жабдықтау жүйелеріндегі технологиялық бұзушылықтар мен апаттарға қатысты тәуекелдер пайда болады. Жылыту маусымының қорытындысы бойынша Төтенше жағдайлар министрлігінің Республикалық дағдарыс орталығының деректеріне сәйкес, жылу жүйелерінде 35 технологиялық бұзушылық орын алды», — деді министр.
Негізінен, технологиялық бұзушылықтар Абай облысында, сондай-ақ Ақмола, Қарағанды, Маңғыстау облыстарында және Алматы қаласында байқалды. Бұл ретте технологиялық бұзушылықтар санының 56%-ға, яғни 62-ден 35-ке дейін төмендеуі байқалады.
Жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сәйкес, жылу желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 13 мың шақырымды құрайды. Орташа тозу деңгейі – 53%, шамамен 7 мың шақырымы ауыстыруды қажет етеді. Жылу желілерінің жоғары тозу деңгейі Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау және Қарағанды облыстарында тіркелген.
«2030 жылға дейін жылу желілерінің тозуын 43%-ға төмендету қажет. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін жыл сайын шамамен 350 шақырым жылу желілерін жөндеу қажет, қаржылық қажеттілік жылына шамамен 250 млрд теңгені құрайды. Өз кезегінде, 2023 жылы барлық қаржыландыру көздері есебінен 336 шақырым жылу желілері жаңғыртылды», деді министр.
Биыл бұл мақсатқа шамамен 128 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде: республикалық бюджет есебінен 72,3 млрд теңге; жергілікті бюджеттен 39 млрд теңге; табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламалары есебінен 17 млрд теңге.
Алдағы жылыту маусымын үздіксіз өткізу мақсатында аталған қалаларға 47,2 шақырымды жөндеуге 33 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар 90 шақырым жылу желілерін жаңғыртуға шамамен 46 млрд теңгеге қосымша қажеттілік бар.
Келесі жылыту маусымына дайындалу мақсатында жергілікті атқарушы органдар келесі жұмыстарды атқаруы қажет. Атап айтқанда, осы жылдың 15 мамырына дейін жылыту маусымына дайындық жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту; 1 қыркүйекке дейін білім беру нысандарының жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз ету; 15 қыркүйекке дейін орталық, солтүстік және шығыс өңірлерде, ал қалған аймақтарда 15 қазанға дейін барлық инженерлік инфрақұрылымның, коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй қоры және денсаулық сақтау объектілерінің толық дайындығын қамтамасыз ету; автономды қазандықтар үшін қажетті отынды уақытылы дайындау және дебиторлық берешекті өтеу бойынша шаралар қабылдау; жазғы уақытта темір жол тұйықтары мен арнайы орындарда көмір қорларын жинау жұмыстарын жандандыру қажет.
Үкімет осы жоспарды атқарған жағдайда қытымыр қыстан ойдағыдай шығуды болжап отыр.
Н.Қанатбекұлы.