Елімізде көкжөтел бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделі болып отыр. Жақында Қарағанды қаласында бір жастағы сәби осы диагноздан көз жұмды.
Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты. Министр бұл жағдай екпе салдырмаудың салдарынан орын алғанын мәлімдеді. Аурудан көз жұмған нәресте екпе алмаған.
Елімізде көкжөтел өткен жылдан бері көбейіп келеді. Жөтел жұқтырған балалардың 80 пайызы екпе алмаған. Ал емханаларда вакцина қоры жеткілікті. Мемлекет тарапынан қосымша қаражат та бөлінген.
— Қайтыс болған сәби мерзімінен бұрын туған. Көкжөтелге қарсы екпе алмаған. Ауруханаға кеш түскен. Ағзадағы ауру асқынғандықтан, оған көмектесе алмадық. Көкжөтел — жеңіл өтетін ауру емес. Сондықтан ата-аналарды тегін вакцина алуға шақырамын. Мұндай індеттің соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін, — дейді А.Әлназарова.
Ал Павлодар облысындағы ахуал қандай? Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті көкжөтел бойынша жағдай тұрақсыз екенін жасырмады. Өткен жылы дәл осы кезеңде бірде-бір жасөспірім ауырмаған болса, жыл басынан бері 68 бала көкжөтел жұқтырған.
Көкжөтел – тыныс алу жолдарының жұқпалы ауруы. Көбінесе мұндай диагноз 14 жасқа дейінгі балаларда қойылады. Өкпе қабынып, миға да зақым келуі мүмкін. Көкжөтелді емдеуге арналған арнайы препарат жоқ. Екпе алған балаларда бұл дерт жеңіл түрде өтеді. Сондықтан індеттен қорғайтын жалғыз жол — вакцина.
Биыл елімізде екпе алмаған үш бала көкжөтелден қайтыс болған. Екпе алмаудың басты себебі – ата-аналардың бас тартуы. Мамандар соңғы бірнеше жылда екпе алмаған балалар санының артуы аурудың өршуіне әкелгенін айтады.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.