Осы аптада Павлодар облысында репродуктивті денсаулық апталығы ұйымдастырылуда. 24 маусымда бастау алған шара аясында барлық алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында, емханалардағы жастар орталығында «Ашық есік күні» өткізілуде.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айгүл Мұқышева апталық аясында білікті мамандар жастардың репродуктивті денсаулығы, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу, отбасын жоспарлау, адам папилломавирустары, ерте жастан жүктіліктің алдын алу бойынша жұмыс жүргізетінін айтты. Тұрғындар репродуктивті денсаулық туралы сенімді ақпарат алып, білікті мамандарға сұрақтарын қойып, тексеруден өтіп, салауатты болашаққа қадам жасай алады.
— Репродуктивті денсаулық апталығы аясында бірқатар шара жоспарланған. Мәселен, 24 маусымда «Almaz Medical Group» ЖШС, Павлодар қаласының №3 емханасы, Екібастұз қаласының №3 емханасында «Ашық есік күндері» ұйымдастырылды. 25 маусымда мұндай шара Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары және аудандардағы емханаларда да өткізіліп, келушілерге ақпараттық материалдар, кітапшалар таратылды. 26 маусым – отбасын жоспарлауға арналды. Емханаларда жас отбасылармен кездесулер өткізілді. Бұл күні жастар бедеулік мәселесі бойынша репродуктологтың кеңесіне де жүгінді. Бүгін мамандар жыныстық жолмен берілетін инфекциялар төңірегінде дәріс оқитын болады. Бұл күні шараға қатысушылар жастар орталығының дерматовенеролог дәрігерінен кеңес алып, адам қозғалыс тапшылығының қоздырғышына экспресс-тестілеу өткізеді. Ал ертең онкогинеколог мамандар адам папилломасы вирусының қаупі, одан сақтану жолдары жөнінде ақпарат береді, — деді Айгүл Мақанқызы.
Аймағымызда 15-18 жас аралығындағы 22 қыз жүктілік бойынша есепте тұр. Айгүл Мақанқызы жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік мәселесі еліміз бойынша өзекті болып тұрғанын жасырмады. Статистикалық деректер бойынша Қазақстанда 15-18 жас аралығындағы қыздардың 17 пайызы жүкті.
– Орташа есеппен алғанда Қазақстанда жасөспірімдер 16 жастан бастап жыныстық қатынасқа түседі. Кәмелетке толмағандардың 17 пайызы бала көтерген. Олардың 62 пайызы босанып, 22 пайызы жасанды түсік жасаған. Ал қалған 16 пайызы өздігінен жүктілікті үзген. Статистикаға сәйкес, 15 жастағы балалардың 2 пайызы ерте жыныстық қатынасқа түскен, — деді А.Мұқышева.
Брифингте адам папилломасы вирусының қаупі туралы да сөз болды. Алдағы қыркүйек айында 11 жастағы қыз балалар арасында жатыр мойны обырына қарсы екпе егу шарасы басталады. Мамандар ата-аналардан егу шарасы кезінде белсенділік танытуды сұрайды.
Атап өтерлігі, 27-28 маусым аралығында апталық аясында Павлодар қалалық №1 ауруханада «Ашық есік күні» өткізіледі. Шараға бүйрек ауруына шалдыққан науқастар қатыса алады. Емделушілерді «А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық хирургия орталығы» АҚ бүйрек трансплантациясы, урология және нефрология бөлімінің басшысы Ислам Мададов, сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас нефрологы Жұмабиға Кәрімова, №1 Павлодар қалалық ауруханасының нефролог дәрігері Әсел Күмпекеева және Амангелді Қасенов қатысады.
Жалпы, әлем бойынша 840 милионнан астам адам созылмалы бүйрек жетіспеушілігінен зардап шегеді. 2021 жылдан бастап 2026 жылға дейін диализ және трансплантацияны қажет ететін адамдардың саны 24 пайызға артпақ. Қазақстанда 2014-2018 жылдары аралығында бүйрек ауруы бойынша диализді қажет еткен науқастардың саны 174 пайызға көбейген. Елімізде бүйрек емдеудің перитонеалдық диализ, гемодиализ және бүйректі транспланттау сынды 3 түрлі әдісі қолданылады.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.