«Білімді жетер мұратқа» демекші, талантты да талапты жастарға әрдайым жол ашық. Жақында Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің үш түлегі әлемдегі ең үздік жоғары оқу орындарына шақырту алып, грант иегері атанды.

Қатарластарынан оза шапқан білімді оқушы Әділби Сәкенов Гонконг
политехникалық универ-ситетінен (PolyU) шақырту алды. Ол химиялық технология және биотехнология бағытын таңдаған.  Себебі, фармакология саласын зерттеуге құмар бозбала болашағын осы жолмен байланыстырғысы келеді.

— Дәрі-дәрмектің адам ағзасына тигізетін әсері мен дертті емдеуге көмектесетін қасиеті жайлы көпшілік біле бермейді. Өйткені, дәрі-дәрмек жасау — өте күрделі іс. Мен болашақта бүкіл әлемге белгілі болатын әрі науқастарды сауықтыруға көмегі тиетін дәрі жасап шығаруды мақсат етіп отырмын, — дейді Әділби Сәкенов. Оның сөзіне қарағанда, мұндай ой оған пандемия кезінде келген. Ковидтен қиналған адамдарды көрген ол жұқпалы вирустарға қарсы күші бар дәрі іздеп табудың маңыздылығын түсінгенін айтады.

Шетелдік университеттер қызығушылық танытқан талантты шәкірттердің тағы бірі – Жәния Жүнісова. Ол Korea University-дің грантын иеленді. Бұл қуанышымен бөліскен түлек:

— Шетелге оқуға түскенімді білгенімде қатты қуандым. Себебі, бұл университетке оқуға түсу өте қиын екенін білемін. Әсіресе, менің таңдаған бағытым күрделі болғандықтан, Korea University-де білім алу құр арман болып қала беретін шығар деп ойладым. Армандар орындалатынына көзім жетті, — дейді ол.

Жәния Жүнісованы бұдан бөлек бірқатар шетелдік жоғары оқу орны да шақырған. Бірақ оның таңдауы Korea University-ге түскен.

— Ағылшын тілі пәнінен олимпиадаларға қатысып жүрдім. Өнер-білімге де құштармын. 11-сыныпта FLEX бағдарламасымен АҚШ-та оқып, чирлидинг, сурет, театр бағыты бойынша талабымды шыңдадым, —
дейді ол.

Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Адина Хайрушева Италия және Малайзия жоғары оқу орындарының толық грантын ұтып алды.

— 7-сыныпта оқып жүргенімде қазақстандық оқушылардың Америкаға оқуға

түсіп жатқанын естіп, қызығушылық таныттым. Мені неврология, биотехнология және биомедицина саласы қызықтырды. Алдыма мақсат қойып, SAT-қа дайындала бастадым. Сөйтіп, бұл сыннан да сүрінбей өттім. Былтыр жазда IELTS-тен 8.0 балл алдым, — дейді Адина Хайрушева.

Биология пәнінен олимпиадаға қатысып, жаратылыстану ғылымдарын зерттеп жүрген зерек оқушы:

— Альцгеймерді зерттеу тақырыбында Pioneer Academics бағдарламасы көмектесті. Сол арқылы зерттеуді қалай жүргізу керектігін түсіндім. АҚШ-тың жоғары оқу орындарына түсу үшін зерттеу жұмыста-рымен айналысудың маңызы зор, — дейді.

Павлодар қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебі білімімен биіктен көрініп жүрген шәкірттеріне жарқын болашақ тілейді.

 

Аяулым ТӨЛЕГЕНОВА,  Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы.