Ақсу қаласында жылу желілерінің 75 пайызы тозған. Ескірген құбырларды жаңартуға биыл облыстық бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға металлургтер қаласындағы 4,4 шақы-рымды құрайтын жылу желілері ауыстырылмақ.

 

Бүгінгі таңда Ақсу қаласындағы 4 жылу қазандығына қысқа дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ақсу ферроқорытпа зауытының жылумен қамту цехының бас маманы Ербол Оралбековтің айтуынша, аталмыш зауытта орналасқан жылу қазандығы 1978 салынған. 45 жылдан бері жұмыс істеп тұрған нысанның 45 пайызы тозыпты. Сол себепті жыл сайын жөндеуді қажет етеді.

— Жөндеу жұмыстары мамыр айында басталды. Қазіргі уақытта №4 қазандыққа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде бұл жұмыстың 40 пайызы аяқталды. Сондай-ақ, №3 қазандықты өз күшімізбен жөндеп жатырмыз. Оның да 40 пайыз жұмысы аяқталуға жақын. №5 қазандықта орташа жөндеу жұмыстарын тамыз айында аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз – деді бас маман.

Естеріңізге сала кетсек, осыдан бірнеше жыл бұрын металлургтер қаласында жаңа жылу-электр орталығы іске қосылуы тиіс еді. Алайда жаңа жылу қазандығының жыры әлі де бітер емес. Құрылысы осыдан 7 жыл бұрын басталған нысан бүгінгі күні толық аяқталған жоқ. Себебі, қажетті жабдықтар жобада дұрыс көрсетілмеген. Соның салдарынан нысан әлі іске қосылмай тұр.

 

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.