Сенбі күні облыс орталығындағы «Шахмат үйінде» жүздеген шахматшы бас қосып, шеберлік сынасты. Бұл шара KazChessFest – Халықаралық шахмат күніне орай ұйымдастырылды.
«Біз — бір отбасымыз!» ұранын ұстанған Халықаралық шахмат күні 1966 жылдан бастап жыл сайын 20 шілдеде атап өтіліп келеді. Бұл күні бүкіл әлемде тақырыптық іс-шаралардың, жарыстардың және бір мезгілде ойын сеанстарының барлық түрлері өтеді. Ал биылғы жарыстар Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE)
100 жылдығына арналды.
Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Арыстан Қапаевтың сөзінше, шахмат турниріне 120-дан астам ойыншы қатысқан. Ойыншылардың ең үлкені 70-тен асқан қария болса, ең кішісі — 10 жасқа дейінгі балалар. Бұл турнирдің өзге жарыстардан ерекшелігі кім мықты, кім әлсіз демей, кәсіби шахматшылармен қатар, әуесқой ойыншылар да шахмат тақтасына отырады. Жарыс Қазақстан шахмат федерациясының және қалалық әкімдіктің қолдауымен өтті.
— Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сайысқа барлық санаттағы ойыншылар қатысты. Олардың қатарында шахматқа жаңа келген жасөспірімдер де, спорт шеберін алған атақты шахматшылар да бар. Бұл күні шахмат турнирі еліміздің 20 қаласында өткен болатын. Сол ойындардың қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған 20 шахматшы әлем чемпионаты алдындағы іріктеуге
қатысады. Олардың арасынан топ жарған төрт адамға ғана жолдама беріледі, — дейді Арыстан
Исатайұлы.
Турнир қорытындысы әр жас ерекшеліктері бойынша шығарылды. Атап айтқанда, 10, 12, 14, 16, 18 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында жеке-жеке жеңімпаздар анықталды. Осы жас санаттар бойынша Азалия Балжанова, Арлан Теміршот, Жасмин Текжанова, Әнуар Төлегенов, Рау Мунира, Әмір Төлегенов, Айдана Қойшыбай, Степан Луцик, Жания Науанова, Кирилл Бабкин есімді ойыншылар
жеңімпаз атанды. Әйелдер арасында Кристина Ким, 50 жастан жоғары ерлер арасында Талапбек Дүйсенбаев, 65 жастан асқан ерлер арасында Владимир Гребенщиков үздік
атанды.
Ал осы күнгі шахмат турнирінің жалпы қорытындысы бойынша бірінші орын жүлдесін Асман Баянтас ұтып алса, екінші орынды Владислав Малыгин еншіледі. Үшінші орын Арыстан Досмұхаметовке бұйырды.
Айта кету керек, мұндай жарыстар еліміздің барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларында белсенді ұйымдастырылып, шахмат үстелдеріне бір уақытта кемінде екі мың адам отырған.
Тілеуберді САХАБА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.