Бүгінде облыс бойынша оқушыларға арналған 12 лагерь жұмыс істейді. Олардың қатарында 9 мемлекеттік, 3 жеке меншік демалыс орны бар. Аталған лагерьлерде қауіпсіздік шаралары қаншалықты сақталған? Ата-аналардың алаңдауына негіз бар ма? Бұл сұрақтар Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында көтерілді.
Облыстық білім беру басқар-масы басшысының орынбасары Роза Ақанованың айтуынша, жыл сайын балалардың жазғы демалысын тиімді өткізуге арналған іс-шаралар кешені әзірленіп, жүзеге асуда. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да өз жалғасын тапқан. Жақында, яғни осы жылдың 15-16 шілдесі аралығында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдары лагерьлердің қызметін тексеріп, оң баға берген. Сондай-ақ, басқарма басшысының орынбасары өрт қауіпсіздігі, медициналық қызмет көрсету мәселелері де ерекше бақылауда екенін атап өтті.
— Оқушылардың жазғы демалысы кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау үшін құқық қорғау, төтенше жағдайлар, денсаулық сақтау, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мекемелері өкілдерінің қатысуымен жиындар өткізілуде. Балаларды тасымалдау қажет болған жағдайда міндетті түрде полицияның патрульдік қызметі еріп жүреді. Құқық қорғау органдарының күшімен қоғамдық қауіпсіздік үнемі қадағалануда. Сонымен қатар, 5 мамырдан бері облысымызда «Қауіпсіз балалық шақ» акциясы ұйымдастырылуда. Бұл шара жаңа оқу жылы басталғанға дейін жалғасатын болады. Соның аясында «Қауіпсіз су айдыны», «Қауіпсіз терезе», «Қауіпсіз аттракцион», басқа да балаларды қорғауға арналған іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, «Қауіпсіздік десанты» шарасы шеңберінде өңірдің қалалары мен аудандарындағы балаларға қауіп төндіретін орындарды, яғни ашық люктер, бұзылған ғимараттар, жабдықталмаған жағажайлар және балабақшалар мен мектептердің аумағында стандартты емес спорттық құрал-жабдықтарды анықтау үшін мониторинг жүргізілді, — деді Роза Ақанова. Сонымен қатар, ол аймақтағы білім беру мекемелерінің сайттары мен аккаунттарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жадынамалар орналастырылып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қолға алынғанын мәлім етті. Спикердің сөзінше, 31 тамызға дейін қоғамдық көліктерде, сауда және ойын-сауық орталықтарында, Өзен вокзалында қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы бейнероликтер үздіксіз көрсетілетін болады.
— Бұдан бөлек, жыл сайын жазғы маусым алдында мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне қауіпсіздік техникасын сақтау бойынша нұсқаулықтар беріледі. Яғни, су айдындарында мұқият болу, алғашқы медициналық көмек көрсету, жүріп-тұрғанда жол ережелерін сақтау сынды кеңестер ұсынылады. Қалалар мен аудандарда жауапты мамандардың қатысуымен балалар шомылатын жерлерде, жабдықталмаған жағажайларда рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды. Балалардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында SMS ескерту хаттары таратылды. Бүгінгі таңда 122 каркасты-модульді бассейн сатып алынды, — деді Роза Ақанова.
Баспасөз мәслихатында облыстық төтенше жағдай департаментінің азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Темірлан Жапалбай да сөз алып, қауіпсіздік талаптарын сақтау үшін атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Оның айтуынша, шомылу маусымы басталғалы су айдындарында 9 адам қайтыс болған. Олардың арасында 2 бала бар. Мұндай қайғылы жағдайдың алдын алу мақсатында жағажайларға 210 тыйым салынған белгі қойылып, 43 орынға су айдыны учаскесінің қауіптілігі туралы ақпараты бар QR кодтар орнатылған. Сондай-ақ, 5 мыңнан астам рейдтік іс-шара өткізілген. Соған қарамастан, тәртіп бұзу фактісі әлі де тыйылар емес. Тек биыл жаз басталғалы су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзған азаматтарға 47 әкімшілік хаттама толтырылып, 700 мың теңгеге айыппұл салынған.
Жиын соңында Бурабайдың «Эдельвейс» жазғы лагеріне демалуға барған павлодарлық оқушылардың жаппай сырқаттанып қалуының себебі мен қазіргі жағдайы да сөз болды.
— Аталмыш лагерьге «Жаздық жолдама» бағдарламасы бойынша жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 96 павлодарлық бала мен ауылдық жерлерден 100 оқушы жіберілген болатын. Олардың барлығы лагерьге бармас бұрын медициналық тексеруден өтті. Алайда 6 шілде күні 46 баланың ауруханаға түскені туралы ақпарат жарияланды. Сол сәтте «Эдельвейс» лагерінің медбикесі жұмыста болмаған. Кейін оның жақын туысы өмірден өткені, сол себепті жұмыста болмағанын білдік. Осы жағдайды ести салысымен мен бірден сол лагерьге бардым. Балалар астан уланбаған, инфекция да болмаған. Дәрігерлер біздің оқушыларға тонзиллит, ЖРВИ, фарингит диагноздарын қойып, ауруханада емдеді. Бастысы, бүгінде олардың барлығы дін аман, ауруханадан шықты, — деді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары.
Нұржайна ШОДЫР