Көп кешікпей, яғни биыл тамыз айында елімізде 21 жаңа мектептің тұсауы кесіледі деп жоспарлануда. Ал ағымдағы жыл соңына дейін тағы да 188 мектеп пайдалануға берілмек. Бұл білім ордаларының екеуі Павлодар қаласында ашылатын болады.
Аталған ақпарат Үкімет үйінде өткен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асырылу барысы туралы жиында белгілі болды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жүзеге асып жатқанын бұған дейін газетімізде жазған едік. Сол бағдарлама шеңберінде 2026 жылға дейін 740 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 369 мектеп салу жоспарланған. Қазіргі таңда 217 мектептің құрылысы қарқынды жүруде.
Мамандардың айтуынша, ұлттық жобаны іске асыру кезінде білім беру ортасының функционалдығы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Сол себепті бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған. Сонымен қатар, ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін кедергісіз орта құру және мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен қамтамасыз ету көзделген. Жаңа жобаға жауапты «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның басқарма төрағасы М.Айманбетов алғашқы нысандарды іске қосу белгіленген мерзімнен бұрын аяқталатынын атап өтті. Яғни, тамыз айында — 21 жайлы мектеп, қыркүйекте — 18, қазанда — 58 білім ордасы және жыл соңына дейін 112 мектеп пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, елімізде түрлі қаржы көздері есебінен 85 мектептің құрылысы жүргізілуде.
Нұржайна ШОДЫР.