Бір аптадан кейін білім грантын иеленген түлектердің тізімі белгілі болмақ. Мамандардың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда биыл грант конкурсына қатысуға өтініш бергендер саны 10 мың талапкерге артық. Яғни, бәсеке жоғары. Жақында қай салаға сұраныс көп екені және грант нәтижесін қандай ақпарат көздерінен көруге болатыны жарияланды.
Сонымен, биыл еліміз бойынша 104 мыңнан астам талапкер грант конкурсына қатысуға өтініш берген. Олардың қатарында 4 мыңнан астам павлодарлық түлек бар. Тестілеу орталығының ақпараты бойынша, осы жылы бакалавриатқа 79 мыңға жуық грант бөлінген. Оның басым бөлігі инженерлік және техникалық салаға бағытталған. Алайда талапкерлердің көбі педагогикалық мамандықтарды таңдағаны мәлім болды.
— Өтініштердің көпшілігі бірінші кезекте «Педагогикалық ғылымдар», одан кейін «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары», «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» сияқты бағыттарға берілді. Қабылдау науқанының нәтижесіне сәйкес болашақ тіс дәрігерлері, дипломаттар, мұғалімдер және психологтар арасында бір гранттық орынға ең үлкен конкурс күтілуде, — деп жазды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі. Ал гранттар тағайындау жөніндегі шешімді республикалық конкурстық комиссия қабылдайды. Оның құрамына ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді.
Айта кетерлігі, бүгінде Қазақстанда 120 жоғары оқу орны бар. Биыл түлектердің басым бөлігі, яғни 42 мың мектеп бітіруші Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарын таңдаған. Екінші орында Астана қаласы тұр. Ел бойынша 22 мың жас студенттік өмірін Елордада өткізуге бел буған. Қалғандары өзге қалаларда жоғары білім алмақ.
Тестілеуді сәтті тапсырып, бағы жанған грант иегерлерінің тізімі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің сайтында және @gylym_jogary_bilim телеграм-арнасында, www.testcenter.kz сайтында (ҰТО-ның ресми сайты) және TESTCENTERKZ телеграм-арнасында 10 тамызға дейін жария-ланады деп күтілуде. Бұдан кейін жоғары оқу орындарына қабылдау науқаны басталып, 25 тамызға дейін жалғаспақ.
Нұржайна ШОДЫР.