Жуырда Торайғыров атындағы облыстық кітапханада халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің қала, аудандардағы филиал төрағаларының қатысуымен кездесу өтті. Шараға аталмыш бірлестіктің президенті Рауан Кенжеханұлы арнайы қатысып, қоғамдық ұйым өкілдеріне облыстық филиалдың жаңа төрағасын таныстырды.

«Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облыстық филиалының жаңа төрағасы болып облыстық мәслихаттың депутаты Асылбек Туғанбай тағайындалды.

— Бұл жұмысты қазақ тілі – ана тіліміз болғаннан кейін, тілімізге жанымыз ашығаннан кейін қолға алып отырмын. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, барша азаматтың қолдауымен қолымыздан келгенше жақсы нәтижеге жетеміз деп ойлаймын. Тіліміздің мәртебесінің артуына, осы өңірде өзіндік орнын алуына барлығымыз атсалысып, бірге қызмет атқаратын боламыз, — дейді А.Туғанбай.

Кездесу барысында Рауан Кенжеханұлы мемлекеттік тілге қатысты бірнеше мәселені көтеріп, оның шешілу жолдарын тиімді қарастыру қажет екенін атап өтті.

— Бүгінде тілге қатысты әлі де шешімі табылмаған мәселелер көп. Мәселен, елімізде тұрып жатқан әр ұлт өкілінің баласы қай мектепте білім алса да қазақ тілін оқиды. Алайда олардың көпшілігі мемлекеттік тілді толық меңгере алмайды. Сондықтан осы салаға қатысы бар мамандармен бірлесіп, әдістемелік-техникалық шараларды ұйымдастырамыз. Сондай-ақ, түрлі ұйымдармен бірлесіп жұмыс атқарудамыз, — дейді Р.Кенжеханұлы.

Сонымен қатар, кездесу барысында өңіріміздегі тіл саясатының жүзеге асырылуы, атқарылған шаралар туралы сөз қозғалып, қала, аудандардағы филиал өкіл-деріне мемлекеттік тілге қатысты туындаған мәселелерді дер кезінде әрі оңтайлы шешу бойынша бағыт-бағдар берілді.

Айта кетейік, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі — қазақтың тілін, тарихын оқып-үйренуге, әдет-ғұрпын, тұрмыс-салтын сақтап, оны одан әрі дамытуға ықыласты қазақ және басқа ұлт өкілдерінің басын біріктіретін ерікті ұйым.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.