Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына үлесін қосып, қиын күндері билік басынан табылып, ісімен де, сөзімен де халыққа демеу бола білген ел ағаларының еңбегі елеулі. Сондай жандардың бірі — кеңестік экономиканың дамуында табанды қызмет еткен мемлекет және қоғам қайраткері Хатип Демесіновтің туғанына  — 100 жыл.

Жуырда Май ауданының орталығында Хатип Демесіновтің мерейтойына орай «Ұлы тұлға жүріп өткен дара жол» атты мәдени-танымдық еске алу кеші өтті. Оған мемлекет қайраткерінің замандас-тары, әріптестері, қоғам белсенділері, туыстары және аудан тұрғындары қатысты.

Хатип араб тілінен аударғанда «хатшы» дегенді білдіреді. Бір ғажабы, бұл есім Хатип  Демесіновтің тағдырын шынымен де алдын ала анықтап бергендей болды. Білікті саясаткер алдымен аудандық комсомол комитетінің хатшысы, партия комитетінің хатшысы, аудандық және облыстық комитет хатшысы, кейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының хатшысы болды. 1941 жылдан шаруашылық, қоғамдық және саяси жұмыстарды, ал 1941-2003 жылдар аралығында бірнеше қызметте болды. Мәселен, теміржол жүйесіндегі бас бухгалтер, бас бухгалтердің орынбасары, Павлодар облыстық комитетінің нұсқаушысы, Галкин аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Лебяжі (қазіргі Аққулы) аудандық атқару комитетінің төрағасы, Ермак (Ақсу қаласы) аудандық партия комитетінің, Май аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Павлодар облыстық комитетінің хатшысы, екінші хатшысы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының хатшысы, 10-шы шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.

Хатип Демесінов зейнет жасына жеткен соң Қазақ кәсіподақ кеңесі аппаратынан бөлек, Павлодар қалалық әкімшілігі басшысының кеңесшісі, қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы қызметін жалғастырды.

Қызы Людмила Демесінованың естеліктерінде Хатип Қабиұлы мінезі қатал әрі қызметіне байланысты уақыты тапшы болса да балаларына керемет тәрбие бере алған әке ретінде есте қалған.

— Әкеміз мемлекеттік қызметтерде еңбек еткен соң бізге көңіл бөле алмады. Ол үшін отбасы екінші орында болды. Бұл біздің отбасында ғана емес, осы салада қызмет атқарған азаматтардың әулеттеріне де қатысты болғаны анық. Балаларына қаталдау болды. Дегенмен, сол арқылы көп нәрсені түсіндіре алды. Ол жақсы адам болуды, өз сүйікті ісі арқылы Отанына адал қызмет етуді өзінің жұмысына деген сүйіспеншілігі арқылы үйретті. Әкеміз Май ауданында қызмет етіп жүрген уақыт аралығында Май ауданы қайта құрылды, «Ертіс-Қарағанды» арнасы және Ақсу ферроқорытпа зауыты салынды. Сол уақытта өзге де ауқымды жұмыстар жүргізіліп, талай түйткілді мәселе шешілді. Олардың арасында аудан тұрғындарын жұмыспен, әр сала қызметкерлерін азық-түлікпен, баспанамен қамту секілді күрмеулі жайттар бар. Бір сөзбен айтқанда, әкеміз нағыз іскер адам болды, — деп еске алады Л.Демесінова.

Шараға Май ауданының әкімі Қадылжан Сәтиев қатысып, Хатип Қабиұлының ауданның экономикасына қосқан елеулі еңбегін атап өтті.

— Адам баласының ғұмыры қысқа болғанмен, оның артында қалған жақсы істері, еңбегі мен қызметі және елге жасаған жақсылығы ешқашан ұмытылмайды. Сондай еңбегімен өңірде есте қалған тұлғалардың бірі – Хатип Демесінов. Хатип Қабиұлы 1965- 1971 жылдары Май аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет етті. Осы уақыт аралығында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтерді. Оның бастамасымен ауданның орталығы Май ауылынан Белогорье (Көктөбе) ауылына ауыстырылды. Осы елді мекенде тұрғын үйлер, әлеуметтік, экономикалық маңызы бар ғимараттар салына бастады. Кейін тұрғындар да жұмыспен қамтылды. Саяси қайраткер тек Май ауданында емес, аймағымыздың 6 ауданында еңбек етіп, оларды көркейту бағытында қызмет атқарды. Ұзақ жылғы еңбегі үшін көптеген медаль мен марапаттарға ие болды, — деп атап өтті аудан әкімі.

Хатип Демесінов Май аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жүрген кездерде бүгінде облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев жас маман болып еңбек еткен. Шара барысында әріптесі болған Рымтай Шөкейұлы саяси қайраткердің жұмыс істеу әдісі мен принциптері туралы сөз қозғады.

— Хатип Демесіновтің облыстың экономикасына сіңірген еңбегі зор. Оны, әсіресе, Май ауданының тұрғындары жақсы біледі. Ол кез бүгінгідей болған жоқ. Түзу жүріп тұрарлық жол, көлік, жұмыс орындары болмай, аудан тарап кетті. Дегенмен, Хатип Қабиұлы басшылыққа келген соң аталған мәселелер оң шешімін таба бастады. Аудан қайта құрылды. Ол еңбек еткен жылдары ауданда маңызды өндіріс орындарының құрылысы жүргізілді. Сол себепті бұл жұмыстарға асқан жауаптылықпен қарады. Жұмысына адал, бірбеткей адам болды. Ешқашан екі сөйлемейтін, — деп еске алды Р.Шөкеев.

Аталмыш шара жергілікті өнерпаз-дардың әншашуымен аяқталды.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.

Көктөбе ауылы, Май ауданы.