Қазір қылмыс саласын цифрландыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп, жыл сайын жаңашылдық енгізілуде. Тұрғындар үйде отырып полицияға өтініш жазып, әкімшілік айыппұлды, сот материалдарын қарай алады. Тіпті, облыс аумағында қай көшеде қылмыс көп тіркелгенін арнайы карта арқылы көреді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті бастығының міндетін атқарушы Жәнібек Кенжебаев мәлім етті. Оның сөзіне сүйенсек, комитет қылмыстық, әкімшілік және азаматтық істерді, тұрғындардың өтініші мен мемлекеттік мекемелердің тексерулерін есепке алады. «Цифр-
лық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде құқық қорғау жүйесінде ілкімді іс қолға алынған. Бұл ретте «Электрондық қылмыстық іс», «Әкімшілік құқықбұзушылықтың бірыңғай реестрі», «Е-Өтініш» жобаларын жұртшылық тиімді қолдануда.
— 2017 жылы аймақтағы криминогендік жағдайды бақылау мақсатында Qamqor.gov.kz интернет порталы іске қосылған болатын. Бұл жүйе тұрғындарға қажетті қызмет түрлерін ұсынады. Мысалы, алимент бойынша борышкерлерді іздеу, құқық қорғау органдарына өтініш жазу, жол-көлік оқиғаларының қатысушыларына қатысты мәліметтерді алуға болады. Бұдан бөлек, қай көшеде қанша қылмыс орын алғаны, қай аумақта қылмыс жиі тіркелетіні туралы барлық мәліметті ашық көре алады. Сонымен қатар, адамдар атында айыппұлдың бар-жоғын да тексереді, — дейді Ж.Кенжебаев.
ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің аға прокуроры Дәурен Арынов аймақ тұрғындары құқық қорғау саласындағы цифрлық жүйені белсенді пайдаланатынын айтты.
— Құқық қорғау саласының мамандары қандай да бір құқықбұзушылықты жасырып қалуын болдырмау үшін полицияға онлайн өтініш беру порталын іске қостық. Ол үшін пайдаланушыда электрондық- цифрлық қолтаңба болуы шарт. Сонымен қатар, кәсіпкерлер тексеріс жүргізумен келген мамандардың әрекетінің заңды не заңсыз екенін анықтай алады. Ол үшін кәсіп иелері актінің тіркеу нөмірін порталға енгізуі керек. Егер тексеріс жүргізуді растайтын мәлімет болмаса, мамандардың әрекеті — заңсыз. Мұндай жағдайда «115» нөміріне қоңырау шалып, прокуратураға хабарлай алады. Бұдан бөлек, порталда ел аумағында тіркелген қылмыстық істер, оның ішінде аяқталғаны, өндірістегі материалдар да орналастырылған, — дейді Д.Арынов.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.