Төрткіл дүние көз тіккен, төрт жылда бір келетін Олимпиада ойындарының жалауы желбіреді. Франция астанасы – Париж қаласының төрінде өтіп жатқан байрақты бәсекеде біздің спортшылар да бақ сынап жатыр. Бұл доданың алғашқы аптасында-ақ спортсүйер қауым сүйсінетін де, күйінетін де жағдайлар орын алды.

 

Алғашқы!

Қазақ елінің көңілін марқайтып, төбесін көкке жеткізген — әлбетте дзюдошы Елдос Сметовтың алтыны. Араға тура 44 жыл салып даңқты спортшы Жақсылық Үшкемпіровтің жеңісін қайталап, тұғырға көтерілді. Күрес түрлерін серік еткен қазақ балуандары алғаш және соңғы рет 1980 жылы Мәскеудегі ойындарда ғана бас жүлдені еншілеген еді. Елдостың бұл жолғы жеңісі — тәуелсіз Қазақстан тарихындағы дзюдодан алғашқы алтын медаль.

Бұл жеңіс 60 келі салмақ дәрежесінде күресетін біздің спортшыға оңай келген жоқ. Париж татамиінде алдымен жастар арасындағы Еуропа чемпионы, бельгиялық Торнике Цакадеуоны, құрлық біріншілігінің күміс жүлдегері, украиналық Дильшод Холматовты қапы қалдырса, ширек финалда Тайпей елінің намысын қорғап келген Ян Юн Вэймен күш сынасты. Ол —  Токио Олимпиадасының финалисі, Әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы. Қазіргі кезде дүниежүзілік рейтингте көш бастап тұрған осындай азулы қарсыласқа қарсы Елдос Сметов сауатты тактика құрып, тартыстың аяқталуына бір минут қалған кезде «вазари» ұпайын өз еншісіне жазып, айласын асырды.

Қазақстандық дзюдошы жартылай финалда испаниялық Франсиско Гарригоспен кездесті. Біздің спортшы былтырғы Әлем чемпионы, Еуропа біріншілігінде үш алтын және үш қола медальді олжалаған бұл сақа спортшыны да сан соқтырып кетті. Ал ақтық сында Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Еуропа чемпионы, франциялық Лука Мхеидзені өз елінде, өз жанкүйерлерінің алдында жеңіп, Олимпиаданың жеңімпазы атанды. Сөйтіп, Елдос Сметов төртжылдықтың басты бәсекесінің барлық медалін еншілеген спортшылар қатарына кірді. Ол 2016 жылы Рио-де-Жанейрода күміс медальді, 2021 жылы Токиода өткен Олимпиадада қола медальді иеленген. Биыл бәсекенің алғашқы күні-ақ ел мерейін асырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірден чемпионға қоңырау шалып, қазақ еліне ортақ жеңіспен құттықтады.

— Мүмкін емес ешнәрсе жоқ. Соған көзім жетті. Егер ниет болса, бәрін де жеңуге болады. Бәрі де қолдан келеді екен. Жақсылық Үшкемпіров атамыздың арманы орындалып, жекпе-жек түрлерінен қазақтан Олимпиада чемпионы шықты. Өте қуаныштымын, — деді Е.Сметов.

Атап өтерлігі, павлодарлық ұстаз, белгілі өнерпаз Оразбек Бақытхан да чемпионға арнау жазып, ол бірнеше күн ішінде ғаламтор мен әлеуметтік желіде мыңдаған қаралым жинап үлгерді.

Келесі күні тағы бір дзюдошымыз – Ғұсман Қырғызбаев ел қоржынына қола медаль салып, мерейімізді одан әрі асырды. 66 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған ол әлемнің мықты спортшыларымен айқасып, шеберлігін көрсетіп, жеңіске жете білді. Олардың қатарында Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, испаниялық Давид Гарсия Торне, Рио Олимпиадасының күміс, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы, Әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Оңтүстік Кореядан келген Ан Баул, Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропа чемпионы, франциялық Валид Хияр бар. Өкінішке қарай, осындай алыптардан айласын асырған біздің спортшының жолын жартылай финалда бразилиялық балуан Виллиан Лима кесті. Панамерика ойындарында екі рет жүлде алып, құрлық біріншілігінде үш мәрте топ жарған бұл спортшыдан да айналып өтуге болар еді. Дегенмен, бұл жолы Ғұсманның күресі жүрмей қойды. Голден-скорда Виллион қандасымызды қапы қалдырды. Ал үшінші орын үшін
тартыста Ғұсман Қырғызбаев сербиялық Страхания Бунчичтің осал тұсын тауып, қола медаль еншіледі.

Жетістік туралы сөз қозғағанда Олимпиададан қоржынға түскен алғашқы медаль туралы айтпай кетпеске болмас. Бұл – тек біздің елге емес, жалпы төртжылдық бәсекесінде алғаш берілген медаль. Оны нысана көздеушілер – Ислам Сәтпаев пен Александр Ле олжалады. Топтық сайыста сынға түскен олар пневматикалық мылтықпен 10 метрлік қашықтықтан атудан «кіші» финалда Германияны 17:5 есебімен ойсырата ұтып, қола медальді еншіледі. Атап өту керек, қазақстандықтар аталмыш спорт түрінен 1996 жылы Атлантада өткен Олимпиадада үш бірдей жүлде алған еді. Содан бері аталмыш спорт түрі бойынша қанжығамыз майланған емес. Араға 28 жыл салып Ислам Сәтпаев пен Александр Ленің жеңіс тұғырына көтерілуі – қуаныш.

Сәрсенбі күнгі жағдай бойынша, біздің ұлттық құрама бір алтын және екі қола медальмен жалпы есепте 12-орында тұр.

 

Әттеген-ай!

Олимпиада ойындары кіл мықтылар бас қосатын бәсеке болғандықтан, мұнда «Оңай шағылатын жаңғақ» жоқ. Барлығы – сайдың тасындай іріктелген спортшылар. Сондықтан олардың қатарынан суырылып алға шығып, медаль еншілеу – әсте оңай емес. Өкінішке қарай, төрткіл әлем көз тіккен бәсекеден жеңіспен ораламыз деп аттанған кей спортшылар жарыс жолын аяқтады. Айталық, күллі қазақ елі қаршадай қызымыз, дзюдошы Әбиба Әбужақыноваға зор үмітпен қарап еді. Ол алғашқы бәсекелерін жақсы бастады да. Алдымен израильдік Шира Ришониді тактикалық тұрғыдан ұтса, кейін тайпейлік Лин Чен-Хаоны 17 секундта алып ұрды. Ширек финалда испаниялық Лаура Мартинес Абелендамен тең дәрежеде айқасып жатып, абайсызда оның «қақпанына» түсіп қалды. Жұбаныш белдесуде парагвайлық Гарбриэла Нарваесті «осаэкоми» әдісіне салып, татамиде 20 секунд тырп еткізбей ұстап, таза жеңді. Сөйтіп, қола жүлде үшін тартысу мүмкіндігіне ие болды. Алайда швециялық жас спортшы, 18 жасар Тара Бабулфатқа есе жіберді. Нәтижесінде Олимпиаданы бесінші орынмен аяқтады.

Байрақты бәсекенің салтанатты ашылу рәсімінде көк Туымызды көтеріп шыққан боксшы Асланбек Шымбергенов алғашқы кездесуінде-ақ жеңіліс тапты. Әлем және Азия чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін жүлдегері шаршы алаңда қарсыласы – иорданиялық Зеяд Ишаишке есе жіберді. Ал бұрнағы күні аса ауыр салмақта ел намысын қорғауға барған Қамшыбек Қоңқабаев испаниялық боксшыдан айласын асыра алмады. Еуропа чемпионы Аюб Гафа Дрисси төрешелердің есебі бойынша біздің боксшыдан басым түсті. Кеше үкілі үмітіміз, Әлем чемпионы — Махмұд Сабырхан да бірінші жекпе-жегінде испаниялық Хосе Кулес Бротостан жеңілді. Сөйтіп, жолына жеңіспен қараған үш боксшымыз алғашқы кездесуден соң елге қайтатын болды.

Олимпиадаға үкілеп қосқан екі теннисшіміз – Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева денсаулық жағдайына байланысты жарыстан шеттетілді. Олардан да жүлде келген жоқ.

Айта кетейік, Париж төріндегі әлем назарын аудартқан спорттық дода 11 тамызға дейін жалғасады. Бұл уақыт аралығында ел қоржынына алтын, күміс және қола медальдар түседі деген үміттеміз.

Жалпы, төртжылдықтың басты додасындағы барлық спорт түрінде бәсеке жоғары. Мұнда тек мықтылар өзара бақ сынап жатыр. Қазақстан спортшыларының бір бөлігі осы уақыт аралығында жоғары жетістіктерімен көзге түсіп үлгерсе, енді бірі жеңілістің ащы дәмін татты. Қалай болғанда да көк Туымызды көкке көтеру үшін барған барша спортшыға жанкүйер болайық! Жеңісті сәттер көп болсын.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.