Менің атам ел-жұртқа сыйлы, қазақи болмысты, қысылғанда талай адам келіп арқа тұтқан жан болса керек. Оның бойындағы ең басты қасиеті асқан адамгершілігі деп санаймын. «Әкең өлсе де, әкеңді  көрген өлмесін» демекші, атамыздың жарқын жүзді, ашық қолды, ағайынның ақылшысы, қамқоршысы болғанын көзі көрген ағайынның әңгімесінен жиі естіп-біліп жүрмін. Қарапайым еңбек адамы бола тұра дарындылық қасиетін таныта білген оның шығар биігі заңғар болса да, тағдыр сызығы аз ғана ғұмыр жазғанына қынжылатыным рас. Небары 56 жыл өмір сүрсе де тек өз ұрпақтары емес, жалпы өскелең буынға жетерліктей рухани мол мұра қалдыра білді.

Атамыздың болмысының қандай болғандығын апамның (әжемнің) ол туралы бізге айтатын естелік әңгімесінен жақсы білемін. — Аталарың бойына шабыт келгенде түнімен арлы-берлі жүріп ұйықтамайтын, үйге қонақ шақырғанда үстел басында отырмайтын арқалы адам болды, өлеңдерін жазып болған соң, тау қопарып келгендей «Ух, болдым-ау» деп маңдайының терін сүртіп  отыра кететін, — деп есіне алады ол.

Шығармалары арқылы өткен өміріне   көз салсам, өмірдің бар қиындығын көріп өссе де мойымай, өлең-жырға әуес болған атамның қайсарлығына таң қаламын. Бүгінде атамыздың жарық көріп жатқан кітаптары қалың оқырман қолында. Мектеп мұражайына қойылған қолжазбаларының ішінен атамыздың еңбектеріне баға берген поэзия алыбы Мұқағали Мақатаевтың жазған пікірі төбемді көкке жеткізгендей. Себебі, бұл атамыздың шығармашылығының бағалануы деп білемін.

«Өмір жаңалықтары» атты ғұмырнамалық қолжазбасынан  «Мен жазушы емеспін, талаптанушымын» деп баға беруінің өзінен оның бойынан қарапайымдылығын танимын. Бүгінде  атамыз еселі еңбегінің арқасында  он екі қырынан танылып отыр. Соның бірі — облыс, республика көлеміне танытқан  суырып салма  ақындығы. Жетпісінші жылдары айтыстың  алғашқы қарлығаштарының бірі болып, қазаққа тән ақындық жолын салған, ел намысын қорғап, талай додада сөз бәйгесіне түскен атамыздың өнері тарих қойнауынан орын алды.

Атамыз апамыз Дәкенге «Мені де іздейтін адамдар бар, мына қолжазбаларыма ие бол» деп өсиет айтуының өзінде кеудесінде біз білмейтін бір сезімнің болғаны анық. Оның рухани байлығын көздің қарашығындай сақтап, осы күнге жеткізген апамыз бен оны жарыққа шығаруға атсалысып жүрген зиялы қауымға айтар алғысым шексіз.

Иса салған ізбенен қанаттанған,

Желдірмесін желдіртіп  ән ақтарған.

Айтыстың ай маңдайлы арғымағы,

Қимадиден атаммен мақтанам мен.

 

Бай мұрасы сақталған  дастанында,

Әлі талай асу бар асқарында.

Қалған екен атамның аманаты,

Жазылып әс тарихтың тастарында.

 

Өнердің зымыраған қайығы едің,

Қай іске болса-дағы дайын едің.

Құрылысшы, шежіреші, электрик,

Бар істің лапылдаған жалыны едің.

 

Саяжан Қимадиден, немересі.