Атағы шыққан өлмейді,

Есте қалмаған өледі.

(Рашид-әд-Дин) Өнегелі

1978 жылдың мамыр айының соңғы күндерінің бірі болатын. Институтты тәмамдаған соң 1977 жылы, ауданның білім бөлімінің жолдамасымен қыр өңіріндегі Шідерті орта мектебіне жіберілген едім. Қырда отбасын құрмаған жас мамандардың аса тұрақтамайтын кезі, сондықтан болар, мен кетіп қалады деп қауіптенсе керек, мектеп директоры Бәрбаш Жүнісұлы маған пәтер іздеп әуре болмай өз үйінде тұруды ұсынды.

Әңгімемді бастаған уақытта мектептегі оқу жылы аяқталып, емтихан кезеңінің басталған сәті  болатын. Қотандағы құдықтан су алып, верандадағы ыдыстарды толтырып жатқанда, үйдің жанына ақ «Жигули» маркалы автокөлік тоқтап, ішінен мығым денелі, орта бойдан сәл үлкенірек, мойнына фотоаппаратын асынған, басында жаз кезінде киетін торлы қалпағы бар адам шықты. Аман-саулықты біліскен соң «Бәрбаш үйде ме?» деп сұрады. «Үйде. Қапентай Жұматайқызы да үйде, кіріңіз» – деп, жол көрсеттім. Аяғын асықпай басып, маған бейтаныс адам үйге кірді.

Біраз уақыттан соң Бәрбаш ағаның ұлы Серік шығып «Шайахмет аға, сізді шайға шақырып жатыр» деген соң үйге кірдім. Қонақ күтетін бөлмеде дастархан жайылып, Қапентай жеңгей өзіне тән қонақжайлығымен мейманның алдына барын қойып, қою қара үнді шайын құйып отыр екен. Бәрбаш ағайдың жанына орналасып болған сәтте, дастархан басында отырған адам «Бұл жігіт кім болады?» – деп үй иесіне сұрақ қойды. «Бұл — өзіңіздің ініңіз Шайахмет, мектебіміздегі математика пәнінің мұғалімі» деді Бәрбаш аға. Назарын маған бұрып, жолаушы адам дәстүрлі сұрақтарды қоя бастады. «Кімнің баласысың? Руың кім?» деген сұрақтарына жауап берген кезде «расында бөтен болмай, біздің ауылға жиен болып шықтың ғой. Сенің анаң Нәзипа Айғазықызы біздің ауылдың тумасы ғой. Сенің нағашы жұртыңның біразы Жаңабетте екенін білесің бе?».

— Шет жағасын білем, бірақ өз басым ол ауылда болып көрген емеспін, — деп жауап қайтардым  да, бір-екі кесе шай ішіп, кешірім сұрап, мектепте консультация өткізетін уақыт келіп қалды деп шығып кеттім.

Бұл менің өзінің тынымсыз еңбегінің, соңынан мұра қылып  қалдырған мол ізденістері, көптеген әңгімесі мен өлеңдерінің  арқасында бүгінгі күні өңірімізге ғана емес, бүкіл елімізге танылып отырған Қимадиден Нығымановпен алғашқы жүздесіп, жөн біліп, танысқан сәтім  болатын.

Кешкі ас уақытында Бәрбаш ағай мен Қапентай жеңгемнен келіп кеткен Қимаш ағаның не себеппен жүргені туралы сұрастыра бастадым. Сондағы Қимадиден Нығманұлының Ақкөл, Екібастұз кеңшарларын, Қарақоға, Шұға, Естайдың туған ауылын аралап келе жатқанын, сондағы көнекөз қариялармен, билік тұтқасын ұстап отырған бірқатар азаматпен кездесіп, су тасқынына қарсы шаралар, Естай туралы естеліктер мен өлеңдерді  сұрап-біліп, жинақтап, қойын дәптеріне жазып алып жүргенін айтқан болатын.

Бәрбаш ағай көп сөйлемейтін еді, көбіне әңгімені майын тамызып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы болғандықтан шығар,  Қапентай жеңгеміз айтатын. Сондағы сөзін түйіндей келе айтқаны есімде. «Нағашың — еңбекқор адам. Өз еркімен осыншама жерді шарлап, ондаған адамды іздеп тауып, олардың айтқанын мүлтіксіз қағазға түсіріп жазудың өзі — үлкен ерлік. Әттең, қолдаушысы болмай, баспадан кейбір шығармалары басылып шықпай жатыр екен», – деген болатын.

Осы оқиғадан соң Қимадиден ағамен 1979 жылы жүздескен болатынмын.  Аудандық комсомол комитетінде хатшы болып істейтін шағым. Жақсыбек Алин — екінші хатшы. Бір жұмыс кабинетінде отырамыз. Оның  жұмыстағы функционалды міндеттерінің ішінде жастар арасында  мәдени-көпшілік шараларды өткізу арқылы жастарды коммунистік идея негізінде тәрбиелеу де болатын. Бір күні «Шайахмет, Естай Беркімбаевтың атына жүлде тағайындап, жас домбырашылар арасында байқау өткізсек қайтеді?»
деген ұсыныс жасады. Сол жерде осы шараның шарттарын, өткізу сценарийін, тағы да басқа қажетті қадамдарды тізбектеп, бірінші хатшы Галина Чайкадан бұл мәселені бюрода қарап, тиісті қаражат бөлу жөнінде қаулы қабылдауды, ұйымдастыру комиссиясын тағайындауды сұраған болатынбыз.

Маған Естай туралы мағлұматтар жинап, конкурсқа қатысушылар мен жанкүйерлер алдында сөз сөйлеу, аудандық мәдениет үйінің директоры, аудандық комсомол комитетінің бюро мүшесі Ермұрат Тілегеновке сахнаны безендіріп, тиісті дыбыс күшейткіш техникамен, микрофон және басқа да керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету тапсырылды.

Сценарий бойынша байқаудың беташарын арнаумен ашу керек болатын. Сол кезде мен Естайдың өмір және өнер жолын зерттеп, материалдар жинақтап жүрген Қимадиден ағамызды еске алып, сол кісіге барып, ұсыныс жасау керек деп ұйғардым.

Көп ұзамай Жақсыбек екеуіміз аудандық комсомол комитетінің автокөлігімен Жаңабетке жол тарттық. Ауыл ішінде үйі ерекшеленіп тұрған ақынның үйін бірден таптық. Барсақ,  бір ұлы «Жигулидің» доңғалағын жөндеп жатыр екен. Қимаш ағай қасында қарап, өзінің кеңесін беріп тұр. Амандық біліскен соң  өзімізді таныстырып, келген бұйымтайымызды айтқан сәтте «Біраз ауырыңқырап жүрмін. Бірақ мына қадамдарың өте құптарлық дүние екен. Естай —
барша қазақтың мақтанышы, өкінішке қарай, жете мән беріліп, насихатталмай келеді. Сондықтан мен міндетті түрде қатысамын, оған күмәндарың болмасын. Біз жастарға Естайдың өнерін жеткізіп, қиындық сәттері көп болған өмірімен мейлінше таныстыруымыз қажет»
деген болатын. Ақын ағамыздың бұл сөзінен кейін біздің де көңіліміз көтеріліп, өте бір қажетті шараны қолға алғанымызға көзіміз жетті.

Міне, Қимадиден Нығымановпен жүздескен кезім, соңынан байқау кезінде, одан кейінгі дастархан басындағы сәттердің барлығы көз алдымда, кеше ғана болғандай жарқырап тұр. Сол кездегі сырқатынан айықпай, көп ұзамай дүниеден өтті. Дегенмен, қысқа ғұмырында өскелең ұрпаққа туған жерді, елді, адамдарды қаншалықты қадыр тұтып, сүю керектігін өлместей рухани мұра ретінде қалдырды.

Жоғарыда айтқан кездесулер мен жүздесулердің барысында  ол кісінің шығармашылығы мен өлкетанушылық қызметтеріне аса зейін қойған жоқ едім. Кейін 1989 жылы аупарткомның идеология бөлімін басқарған шақта аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Жасұлан Шормановты  және Чкалов атындағы (қазіргі Мүткенов ауылдық округі)  кеңшардың директоры Олжабай Араловты алып,  марқұмның  жұмыс бөлмесі негізінде мұражай ашу  мәселесімен үйінде болған сәтте Қимаш ағаның қолжазбаларын, қағаз басатын ескі типтегі баспа машинасын көріп, жұмыс істей жүріп, ел аралап қаншама  еңбек еткенін көріп, таң қалғаным бар. Өкінішке қарай, сол кездегі облыстық мәдениет саласында жүрген лауазымды тұлғалардың көшірмелерін түсіріп алуға уақытша сұрап алған біраз еңбегі түрлі себептермен қайтарылмай, іс-түзсіз жоғалып та кеткен жайы бар. Десе де, марқұмның жары Дәкен апаның көзінің қарашығындай сақтап, ешкімге қолды қылмаған дүниелері соңғы жылдары жиені Бейбіт Бөженнің, ауданымыздың танымал жазушысы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ерболат Мундуиновтің  арқасында марқұмның еңбектері —
«Естай», «Сел», «Ақдидар», «Өмір жаңалықтары» атты кітаптары баспадан шығып, көптің игілігіне ұсынылған болатын. Биыл  ақынның 100 жасқа толуына орай «Атырау» атты кітабы жарық көріп, алдағы мерейтойлық салтанатты жиында тұсауы кесіліп, оқырман қауымға жол тартпақшы.

Аудандық редакцияда істеген мезетте уақыт салмағына төтеп бере алмай, сарғайып қалған газет тігінділерінен Қимадиден Нығымановтың еңбек адамдары, білікті басшылар, мемлекеттік жоспарларды орындауда алғы шептен көрініп жүрген еңбек ұжымдары туралы түсірген фотолары мен жазған мақалаларын көптеп көруге болады. Айтпағым, осы қыруар істі газеттің штаттан тыс тілшісі ретінде атқарғаны тағы бір мәрте ол кісінің асқан еңбекқорлығын және қарапайым еңбек, қол өнері адамдарын газет оқырмандарына кеңінен насихаттаудағы қыруар еңбек атқарғанын дәлелдейді.

Жазған қолжазбаларын, оны жазу үшін ондаған адамды тауып, олардың қайсыбіреуіне жүздеген шақырым жерді жүріп отырып бару, айтқандарын  қойын дәптерге жазып алып (қолданысында қазіргідей
диктофон болмаған шақта), соңынан  оның көпшілігін сия және қаламның, бертін келе баспа машинасының көмегімен қағазға түсірілгенін көргенде Қимаш ағаның жанқиярлық еңбекқорлығы алдында өзіңді өмірден серуендеп өтіп жатқандай сезінесің.

Сөзімнің соңын XIV ғасырда өмір сүрген ойшыл, көрнекті қыпшақ ақыны Сайф Сарайидың:

Ердің артында көп алтын қалғанша, жақсы аты қалғаны игі.

Өлер ердің алтын болмай мақсаты,

Ізгілік қой — қалған болса жақсы аты, – деген сөзімен аяқтағанды жөн санадым.

Шынында да, Қимадиден Нығыманов өскелең ұрпаққа рухани азық болатын өнегелі қазынаны мұра қылған, ел жадында жақсы атын қалдырған өңіріміздің абзал перзенті болып мәңгі жасай бермек.

 

Шайахмет СӘДУАҚАСОВ,

Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы.