Білім беру көрсеткіші бойынша Павлодар өңірі үнемі көш басынан көрінуде. Мұндай дәрежеге облыстағы дарынды оқушылардың арқасында қол жеткенін атап өткен жөн. Олардың қатарында кімдер бар? Павлодарлық шәкірттер халықаралық олимпиадаларда қандай жетістіктерге қол жеткізді? Бұл сұрақтарға Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында жауап таптық.

Бүгінде облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебі бүкіл республикаға танылуда. Себебі, жыл сайын бұл білім ордасының шәкірттері биік шыңнан көрінуде. Баспасөз мәслихатында білімімен мыңды жығып, егемен еліміздің абыройын асқақтатып жүрген жасөспірімдер өздерін таныс-тырып, жетістіктерімен бөлісті. Солардың бірі — жақында ғана Сауд Аравиясында өткен 56-шы халықаралық химия олимпиадасынан алтын медаль алып келген Ринат Елеусізов. Ол химия пәні бойынша республикалық және халықаралық олимпиадаларда бірнеше дүркін жеңімпаз атанып, жүлделі орындар иеленді. Мәселен, тек соңғы екі жылдағы жетістігін айтар болсақ, былтыр Швейцарияда өткен 55-ші халықаралық химия олимпиадасынан күміс, 57-ші халықаралық Менделеев олимпиадасынан қола, ал биыл республикалық химия олимпиадасынан алтын, Шаньчжэнь (Қытай) қаласында ұйымдастырылған 58-ші халықаралық Менделеев олимпиадасынан тағы да алтын медальді қанжығасына байлады. Биыл білімінің арқасында Оңтүстік Кореядағы ғылым мен технология университетіне оқуға түскен Ринат Елеусізов бұл жолда да көп тер төккенін айтады.

— Қанша медаль болса да шетелдегі мықты жоғары оқу орындарына оңайлықпен түсу мүмкін емес. Ол үшін IELTS, SAT сияқты халықаралық талаптарға сай сынақтардан сүрінбей өтуің керек. Мол білім мен үлкен еңбектің нәтижесінде ғана таңдаған оқу орнына түсуге болады. Ең бастысы, адам алдына мақсат қоя білуі тиіс. Білім-ғылымға қызығуы қажет. Сонда ғана жоғары нәтижеге қолы жетеді. Әйтпегенде, ата-ананың немесе ұстаздың қысымымен сабақ оқып, медаль алу дұрыс емес. Мұндай оқушылар алысқа бармайды деп ойлаймын, — дейді жас дарын.

Аталмыш лицейдің мақтан тұтар шәкірттерінің бірі — Владимир Роговский. Ол XXIII «Жібек жолы» халықаралық математика олимпиа-дасынан — алтын, XXXVI Азия-Тынық мұхит олимпиадасынан — күміс, халықаралық Жәутіков олимпиа-дасынан тағы да күміс медаль иеленген. Сондай-ақ, таяуда ғана Ұлыбританияның Бат қаласында өткен 65-ші халықаралық математика олимпиадасынан қола медальмен оралды. Ол бұл өмір жеңіс пен жеңілістен тұратынын айтып, қатарластарына қандай жағдай болса да мойымау керектігін айтады.

— Адам жеңіске жетсе, асқақтап кетпей, оны көтере білуі керек. Мұның артында сенің ғана емес, басқа адамдардың да еңбегі тұрғанын бағалау қажет. Ал жеңіліс тапса, еңсені түсірмей, қай жерден қателік жібергенін ойлап, алға қарай қадам жасай беру қажет. Медаль алу басты мақсат болмауы тиіс. Сапалы білім, саналы тәрбие алып, олимпиадаға қатысқанның өзі бір бақыт екенін түсінген жөн, — дейді ол.

Баспасөз мәслихатына сондай-ақ, №8 лицей-мектебінің республикалық және халықаралық олимпиадалардан олжалы оралып жүрген Дәрия Бектұрсын, Ораз Әнуар, Анастасия Одинцова, Юлия Катунина, Рудик Иван, Юрий Шубладзе есімді шәкірттері де қатысып, өз жетістіктері жайлы сөз етті.

 

Нұржайна ШОДЫР.