Облыстағы шаруашылықтардың басым бөлігі шабындыққа шалғы салды. Былтыр құрғақшылық салдарынан мал азығы аз жиналса, биылғы өнімділік әзірше жаман емес. Шөптің бітік шығуына жайылмаға мол көлемде судың босатылуы, жаңбырдың жаууы сияқты жағдайлар әсер етсе керек. Ендігі міндет – өнімді уақытылы жинап алу.

Ақсу қаласына қарасты Еңбек ауылында мал шаруашылығымен айналысатын «Ер-Али» шаруа қожалығының шөп шабу науқанына кіріскеніне бір аптадай уақыт болып қалыпты. Аталмыш шаруашылық шамамен 800 ірі қара, сонша жылқы ұстайды. Оларды көктемге дейін азықпен қамту үшін 600 гектар аумақтан шөп жинайды.

— Өткен жылғы қуаңшылықтың біраз қиындық тудырғаны рас. Ал биылғы науқанның басы көңіл көншітерлік. Бұған жайылмаға судың көп көлемде босатылуы оң әсерін берген сыңайлы. Өзіміз жинаған азық ірі қара мен жылқыларды қыстан алып шығуға молынан жетуі керек. Бұл ретте мемлекеттік қолдаудың да көп көмегі барын айтпай кетпеске болмас. Бұған дейін шөп шабу үшін жеңілдетілген дизель отынын алуға өтініш беріп едік, күні кеше сол өтініш мақұлданып, қажетті отын көлемі берілетін болды. Оның бір литрі – 235 теңге. Нарықтағы баға – кемінде 280 теңге. Сондықтан арзан бағамен жанармайдың берілуі шөп шабуға кіріскен шаруаларға айтарлықтай жеңілдік жасайтыны сөзсіз, — дейді шаруашылық басшысы Әлия Тұрапекова.

Облыста биылғы қыстаққа кіретін шартты мал басы 405 мың болып отыр. Оларды қыстан аман алып шығу үшін әдеттегідей бір жарым жылдық қор жиналмақ.

— Қыстаққа кіретін мал басын жылқы, ірі қара, ұсақ мал деп бөлмей, барлығын шартты түрде есепке аламыз. Норматив солай. Соған сәйкес, шартты түрде есептелген әр малға 3 тонна азық керек. Демек, қыс түскенше
1 млн 200 мың тоннадан астам өнім жинау міндеті тұр. Атап айтқанда, биыл 1 215 мың тонна пішен, 86,5 мың тонна пішендеме, 317 мың тонна сабан, 213 мың тонна құрама жем және 182 мың тонна сүрлем керек, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері.

Бүгінгі таңда 1055,7 мың гектар жерден, яғни шабындықтың 67 пайызынан шөп жиналды. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, былтыр дәл осы уақытта шабындықтың небары 23 пайызынан өнім алынған-ды. Соған қарағанда, биылғы қарқын жаман емес.

Басқарманың жүргізген есебіне сүйенсек, шабындыққа шалғы салынғалы 1065,7 мың тонна мал азығы дайындалды. Бұл — жоспарлы көлемнің  58,5 пайызы. Сонымен қатар, шаруашылықтар 67,4 мың тонна пішен әзірлеп үлгерді.

Жоғарыда биылғы шөп шығымы көңіл көншітерлік екенін атап өттік. Оған мына бір деректер де дәлел. Өткен жылы әр гектар жерден небары 4 центнер шөп жиналса, осы жылы өнімділік екі еседен артық көлемге ұлғайды. Атап айтқанда, шаруалар жинаған азықтың орташа өнімділігі гектарынан 10,1 центнерді құрап отыр. Соған қарағанда, биыл төрт түлік қыстан қысылмай шығуы қажет.

Алайда әдеттегідей шөп жинау науқанына жауын-шашын кері әсерін тигізуі ықтимал. Синоптиктердің болжамынша, осы апта жаңбырлы болады. Соның салдарынан шаруашылықтардың жұмысы тұралап қалуы бек мүмкін.

Сонымен қатар, облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының өкілдері қыркүйекте су қоймасынан тағы да су жіберілуі мүмкін екенін ескертті. Салдарынан төменде орналасқан шабындық жерлерге су жайылуы мүмкін. Мұндай аумақтар Павлодар, Ертіс және Ақтоғай аудандарында бар.

Айта кетейік, бүгінде қоймадан секундына 1000 текше метр су босатылуда. Бірақ бұл көлем Ертістің жайылмасына жетпейтін көрінеді. Сондықтан қыркүйек айында көлемнің күрт көбеюі ғажап емес.

— Бассейн инспекциясының болжамына сүйенсек, қыркүйекте қоймадан босатылатын су көлемі секундына 1500 текше метрге дейін жетуі мүмкін. Сол себепті төмен аймақтардағы шаруа қожалықтарына дайындалған шөпті ертерек тасып алуға кеңес береміз. Жайылманы су толтыратын уақытты күтудің еш қажеті жоқ. Мүмкіндік болса, қыркүйекке дейін азықтың барлығын шығарып алған жөн, — дейді облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары Дияр Қайыркенов.

Яғни, ерте қамданғанның ұпайы түгел болмақ. Жазда жинаған өнімді кәдеге жарату үшін оны қазірден-ақ шөп сақтайтын орындарға жеткізіп алған артық етпейді. Әйтпегенде, мая-мая шөп су астында қалып, төрт түлік мал азығынан қағылып қалуы да ықтимал.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.