Жуырда Абай күні қарсаңында Павлодар қаласындағы М.Жаманбалинов атындағы орталық балалар кітапханасында «Абай – ұлы тұлға» атты портреттік кеші өтті. Аталған шараға облыстық жалпы үлгідегі қарттар мен мүгедектерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушілері қатысты.

Алдымен қатысушылар жазғы алаңда  «Абайды оқы, таңырқа…» атты интерактивті әдеби көрмемен танысты. Оған ақынның шығармалар жинағы және Абай өмірі мен шығармашылығын зерттеген ғалымдардың еңбектері қойылды.

М.Жаманбалинов атындағы орталық балалар кітапханасының кітапханашысы Жамкей Дәуітханның сөзінше, шараның мақсаты – өскелең ұрпаққа тағылым ретінде Абайдың рухына тағзым ету, Абайдың рухани құндылықтарын көрсете отырып, әдеби және тіл мектебін, ұлт пен рух мектебін ашу, ұлы ақынның мұрасын жастардың санасына сіңіру.

— Немістер Гетесімен, орыстар Пушкинімен мақтанады. Ал біз халқымызды өркениеттің өріне қарай жетелеген, қалың елдің Абайымен мақтана аламыз. Абай ешкімге ұқсамайтын болмысымен, асқан дарынымен әлемдік дәрежедегі дара тұлға болып қала бермек, — деп атап өтті ол.

Кейін шара жүргізушілері жиналған қауымды Абайдың поэтикалық және философиялық мұрасы, оның қазіргі қазақ әдебиетінің дамуындағы рөлі туралы жан-жақты айтты. Кеш барысында ақынның сөздеріне жазылған әндер шырқалып, интеллектуалды жарыстар мен спорттық ойындар
ұйымдастырылды.

 

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.