Облыста ювеналды полиция бала қауіпсіздігін алдын алуда бақылауда тұрған отбасыларды тексеру шарасын күшейтуде. Жыл басынан бері 400-ден астам отбасы бала алдындағы ата-ана міндетін орындамаған.

Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің ісіне жауапты ювеналды полиция қызметі  балалардың қатысуымен болатын қылмыс санын азайту мақсатында күні-түні жұмыс істейді. Әсіресе, аз қамтылған, көпбалалы, құқық қорғау органдарының есебінде тұрған отбасылар ерекше бақылауға алынады. Апта сайын рейдтік шара ұйымдастырып, аталған отбасылардың жағдайымен танысады, тұрмысына көңіл бөледі. Отбасы мүшелеріне бала алдындағы ата-ананың жауапкершілігі, жол қауіпсіздігін, өрт ережесін сақтау, суға шомылу кезінде абай болу сынды талаптар түсіндіріледі.

— Бала тәрбиесімен дұрыс айналыса алмаған, ұл-қызының құқығын қорғай алмаған 425 ата-ана әкімшілік жаза арқалады.  Мысалы, Железин ауданында жайсыз отбасы үйіне бөгде адамдарды жинап, ішімдік ішкен. Балалардың жағдайына мән бермеген. Бала тәрбиесіне бейқам қараған отбасы есепке алынып, оларға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Көрші, туысқандарымен әңгіме жүргізіліп, тұрмыстық жағдайлары бойынша арнайы бұйрық жасалды. Отбасы мүшелеріне балаларды күтіп-бағу бойынша түсіндіру жұмысы жүргізіліп, мамандармен балаларды мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына орналастыру мәселесі де талқыланды, — дейді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция тобының аға инспекторы Бибігүл Қамзина.

Бибігүл Төлешқызы жаз мезгілінде тәртіп сақшылары жастар көп жиналатын орындарда рейдтік шара жиі ұйымдастырылатын айтады. Түнгі уақытта көше кезіп, ойын-сауық орталықтарында жүрген балалар үшін 1489 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, 55 ойын-сауық орындарының иесі де жасөспірімдерді түнгі уақытта мекемеге кіргізгені үшін жаза арқалаған.

— Жасөспірімдер түнгі сағат 22.00-ден кейін ата-анасыз, жалғыз жүрмеуі керек. Мұндай жағдайда ата-аналар жауапқа тартылады. Рейдтік шаралардың жиі ұйымдастырылатынына қарамастан, көшеде жалғыз жүретін бала көп. Олар орталық жағалауда серуендегенді ұнатады. Бірақ жалғыз жүрген бала қандай да бір қиындыққа тап болуы мүмкін. Оның соңы қайғылы оқиғаға ұласса, кім жауап береді? Мамандар 14 жастағы балалардың ішімдік ішіп, көшеде жүретінін де анықтады. Ал әке-шешесі ұлының мұндай қылығынан бейхабар. Сондықтан ата-аналардан ұл-қызын көзден таса қылмай, бала тәрбиесіне салғырттық танытпауды сұраймын, — дейді Б.Қамзина.

Жыл басынан бері кәмелет жасына толмаған балалардың қатысуымен 20 қылмыс тіркелген. Ал жасөспірімдерге қатысты 48 құқықбұзушылық орын
алған.

— Жаз мезгілінде ата-аналар жұмыста болатындықтан үйде қалатын бала қалағанынша телефонға телміреді. Алаяқтардың арбауына түсіп, алданып қалғандар да бар. Әлдебіреулер экранның ар жағынан айлығы жақсы жұмыс ұсынады. Ал балалар оған сеніп, келісім беріп жатады. Кейін қылмыскерлердің қатарына қалай қосылғанын өздері де білмей қалуы мүмкін. Міне, ата-аналар осындайдан балаларын қорғауы үшін оның әрбір әрекетін қатаң бақылауда ұстауы тиіс, — дейді Б.Қамзина.

Мамандар ата-аналардан бала тәрбиесіне бейқамдық танытпауды сұрайды. Ұл-қыздың болашағы бұлыңғыр болмауы
бірінші кезекте әке-шешеге байланысты.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА.