Ақсу қаласындағы 85 жылдық тарихы бар алғашқы қазақ мектебінің қазіргі жағдайы сын көтермейді. Ыбырай Алтынсарин атындағы білім ордасының іші-сыртының әбден тозығы жеткен.
Аталмыш мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Самал Қамзинаның айтуынша, білім беру мекемесінің ғимараты 1974 жылы салынған.
— Содан бері мектептің іші мен сыртына мүлдем күрделі жөндеу жүргізілмеген. Тек 2019 жылы шатыры ғана жөнделген. Жыл сайын сырлау, әктеу сынды ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасаймыз. Десе де, мектебіміздің заманауи талапқа сай болғанын қалаймыз. Жалпы, Ақсу қаласындағы барлық мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Тек біздің білім ордамыз ғана қалыс қалып отыр, — дейді Самал Қамзина.
Қабырғасы қаланғанына жарты ғасыр уақыт болған мектептің сыртындағы сылақтары үгітіліп түсуде. Инженерлік желісі де ескірген. Жертөледегі кәріз жүйесі істен шыққан. Сонымен қатар, мұнда футбол мен волейбол алаңдары атымен жоқ. Мектеп ұжымы осы мәселелерді шешу үшін күрделі жөндеу қажет екенін айтады.
— Білім беру ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін үш жобадан тұратын сметалық құжаттама әзірленіп, дайын тұр. Атап айтқанда, оған мектептің сыртын, ішін және инженерлік желілерін жаңарту мен абаттандыру кіреді. Тек қазынадан қаржы қарастырылса болғаны, — дейді мектеп директорының орынбасары. Бұл бағыттағы жұмыстарға 1,2 миллиард теңге қажет деп жоспарлануда.
Жақында жарты ғасырлық тарихы бар білім шаңырағының жағдайымен аймақ басшысы Асайын Байханов та таныс болды.
Облыстық білім беру басқар-масының басшысы Самал Айтқазинаның айтуынша, жалпы өңірдегі мектептерді жөндеуге бюджеттен 7 миллиард теңге бөлінеді. Ал осындай бір мектепке 1 миллиард теңге жұмсалса, өзге білім беру нысандарын жөндеуге қаражат жетпей қалатыны да сөз болды. Нәтижесінде, облыс әкімі бұл мектепті келесі жылы ERG компаниясымен меморандум аясында жөндеу бойынша ұсыныс енгізуді тапсырды. Сондай-ақ, ол қандай жағдай болса да мектепті қалпына келтірудің бір амалы табылатынын тілге тиек етті. Мектеп ұжымы да жақсылықтан үміттеніп отырғандарын алға тартты.
Қуантарлығы, қазақ мекте-бінің халі нашарлау болғанымен, шәкірттерінің жетістігі толағай екенін атап өткен жөн.
— Өткен оқу жылында мектепті 1 311 оқушы аяқтады. Оқушылардың жетістіктері өте көп. Мәселен, 11-сынып түлек-терінің грантқа түсу сапасы 93 пайызды құрайды. Биыл 35 бала мектеп бітірді. Оның екеуі шетелге оқуға түссе, 23 түлек мемлекеттік білім грантын иеленді. Әлі де әкім, ректор грантына құжат тапсырып жатқандар бар. Жалпы, мектеп үш жыл қатарынан қомақты жетістікке жетті. Өткен оқу жылында оқушыларымыз облыстық сайыстардан 28, республикадан 2 және халықаралық білім сайыстарынан тағы да 2 жүлделі орын алды, — дейді Самал Қамзина.
Осындай жетістігі мол, тарихы терең қазақ мектебіне қолдау да, жөндеу де қажет.
Нұржайна ШОДЫР.