Франция астанасы – Париж қаласының төрінде екі аптаға жалғасқан Олимпиада ойындары өз мәресіне жетті. Төртжылдықтың басты бәсекесінде қазақстандық спортшылар барлығы 7 медаль олжалап, ұлттық құрама турнирлік кестеде 43-орынға тұрақтады. Шыны керек, жанкүйерлердің дені ел намысын қорғауға аттанған оғландардан бұдан да жоғары нәтиже күткен еді. Алайда…
Жетістік
Франция араға тура бір ғасыр салып қайтадан олимпиада ойындарын қабылдады. 1924 жылы мұнда VIII Олимпиада ойындары өтсе, бұл жолы XXXІІІ Олимпиаданың жалауы желбіреді. Бұл жолғы дүбірлі дода бірқатар ерекшелігімен есте қалды. Айталық, жарыстың ашылу салтанатында спортшылар әдеттегідей стадионда жүріп өткен жоқ. 200-ден астам елден жиналған сайыпқырандар мен мемлекеттердің делегациясы қайықтарға отырып, Сена өзенімен 6 шақырымды жүріп өтіп, атақты Трокадеро алаңында жиналды.
Олардың қатарында біздің елден аттанған 80 спортшы да бар. Алайда екі бірдей теннисші – Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева Олимпиада басталмай-ақ денсаулығы сыр бергенін алға тартып, жарыс жолынан шығып қалды. Ал өзге спортшылар ел намысын қолдан бермес үшін барын салды.
Төртжылдықтың басты бәсекесінің алғашқы күні-ақ ел қоржынына Олимпиаданың алғашқы жүлдесін салған нысана көздеушілер – Александра Ле мен Ислам Сәтбаевтың қола медальдары жанкүйерлер қауымын шаттандырғаны рас. Ізін шала 60 келі салмақ дәрежесінде дзюдошы Елдос Сметовтің қарсылас шақ келтірмей, алтын медаль иегері атануы қуанышты тіпті еселей түсті. Жеңіс тұғырына көтерілген спортшымыздың құрметіне Әнұран шырқалып, көк байрағымыз бәрінен биік тұрғанда жүрегі елжіремеген қазақ жоқ шығар, сірә?! Ол – дзюдошылар арасында қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы. Бұл жетістігімен елдің мерейін асырды. Спортсүйер қауым да бөркін аспанға атып, шын қуанды.
Дәл осы спорт түрінен Ғұсман Қырғызбаевтың қол жеткізген қоласы да алтынға бергісіз. Тартысты өткен белдесулерде мықты жігер мен қайрат көрсете білген дзюдошы мықты қарсыластарынан жүлдені жұлып алды. Сөйтіп, Қазақ елінің қанжығасына тағы бір медаль байлады.
Өкінішке қарай, әр Олимпиада ойындары кезінде жұртшылықтың басты назарын аудартатын бокс бәсекесі біз үшін сәтсіз өрілді. Ұлттық құраманың капитаны, жарыстың ашылу салтанатында Туымызды көтеріп шыққан Асланбек Шымбергенов, ауыр салмақта бірнеше жыл бойы қатарынан ел намысын қорғап жүрген Қамшыбек Қоңқабаевтар алғашқы айналымнан-ақ сүрінді. Әлем, Азия чемпиондары Махмұд Сабырхан, Сәкен Бибосыновтардың да жолы болмады. Барлығы сегіз боксшымыз сәтсіз өнер көрсетті. Бұған дейін кемінде бір салмақ дәрежесінде алтыннан алқа тағып, ол аздай ең үздік техника үшін берілетін Вэл Баркер кубогын иеленіп жүрсек, биылғы Олимпиадада бір күміс және бір қола медальді ғана місе тұттық. Ерлер арасында 80 келі салмақ дәрежесінде қолғап түйістірген Нұрбек Оралбай жеңіс тұғырының екінші сатысына көтерілсе, қыздар арасындағы бәсекеде 50 келі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шыққан Назым Қызайбай қола медаль еншіледі. Бұл жүлделердің өзі қазақ еліне оңай келген жоқ. Оған қол жеткізу үшін қос бірдей боксшымызға әлемнің түкпір-түкпірінен келген мықты спортшыларды айналып өтуге тура келді.
Грек-рим күресінен Демеу Жадыраев та күміс жүлдегер атанды. Азулы қарсыластарынан айласын асырып, балуандарды боз кілемде алып жыққанымен ақтық сында сүрінді. Сөйтіп, екінші орынға ие болды. Ал Нариман Құрбанов спорттық гимнастикадан тарихтың жаңа парағын ашты. Ол – тәуелсіз ел тарихында аталмыш спорт түрінен Олимпиада жүлдегері атанған алғашқы спортшымыз. Осылайша, Парижден қазақстандықтар жеті жүлдемен оралды.
Спортшылар елге келе сала жанкүйерлер аяғын жерге тигізбей, құрмет-қошеметпен қарсы алды. Әкімдіктер, спорт федерациялары, кәсіпкер-меценаттар түрлі сый-сияпат жасап, көлік, пәтерлерді тарту етіп жатыр. Сонымен қатар, заңға сәйкес, мемлекеттік қазынадан жүлдегерлерге қомақты қаржы төленеді. Атап айтқанда, алтын медаль алған спортшыларға 250 мың доллар, күміс үшін 150 мың, қола жүлде иегерлеріне 75 мың доллар сыйақы қарастырылған.
4, 5 және 6-орын иегерлеріне де 30, 10 және 5 мың доллар беріледі. Сонымен, Елдос Сметов – 250 мың доллар, Нариман Құрбанов, Демеу Жадыраев, Нұрбек Оралбай 150 мың доллар, Александра Ле мен Ислам Сәтбаевтың әрқайсысы, Назым Қызайбай мен Ғұсман Қырғызбаев 75 мың доллар алады. Спорттық гимнастикадан бесінші орынға тұрақтаған Милад Карими, дзюдошы Абиба Әбужақынова, құзға өрмелеуден бесінші орын алған Әмір Маймұратов, боксшылар — Айбек Оралбай, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Сәкен Бибосыновқа 10 мың доллардан төленеді. Жекелеген сында сайысқа түсіп, алтыншы орын алған Александра Ле, семсерлесуден Қазақстан құрамасының спортшылары — Руслан Құрбанов, Эльмир Әлімжанов, Вадим Шарламов, Ерлік Сертай 5 мың доллардан алады.
Жалпы, биылғы Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан спортшыларға 1 миллион 85 мың доллар, яғни 477 миллион теңге төлейді.
Әттеген-ай…
Бұл жолы Ұлттық құрама Токио-дағы олимпиаданың нәтижесін сәл де болса жақсартты. 2021 жылы Жапония астанасында өткен жарыста ел спортшылары 8 қола алса, бұл жолы алтын да, күміс те бұйырды. Дей тұрғанмен, көршілес мемлекеттермен салыстырғанда жағдайдың мәз емес екенін байқаймыз. Мысалы, Өзбекстан басқасын былай қойғанда бокстың өзінен бес бірдей алтын жүлдені қоржынға салды. Барлығы 8 алтын медаль еншіледі. Біздің спортшылардың нәтижесін осы елдің жетістігімен салыстырып жатқандар көп.
Ал біз ше? Бір кездері ауыр атлетикадан Илья Ильин, Майя Манеза, Зульфия Чиншанло, Светлана Подобедовалар жүлдегер атанса, биылғы Олимпиадада аталмыш спорт түрінен бірде-бір лицензия да иеленген жоқпыз. Төртжылдықтың басты бәсекесіне қосатын спортшылар да болған жоқ.
Белгілі спорт сарапшысы Бек Төлеудің пайымынша, Париждегі бір алтын, үш күміс, үш қола медальмен Қазақстан спорты дамып жатыр деуге келмейді.
– Жүлделердің сапасы жағынан Токио олимпиадасындағы көрсет-кіштен ғана озып тұрмыз. Ел спортында прогресс байқалмайды. 2000 жылғы Сидней олимпиадасындағы үш алтын алған көрсеткішті дұрыстап жаңарта алмай жүрміз. Париж олимпиадасында жүлде алады деген балуан Азамат Дәулетбеков, боксшылар Сәкен Бибосынов, Асланбек Шымбергенов, Махмұд Сабырхан жүлдесіз қалды. Демек, жүйелі мәселе бар, сол мәселені анықтап, шешу керек. Бұған қоса Кения, Ресейден шақырған он шақты спортшыдан ешкім медаль алмады. Шетелден спортшы шақыруға кеткен ақша да ақталмады, – деді ол.
Иә, жүлде күткен жанкүйерлердің ішінде қынжылыс бары сезіледі. Кей спортшыларға артылған сенім мен үміттің ақталмағаны тағы бар. Дей тұрғанмен, Олимпиада мықтылардың ғана бәсекесі екенін де естен шығармауымыз керек. Мұндағы қарсыластармен шеберлік байқасу үшін біздің спортшыларға тыңғылықты жаттығу, дайындықпен қатар ерік-жігер, ішкі рух қажет. Қалай болғанда да, төрткіл әлем көз тіккен, төрт жылда бір келетін сайыс осымен тәмам. Ендігі міндет – 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін кезекті Олимпиадаға жаңа серпін, жаңа күшпен дайындалу.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.