Photo Valeriy BUGAYEV

Аймақ басшысы Асайын Байханов өңірдің құрылыс және салық саласының мамандарнын марапаттады. 

Облыс әкімі Асайын Байханов құрылысшылармен кездесуде  аймағымызда сәтті жүзеге асқан ірі жоба ретінде «Сарыарқа» шағын ауданы құрылысын атап өтті. Бұл жоба 10 жылға созылып, нәтижесінде 3,5 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Сондай-ақ, су тасқыны кезінде зардап шеккен Жалаулы ауылының тұрғындары үшін жедел түрде салынған жаңа үйлердің құрылысын еске салды.

— Алда жаңа маңызды жобалар бар. Облыс орталығында 1800 орындық екі «Жайлы мектеп» бой көтеруде. Жаңа оқу жылының басында Павлодарда «Алтын сақа» инновациялық шығармашылық орталығы және Екібастұзда «Самғау» балалар шығармашылық орталығы ашылады. Облыстың ауылдық аймақтарында 30 медициналық нысан салынуда. Сондай-ақ, Екібастұздағы «Шахтер» саябағын жаңарту және Ақсуда Мұз сарайының құрылысы қарқынды  жүргізілуде, — деді аймақ басшысы.

Әкім құрылыс саласы өңірдің де, тұтастай алғанда елдің де экономикалық және әлеуметтік дамуының негізгі драйвері екенін, құрылысшылар кәсібінің маңыздылығын атап өтті.

Кездесу барысында бірқатар құрылысшыға жоғары мемлекеттік наградалар табысталды. «Парасат» орденімен «Стальмонтаж» ЖШС бас директоры Александр Терентьев, «Құрмет» орденімен «ҚазСтройСервис-7» ЖШС басшысы Талғат Магрупов, «ДАНиЕР» өндірістік сауда-құрылыс фирмасы» ЖШС  директоры Нұрлан Нұрмағамбетов және «ГСУ «Құрылыс» ЖШС директоры Нұрлан Темірболатов марапатталды.

Сонымен қатар, кеше облыс әкімі Асайын Байханов мемлекеттік кірістер органдарының құрыл-
ғанына 10 жыл толуына орай саланың үздік қызметкерлерін құттықтады.

Аймақ басшысы аталмыш сала елдің тұрақтылығын айқындайтын негізгі құрылымдардың бірі екенін атап өтті.

— Салықтардың уақытылы түсуі ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуын қамтамасыз етіп, білім беру мен денсаулық сақтау салаларының жаңа нысандарын салуға мүмкіндік берді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық міндеттерін табысты шешу сіздердің жоғары кәсібиліктеріңіз бен істеріңізге деген жауапкершіліктеріңіздің арқасында мүмкін болды, — деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы айтулы күнге орай бірнеше қызмет-керді Құрмет грамотасымен, Алғыс хатпен және «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапаттады. Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.

 

Облыс әкімінің  баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев