Орталық жағалау — Павлодар қаласының қонақтары мен тұрғындары жиі баратын негізгі демалыс аймағы. Әсіресе, сенбі-жексенбі күндері мұнда демалатын адам санында шек болмайды. Жағажай аумағы суға  шомылатын адамдарға толып, «Ertis Promenade» сахнасында өнер көрсететін өнерпаздардың өнерін тамашалауға келушілердің қатары көп болады. Сондықтан жұртшылық жиі жиналатын орында тыныштық пен қауіпсіздіктің сақталуы маңызды.

Орталық жағалауда қоғамдық тәртіпті күзетуде арнайы полиция бекеті жұмыс істейді. Ондағы тәртіп сақшылары ауысым бойынша қызмет етіп, тұрғын-дарға күні-түні қызмет көрсетеді.

Облыстық полиция департа-ментінің полиция лейтенанты Нариман Шотаманов пен полицияның аға лейтенанты Саят Ахметов бір ауысымда қызмет атқарады. Екеуі орталық жағалаудың тыныштығына, демалып жүрген тұрғындардың қауіпсіздігіне жауап береді.

Полиция бекетінде тәртіп сақшылары үшін арнайы бейне-бақылау камерасы орнатылған. Онда жағалаудың әр бұрышындағы оқиғаны анық көруге болады. Тіпті, жол ережесін сақтамаған жүргізушілердің әрекеті де таспаға басылады.

— Орталық жағалаудағы тұрғындармен жолығып, профи-лактикалық әңгіме жүргіземіз. Яғни, суға шомылу кезінде арнайы белгіден аспауға, ішімдік қолданбауға, балаларды қараусыз қалдырмау жөнінде кеңес беріледі. Жұртшылықтың жоғалған заттарын, кісінің көптігінен ата-анасынан ажырап қалған балаларды әке-шешесімен қауыштырамыз. Шомылу айдынында төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері жұмыс істейді. Тұрғындарға жағадағы құтқарушыларсыз суға түсуге рұқсат бермейміз. Егер бейнебақылаудан адамдардың суға кеткен жағдайын көрсек, бірден дабыл береміз. Құтқарушылар дереу көмек көрсетеді, — дейді Нариман Шотаманов.

Полиция бекетіндегі тәртіп сақшыларының қызметі таңғы сағат 8.00-де басталып, кешкі сағат  20.00-де аяқталады. Жұмыс уақыты аяқталған кезде екінші ауысымдағы қызметкерлер міндетіне кірісіп, таңға дейін тыныштықты күзетеді. Осылайша, полиция бекеті тәулік бойы жұмыс істейді.

Орталық жағалаудағы полиция бекеті 5 жыл көлемінде жұмыс істеп келеді. Полицейлердің жұмысы жағалауды аралаудан басталады. Сонымен қатар, халық арасында қауіпсіздік ережесін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын  жүргізеді.

— Сенбі-жексенбі күндері күшейтілген режимде жұмыс істейміз. Жағажайда демалушылар өте көп болады. Сонымен қатар, «Ertis Promenade» сахнасына мыңдаған адам жиналады. Мұндай кезде полиция бөлімшелерінен учаскелік инспекторлар да жұмылдырылады. Халық көп жиналғанда ұялы телефонын, сөмкесін жоғалтып алатын адамдар тіркеледі. Бейнебақылау құрылғысының көмегімен жоғал-
ған заттарды тауып, иесіне қайтарамыз. Ал жол ережесін бұзғандарды құрылғы арқылы көрсек, рацияның көмегімен жол полициясына хабарлаймыз, — дейді Нариман Серікұлы.

Жақында полицейлер «Ertis Promenade» сахнасында өткен концерт кезінде жоғалып кеткен баланы 10 минуттың ішінде тауып, анасымен қауыштырған.

Полицияның аға лейтенанты Саят Ахметов полиция бекеті жұмыс істегелі орталық жағалауда демалатын халық арасында құқықбұзушылық әрекеті азайғанын айтады.

— Қазір халықпен жұмыс істеу жеңіл. Олар бейнебақылау құрылғысы жұмыс істейтінін біледі. Сондықтан тәртіпсіздікке бармайды. Көп жағдайда ішімдік ішетін адамдарды кездестіреміз. Оларға ескерту береміз немесе айықтырғыш орнына орналас-тырамыз. Бірақ тұрғындар бұрынғыдай ұрлық-қарлық, қарақ-шылық сынды әдеттерге жиі бармайды. Тазалық мәдениетін де сақтауға тырысады, — дейді Саят Ахметов.

Тәулік бойы тұрғындардың тыныштығын күзететін қырағы полицейлердің қызметіне сәттілік тілейміз.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.