Облыс орталығы түрлі бағамдауларға қарамастан республикадағы «ақылды» қалалар рейтингінің көшін бастауға бейілді. Бұл мақсатта «SmartCity Pavlodar» жобасы жүзеге аспақ.

Жақында облыс әкімі Асайын Байханов пен «Қазақтелеком» АҚ төрағасы Бағдат Мусин өңірде цифрландыру жобасын іске асыру тетіктерін талқылады. Бұл ретте «SmartCity Pavlodar» жобасы қолға алынбақ. Оның мақсаты – «ақылды» қала болу үшін негіз құру, сондай-ақ, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Аталмыш жобаның бір бағыты әлеуметтік нысандарды бейнебақылау камераларымен қамтуды көздейді. Атап айтқанда, мұндай мекемелерде 5567 бейнебақылау камерасы және өңірдегі елуден астам мектепте қолжетімділікті бақылау жүйелері орнатылады. Бұл жабдықты полиция департаментінің жедел басқару орталығы және облыс әкімдігінің ахуалдық-талдау орталығы 1 қыркүйекке дейін қосуды жоспарлап отыр. Келесі кезеңде жолдарда тағы 106 камера мен 37 саябақта, скверде, Павлодардың саяжай алаптарында 131 бейнебақылау камерасы орнатылады. Облыс әкімдігі мен «Қазақтелеком» АҚ «ақылды» технологияларды енгізу бойынша бірлескен жұмысты одан ары арттыруға ниетті.

 

Өз тілшіміз.