Өкінішке қарай, соңғы жылдары дамуында ауытқуы бар бала саны артуда. Осыған орай ҚР Оқу-ағарту министрлігі, облыс әкімдігі және «Дара» қоры мен «Шеврон» компаниясының қолдауымен Павлодар қаласында алғаш рет ерте жастан қолдау қызметі іске қосылды.
Павлодар ауданы психологиялық-педагогикалық түзеу орталығы базасында ашылған кабинетке жөндеу жұмыстары жүргізіліп, барлық қажетті құрал-жабдық сатып алынды. Бұл бағыттағы жұмыстарға демеуші компания мен қор көмек көрсетті. Енді мұндағы білікті мамандар 0-3 жас аралығындағы түрлі ауытқуы бар балғындардың функционалдық қабілетін дамытып, олардың ата-аналарымен де қоян-қолтық жұмыс жасайтын болады.
Аталмыш кабинетінің басшысы Айжан Успанованың сөзіне қарағанда, ерте қолдау қызметіне
3 жасқа дейінгі дамуы ерекше балалары бар отбасылар келіп, тиісті көмек ала алады.
– Негізі, 3 жасқа дейін баланың танымдық дағдылары қалыптасады. Демек, қалыпты дамып келе жатқан сәбилер айналасын, қоршаған ортаны танып-біліп, сөйлеу, жүру, жүгіру сынды іс-әрекеттерді жасауы қажет. Бірақ дамуында ақауы бар балалар қатарынан қалып қояды. Оларды неғұрлым ертерек анықтап, көмек көрсеткен жөн. Сонда ғана жақсы нәтижеге қол жеткізуге мол мүмкіндік бар. Біздің арнайы оқытылған мамандарымыз осы бағытта жұмыс істейді. Олар сондай-ақ, ата-анамен де тікелей байланыс орнатып, сәбиге қалай дұрыс қарау керектігін үйретеді, әдіс-тәсілдерімен бөліседі, — дейді Айжан Успанова.
Атап өтерлігі, бұған дейін мұндай кабинет Өскемен, Атырау қала-ларында ашылған. Үшінші болып Павлодар қаласында қызмет көрсетуде.
– Осы қызмет түрі арқылы баланың бойындағы түрлі бұзушылықтарды анықтап, оны түзету және осындай баласы бар отбасыларын қолдауға мүмкіндік бар. Яғни, балғынның дамудағы ауытқуларды азайтып, қатарынан қалмай мектепке баруына, қоршаған ортаға бейімделуіне көмектесеміз, – деді «Дара» қорының менеджері Айгүл Табергенова. Оның айтуынша, болашақта елімізде осындай 17 ерте жастан қолдау қызметі ашылады деп жоспарлануда.
Аталмыш көмекті алу үшін ата-ана психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің (ПМПК) қорытындысын алып, Павлодар қаласындағы Семенченко көшесі, 70 үй мекенжайындағы
№26 мектептің аумағын-дағы ерте қолдау қызметіне барып, тіркеле алады.
Н.АҚЫТЕГІ.