Облыс орталығында жолаушыларды тасымалдайтын автобустар жаңармақ. Қоғамдық көліктерді жаңарту мақсатында «Павлодар автокомбинаты» ЖШС мен Павлодар қаласының әкімдігі арасында меморандумға қол қойылды.

Павлодар қаласы әкімдігінің мәліметінше, жаңа автобустар алты бағытта тұрғындарды тасымалдайды. Мұндай меморандумға қол қоюды облыс әкімі тапсырған. Енді тасымалдаушы фирма алдағы уақытта жоғары класты 20 автобус сатып алады. Оның бір бөлігін биыл жыл соңына дейін әкелу жоспарланып отыр. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін тағы 15 данасы алынады. Жаңа көліктер №1, 1Э, 2, 9, 18, 27 бағыттарда жолаушыларға қызмет көрсетеді.

Естеріңізде болар, бұған дейін аталған маршруттарда жүретін автобустардың сапасына, тазалығына, жүру интер-валының алшақтығына байланысты тұрғындардан шағымдар жиілеген. Бұл жағдай Павлодар қалалық мәслихатының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында талқыланды. Халық қалаулылары ахуал бір күнде қалыптаспағанын, тым болмағанда тазалықты қамту мүмкін екендігін ескерткен еді. Аталған бағыттарда жолаушылар ағынының да жаман еместігі айтылды. Сол жиында Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Әнуарбек Аманов комбинаттың коммерциялық кәсіпорын екенін басшысының есіне салды. Кәсіпорын да автопаркты жаңартуға қаржы салуы қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, №9, 27 маршруттарда жолаушылар ағыны айтарлықтай көп екенін, сәйкесінше, жаңа автобустардың құнының өтелуі жылдам болатынын да мәлім етті.

Депутаттар шартта көрсетілген талаптардың қаперге алынбағанын алға тартқан еді. Жан-жақты талдау жүргізіліп, айтылған ескертулерді кәсіпорын басшылығы жоятынын, жолаушылар тасымалы қызметінің сапасын жақсарту мақсатында келісімшарттық міндеттемелерін орындайтынын уәде еткен еді.

Г.ТҮГЕЛБАЙ.